Қазақ жерінде Амур жолбарыстарын жерсіндіру туралы меморандумға қол қойылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі Голландия павильонында 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігі мен Ресей федерациясының Жабайы табиғаттың бүкіләлемдік қоры Қазақстан жеріне Амур жолбарыстарын жерсіндіруге қатысты меморандумға қол қояды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров хабарлады.

«Бізде 2012 жылдан бері Ресейдегі «Жабайы табиғаттың бүкіләлемдік қорымен» (ЖТБҚ) жолбарысты Қазақстан жеріне жерсіндіруге бағытталған бағдарлама жұмысы талқыланып келеді. Өздеріңіз білетіндей, бұл мәселе БАҚ арқылы бірнеше мәрте көтерілген. 2014 жылдың мамыр айында қазақстандық тарап пен әлемдік сарапшылардың қатысуымен Алматыда семинар ұйымдастырылып, қазақ жерінің қай өңіріне жерсіндіру мәселесі талқыланған еді. Бұл бағдарлама біздің АШМ мен Ресейдің ЖТБҚ-ның серіктестігіндегі тың кезең болмақ. Осы мақсатта «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Голландия павильонында 8 қыркүйекте біз Ресейдегі ЖТБҚ-мен жолбарысты Қазақстан жеріне жерсіндіру бойынша меморандумға қол қойғалы отырмыз», - деді Қайрат Үстеміров.

Комитеттің жауапты қызметкерінің айтуынша, Қазақстан жеріне жолбарысты жерсіндіру жұмысы ұзақ уақытты алады. Серіктестік аясында бағдарламаның бірінші кезеңі 15 жылды қамтып, ерекше қорғалатын аумақ таңдалып алынып, ол аумақтың экологиялық жүйесі ретке келтірілмек.

«2018 жылдың бекітілген бюджеті бойынша, Балқаш өңірінде арнайы резерват құру туралы мәселе шешілді. Халықаралық сарапшылардың ойынша, Тұран жолбарысын Қазақстанда жерсіндіруге мүмкіндік бар. Бірақ Тұран жолбарыстары құрып біткендіктен, оған биологиялық тұрғыда ұқсас Амур жолбарыстарын жерсіндірмекпіз. Десе де, оларды жібермес бұрын Қызыл кітапқа енгізу керек. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру аясындағы ЖТБҚ барлық ғылыми зерттеулерді қаржыландыратын болады», - дейді Қайрат Үстеміров.

Соңғы жаңалықтар