Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлектері кездесті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерейлі шара университеттің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Оған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, облыс әкімі Серік Үмбетов пен басқа да елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Біздің университет жыл сайын агроөнеркәсіп саласында білікті мамандар даярлап келеді. Университетіміз елімізге жаңалық ретінде еніп жатқан аграрлық қатынастарды қалыптастырудың кешенді мәселелерін түбегейлі шешу міндетімен айналысып келеді. Биыл Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 80 жыл толып отыр. Сіздерді осы үлкен мерейтойда бас қосуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын», деді университет ректоры Тілектес Есполов.
ҚазҰАУ Қазақстандағы байырғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік және Қазақ ауылшаруашылық институттарының бірігуі негізінде 1996 жылы құрылған болатын. 2001 жылғы 5-ші шілдеде Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық университет мәртебесіне ие болды. Қазір университетте 7 факультет, 39 кафедра бар. Онда елімізге танымал 610 ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейді.
«Мен осы университетте 1969-1974 жылдары ветеринар-дәрігер мамандығы бойынша оқыған түлегімін. Ол кезде Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты деп аталатын еді. Бүгінгі жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл мерекеге өте қуаныштымын. Бәрі де ыстық, студент шағымыз қайта еске түсіп жатыр. Мұнан кейін де университетіміз дами берсін, елімізге жақсы кадрлар даярлай берсін деп тілеймін», дейді осы тойға арнайы келген Оңтүстік Қазақстан олыстық ветеринариялық зертханасының директоры Қамбарбек Өтемісов.
Шара барысында түлектер мен оқытушылардың, студенттердің және ҚР Қорғаныс министрлігінен «Ең үздік кафедра» атағын алған әскери кафедраның офицерлері мен курсанттарының салтанатты шеруі болды. Сонымен қатар университеттің 500 студенті ұлттық «Қара жорға» биін биледі. 9 мың адам қатысқан бұл мереке Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер, Нағима Есқалиева және басқа танымал әншілердің шоу-концертімен аяқталды.