Қазақ жастарының 82 пайызы отбасын басты құндылық деп есептейді
Ақтау қаласында ауқымды шара өтіп жатыр. Халықаралық жастар форумының жұмысына жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, Түрікменстан, Иран, Ресей мемлекеттерінің және еліміздің жас мамандары қатысуда.
Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген министр Нұрлан Ермекбаев: «Қазақстан Президентінің өнегелі сөздерінен заманауи жас азамат өмірлік жолы үшін маңызды әрі пайдалы кеңес ала алады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында Елбасы ұлттық тарих пен мәдениетті, дәстүрлерді ұмытпай, заман ағымына сәйкес жылжып, прагматикалық бағытпен дамуға кеңес берді. Осыны назарға қойсаңыз, алға қойған мақсаттарыңызға жетуге болады»,- деп атап өтті.
Нұрлан Ермекбаев жастарға өмірде дұрыс мақсат-міндеттер қойып, пайдалы істермен айналысуға кеңес берді.
«Жастар арманшыл келеді. Бұл өте дұрыс. Біреулер өмірде адамзатты жазылмас дерттен сауықтырсам деп армандайды, біреулер жаңа отын түрімен жұмыс істейтін энергетикалық қондырғы ойлап тапсам деп армандайды, біреулер бизнес империя құрсам деп армандайды. Ал, біреулер ақыретті ойлап, жақындарын уайым-қайғыға салады. Сондықтан, өмірде дұрыс таңдау жасаңдар. Өмір сүруге ұмтылыңдар, армандаңдар, уақытты босқа өткізбей өмірде пайдалы іспен айналасуға ұмтылыңдар. Өздеріңнің парасаттарың мен білімдеріңе, ерік-жігерлеріңе сеніңдер», - деп жастарға кеңес берді министр.
Министр келтірген әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, ел жастарының 82 пайызы «жанұяны», 57,5 пайызы «денсаулықты», 32 пайызы «достықты», 15,8 пайызы «бақытты өмірді», 15,5 пайызы «махаббаты» өмірдегі басты құндылыққа жатқызады екен.
Жастар саясатының мақсаты- жастардың рухани, мәдени тұрғыда жетіліп, білім алуына, кәсіби дамуына мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Мемлекет жастардың өмірлік бағыттары мен олардың әлеуметтік деңгейінің жоғары болуы және мемлекеттің дамуына жастардың өз үлестерін қосуы жолында қажетті жағдайды жасауда»,-деді Нұрлан Ермекбаев.
Сондай-ақ Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жастардың жұмыспен қамтылуы бағытында елімізде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар екендігін айтты. Атап айтқанда «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» ( БЖК 2020) бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Бұдан бөлек, өңірлерде жастардың мемлекеттік бағдарламалар бойынша біліктілігін арттыру бағытында арнайы жұмыс істейтін 208 ресурстық орталықтары бар.