«Қазақ университетінің әлемдік мерейі» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінде « Қазақ университетінің әлемдік мерейі» атты мақала берілген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлем университеттері консорциумының (WUC) толыққанды мүшесіне айналды. Еліміздің білім беру саласының мойындалған көшбасшысы өзінің жоғары беделі мен халықаралық талаптарға сай дәрежесін тағы бір дәлелдеді.
Әлем университеттері консорциумы ғаламның жетекші ЖОО-лары мен ғылым мен білім беру саласындағы халықаралық ұйымдарды біріктіреді. Оның міндеті адамзаттың маңызды мәселелерін шешудегі университеттердің рөлін арттыру, қолжетімді және сапалы білімді жан-жақты қолдау, білім беру жүйелерін жетілдіру болып табылады. Әсіресе, студенттер әлеуетін арттыруға, олардың теориядан алған білімдерін іс жүзінде қолдануына ерекше көңіл бөлінеді. Айта кетерлігі, әр мемлекеттен тек бір ғана университет осы консорциумға мүше бола алады.
Бас басылымда «Адасқан қыздар құм арасынан табылды» деген мақала жарияланды. Қаңтар айының қысқа күнінің бірінде Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылдық округі әкімдігіне шалғайдағы қыстақтан екі қыздың адасып кеткені туралы шұғыл хабар түсті. Округ әкіміне хабар беріледі. Ол хабарды алысымен жолға шығады. Жер жағдайына жетік ауыл әкімі С.Ғұбашев құмнан кісі іздеу шөп арасынан ине іздеумен бірдей екенін ескеріп, шұғыл құмға жүре алатын төрт көлікпен оқиға орнына жетеді. «Бұл кезде сағаттың тілі түнгі он екіден асып кеткен еді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде оттың алыстан көрінетінін ескерген ауыл әкімі тайланған шөпті биік шоқа үстіне шығарып жағып айнала көлік жарығын түсіріп отыруды қажет деп табады. Сөйтіп, төрт көлік осылайша із кесіп, құм арасын шарлауға кіріседі. Қысқасы, келесі күнге ауысқан сағат түнгі екі шамасында он үш сағат бойы далада адасқан екі қыз аман-есен табылады»,-деп жазады басылым.
***
Елбасының сұңғыла саясатының арқасында бірінші рет Алаш баласының жүріп өткен тарихы - ел болып, етек түріп, шаңырақ құрған хандық дәуіріміздің 550 жылдығы аталып өтпек. Дайындық сан-салалы өрбуде. «Жөн-ақ. Бірақ бір ақиқат дүние, қарға тамырлы қазақтың бұл ұлы жіңгір тойы өтеді, кетеді. Ас ішілер, бас мүжілер, бәйге шауып, балуан күресер, ескерткіштер ашылып, ғылыми басқосулар өтер, қазақтың терең тамырынан сыр суыртпақтаған біраз шығармалар жазылар. Дұрыс, керек бәрі. Дегенмен, мұның бәрі өткінші. Елдің есінде қалар, болашақ ұрпақ «мен кіммін, тегім кім, қайдан шықтым?» деп толғанғанда, «мынау менің ата-бабамның жүріп өткен жолы» деп қарайтын һәм содан рух алатын бір дүние бар. Ол - бабалар тарихын көркем фильм етіп сөйлету. Өзіміз білетін түрік, кәріс, қытай, жапон ата тарихын экран тілімен әспеттеуде»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Бұл жайында «Көшпенділер» фильмінде кеткен қателік бұл жолы қайталанбауы тиіс» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Отандық көліктің обалы кімге?» деген мақала жарияланды. «Бірақ тұрғындардың отандық көлікті жанына жақын қабылдамайтыны ойға қалдырады. Оған басты себеп - бас ауыртар бағасы. Баға барлық мәселені шешеді. Екінші мәселе - көліктің көркі мен сан соқтырмайтын сапасы. Баға мен сапа туралы айтқанда, әңгіменің ашығы сырттан келетін темір тұлпарлардың ескілеу болса да оңайлықпен сыр бермейтіні таңғалдырады. «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» демекші, қалтасына сай көлікті сырттан іздейтіндердің сыры осында», - деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» басылымының жазуынша, Қазақстандықтар соңғы кездері Орынбор қаласына жиі баратын болды. Себебі рубль бағамының құлдырауына байланысты көрші елден тауар тасымалдау тиімдірек. Экономикалық құбылыстар салдарынан шын мәнінде орынборлықтар қалай тұрып жатыр және осы қиындықтар олардың тұрмыстық жағдайына қалайша әсер етуде? «Жергілікті газеттерді оқитын болсақ, олар экономикалық проблемалар жайында жызып жүрген жоқ. Мүмкін бұл ел жаңажылдық мерекелік күндерден кейін әлі де есін жинай алмай жүр ме?» - деп жазады мақала авторы. Қазақстанмен шекаралас орналасқан РФ-тің осы өңірінің қазіргі ахуалы «Почем шопинг для народа» атты мақалада толық берілген.