«Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» атты кітап жарық көрді

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесінің ғалымдары дайындаған «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» атты Ұлы Жеңістің тарихына арналған қазақ және орыс тіліндегі кітап жарыққа шықты.
None
None

Бұл жинақта, негізінен, тарихи-құжаттық зерттеу материалдары топтастырылған. Бұл ақпаратты аталған институттан хабарлады.

Еңбекте қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан жалпы үлесі жайында кішігірім өзекті зерттеулер мен тарихи- құжатттық материалдар жинақталып, бес жылдық соғыс тарихының ақтаңдақтарына және де соғыс жылдарындағы халықтың ауыр тұрмыс тауқыметіне шынайы баға берілген.

Тарихи құжаттық зерттеу алғысөз бен қорытындыдан және «Майдан», «Тыл», «Ұлы Отан соғысының ашылмаған беттері» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Кітапта Молотов-Риббентроп пактісін, Ұлыбритания өкіметінің басшысы, сэр Уинстон Черчиллдің, И.В. Сталиннің, В.М. Молотовтың, А. Гитлердің сөйлеген сөздері келтірілген.

Авторлық ұжым қайғылы жылдар оқиғасын зерттеу барысында соғыс қимылдарының, әскери шешуші іс-қимылдардың маңызды тұстарын толық ашуға көмектесетін материалдарды көбірек пайдаланған. Соның ішінде статистикалық материалдар, қатардағы солдаттардың, маршалдардың естеліктері мен күнделіктері, атап айтқанда Б. Момышұлының, М. Ғабдуллиннің, Н. Оңдасыновтың, Ш. Ермағамбетованың, Т.Әшімбаевтың, Ә.Нұршайықовтың, Ж. Қизатовтың, С.Нұрмағамбетовтың, А.Қазақбаевтың, Қ. Қайсеновтың, С.Бекеновтың естеліктері мен пайымдаулары берілген.

Жинақты әзірлеу барысында тарих ғылымының докторы Ж.Қыдыралинаның Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттары және белгілі ғалымдар Д.Махаттың, Т.Қаленованың, С.Мұхамеджанованың, А.Мақыповтың, С Кенжебаевтың, К.Байсеркиннің, К.Ысқақовтың, А.Қашқынбаевтың, Т.Садықовтың, Б. Шарахымбайдың, Т.Батырханның ғылыми зерттеулері, сонымен қатар Б.Аяған мен Х.Әбжановтың жеке мұрағатынан алынған құжаттары жинаққа енгізілген.

Әйгілі қолбасшы, даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы: «Соғыс қазақ халқының тарихын күрт өзгерткен, бұрылыс әкелген, миллиондаған отандастарымыздың арасында өшпес із, жазылмас жара қалдырды. Ұлы Отан соғысы - тек біздің замандастарымызды ғана емес, адамгершілік, игілік сезімдер тұрғысынан болашақты да толғандыратын тақырып», - деп жазғандай, бұл тақырып бүгінгі тарихтың да, болашақтың да күн тәртібінен ешкім де алып тастай алмайтын, ешқандай оқиғалар мен күтпеген жағдайлар әсерін тигізе алмайтын тақырыпқа жатады. Соғыс аяқталғаннан бері арада көп уақыт өтсе де, тақырып қазіргі замандастарымыздың жадын жаңғыртып, сезімдерін толқытады.

Осы тұрғыдан келгенде, Институт ғалымдары ұсынып отырған кітап Отан үшін, болашақ ұрпақтың келешегі үшін құрбан болған асыл ағаларымыздың, апаларымыздың ерлiгiн, отансүйгіштігін қастерлейтін кез-келген бүгінгі жас ұрпақ үшін маңызды жинақ боларына күмән жоқ.

Соңғы жаңалықтар