Қазақ ұшағы Еуропа көгінде самғайтын күн таяу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есте болса осыдан 5 жылға жуық уақыт бұрын еліміздің «Air Astana» мен «Berkut Air»-ден басқа барлық әуе компаниясы еуропалық авиациялық талаптарға сай келмегендіктен Еуропалық комиссияның «қара тізіміне» еніп кеткен болатын. Яғни, оларға Еуропа елдерінің әуе кеңістігінде ұшуға үзілді-кесілді тыйым салынған-ды.

Қазақ ұшағы Еуропа көгінде самғайтын күн таяу

Ал бұл тізімнен әупірімдеп аман қалған екі компаниямыз да «сыйсыз» қалған жоқ. Олар «сұр тізімге» енгізіліп, Еуропада ұшу ережесін регламенттейтін әуе бағдарлары туралы көлбеу келісім еуропалық елдер арасында жасалғанға дейін келісімге келген мемлекеттерге ғана бара алатын еді. Міне, сол кезеңнен бері қазақстандық компанияларды аталған «қара әрі сұр тізімнен» шығаруға бағытталған жұмыстар бір тынған жоқ. Өкінішке орай жарытымды нәтижеден де ада болып отыр. Мәселен, еліміздің ең басты әуе компаниясына айналған «Air Astana» сол 2009 жылдың өзінде-ақ ИКАО-ның кезекті аудиті барысында желкеге мінген шектеуден арылуға үміттенген-ді. Үміт ақталмады, әлі де Еуропа елдерін толығымен шарлап, әуе кеңістіктерінде самғауға келгенде «Air Astana»-ның қанаты қайырулы. Тек алдағы күнге үмітпен қарайды. Сол үміт биылғы жылы ақталатын да сияқты. Оған себеп, бүгін еліміздің Министрлер кабинеті мүшелерін Үкімет үйіне жиған Премьер-Министр Серік Ахметов азаматтық авиацияның жағдайы мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқыға салды. «Мемлекет басшысы бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Еліміздегі көлік-логистикалық жүйенің тиімділігі азаматтық авиацияның дамуына тікелей байланысты», - деп атап өткен Үкімет басшысы сөз кезегін негізгі баяндамашы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевке берді.

Министрдің атап өтуінше, ағымдағы жылдың басынан Қазақстанда әуе қозғалысына қызмет көрсету және ұшуды қамтамасыз етуші радиотехникалық жабдықтарды пайдалануды іске асыратын қызметтерді сертификаттау ережесін енгізіліп, әуежайларды басқарудың бірыңғай операторы, Халықаралық азаматтық авиация (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқыту орталығы құрылды. Бұдан бөлек өткен жылдың қаңтарынан Техникалық ынтымақтастық бюросының сарапшыларымен Қазақстанның авиация саласына қажетті кеңестік қолдау көрсетілуде. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 2009 жылғы ИКАО аудитінің ескертпелерін жою аясында Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы еліміздің қолданыстағы заңнамасына 80 түзету енгізілді, оның 69 ұшу қауіпсіздігін арттыру мәселелерін қамтиды. «Одан тыс ИКАО инспекторларымен бірге 60 әуе компанияларының тексерісі өткізілді, нәтижесінде ел бойынша 8 сертификат кері қайтарылды, 4 әуе компанияның қызметі тоқтатылды. Осылайша бүгінгі күні елімізде қолданыста 48 эксплуатант бар»,- деген А.Жұмағалиев саланың өсіп-өркендеуіне жауапты Азаматтық авиация комитеті толығымен 65 білікті маманмен, оның ішінде 40 мемлекеттік инспектормен жасақталғанын атап өтті.

Ал ИКАО техникалық ынтымақтастық бюросының жетекшісі Орлин Тончев өз сөзінде осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстар жайында есеп беріп, Қазақстан әуе компанияларының неліктен «қара және сұр тізімге» енгізілгендігін жан-жақты түсіндіруге тырысты. «Проблема неден туындап отырғандығын анықтауға бағытталған зор жұмыс жүргізілді. Мемлекеттік органдар азаматтық авиация субъектілерін сертификаттау және қадағалау бойынша ИКАО-ның талаптары мен стандарттарын орындамай келген. Сондықтан да басты мәселе мемлекеттік органдарды нығайту болды. Міне осы шараларға барлық күш-жігер жұмсалды», - деді ол.

Сонымен қатар О.Тончевтің атап өтуінше, Қазақстан әуе компанияларын «сұр тізімнен» шығаруға бағытталған жұмыстар әлі толығымен аяқталған жоқ. Өйткені, тағайындалған инспекторлар халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес барлық дайындық курстарынан өтуі тиіс. Дегенмен олардың теориялық дайындықтары толығымен аяқталып, жұмыс жағдайында машықтану шараларын жүргізуде. «Мұны біздер жүргізіп жатырмыз әрі бұл үдеріс таяу 1-2 айдың ішінде аяқталуы тиісті. Біздің есептеулеріміз штат санын тағы да ұлғайту қажеттігін көрсетіп отыр. 2014 жылы ішкі резерв есебінен 10 инспектор қосылады. Бұл аса қажетті шара», - деді О.Тончев.

Жиын барысында сондай-ақ «Air Astana», «Скат» әуе компанияларының басшылары сөз алып, алдағы уақытта атқарар жұмыстарымен бөлісті. Мәселен, «Air Astana» вице-президенті Ербол Оспановтың атап өтуінше, биыл компания судай жаңа 6 заманауи ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Оның бірі «Boeing 767», екеуі «Embraer 190», ал үшеуі «Airbus 320» ұшақтары.

Айтпақшы, Е.Оспановтан Премьер-Миинстр Астана мен Париж арасын жалғайтын тікелей әуе бағдарының қашан ашылатындығын да сұрап қалды. Өйткені, есте болса, 2011 жылдың өзінде-ақ еліміздің сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Францияға сапары барысында Астана мен Париж арасында әуе қатынасын жолға қоюға бағытталған хаттаманы рәсімдеп қайтқан болатын. Ал бұл құжат екі ел астаналары арасындағы тұрақты әуе рейстерінің жолға қойылуына құқықтық негіз болуы тиіс еді. Өкінішке орай содан бері қозғалмаған сеңнің себебін Е.Оспанов түсіндіріп, оған Еуропалық комиссия «сұр тізімінің» кедергі болып отырғандығын атап өтті. «Астана-Париж» бағытындағы әуе рейсіне қатысты айтар болсақ, әзірше ««Air Astana» оны аша алмайды. Өйткені «сұр тізімге» байланысты бізге жаңа жиіліктер мен бағыттарға шектеу қойылған», - деді ол. Дегенмен компания вице-президенті 25-26 наурыз аралығындағы ИКАО өкілдерінің сапары барысында бұл мәселе толығымен шешілетіндігін, ал тұрақты рейс ашуға толық қауқарлы екендіктерін баса айтты.

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы ағымдағы жылы Қазақстанның әуе компаниялары Еуроодақтың әуе кеңістігінде ұшуға шектеу қоятын «сұр тізімінен» шығуы тиістігін баса айтты. «Көлік және коммуникация министрлігіне ИКАО талаптарымен байланысты қосымша туындап отырған барлық мәселелерді таяу арада жоюға тапсырма беремін», - деді С.Ахметов.