Қазақ жеріндегі мал-мүлікті тәркілеу ашаршылыққа ұрындырды – атыраулық ғалым
– Аққали Қабижанұлы, қазақ халқын ауыр азапқа ұшыратқан ашаршылық қалай басталған?
– Кеңес өкіметіндегі солақай саясаттың кесірінен көшіп-қонып жүрген, жеке мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың тұрмысына күрделі соққы жасалды. Көшпелі халықтарды отырықшылыққа айналдыру, бұл үшін әлділерді тәркілеу ісі қолға алынды. Әлді шаруашылықтарды тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа алып келген жағдайдың алғы шарттарының бірі деп қарастыруға болады.
Ал, 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің «Ірі байлар шаруашылығы мен жартылай феодалдардың шаруашылығын тәркілеу мен жер аудару туралы» декреті қабылданды. Бұл декретке сәйкес байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері отбасымен бірге жер аударылды. Тәркілеу туралы заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байлар мен жартылай феодалдардың қатарына көшпелі аудандарда ірі малы 400-ден асатын, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден асатын, отырықшы жерлерде 150, кейде 100 малы бар сұлтандар мен хандардың ұрпақтары, ел билеген болыстар, атқамінерлер енгізілді. Осы декрет негізінде сол жылдың күзінде қазақ өлкесінде 696 ірі бай мен жартылай феодалдың мал-мүлкі тәркіленіп, зорлықпен тартып алынды. Байларды тәркілеу үлкен зұлымдықпен жүргізілді. Бір өкініштісі, байлардың қатарында солақай саясаттың салдарынан көптеген орта шаруалар қосылып кетіп, тәркілеуге ұшырады.
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қорында Атырау облысымен қатар, басқа да өңірлерде тәркілеудің қалай жүргізілгені туралы құжаттар сақталған. Бұрынғы Гурьев округінде байларды тәркелеу 1928 жылдың 6 қыркүйегінде басталыпты. Округ аумағында ірі байлардың мал, дүние-мүлкін тәркілеу мақсатында құрамында 5 мүшесі бар округтік комиссия құрылған. Ж.Мыңбаев – комиссия төрағасы, Орталық атқару комитетінің өкілі, Мартынов – комиссия мүшесі, Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) бастығы, Жиенбаев – комиссия мүшесі, жерге орналастыру бөлімінен, Сағындықов – комиссия мүшесі, «Қосшы» Одағының төрағасы, Төрешев – комиссия мүшесі, Жер-орман басқармасының төрағасы, Дауылбаев – округ прокуроры (кеңесші дауыспен). Құрылған комиссиялар аудандар аумағындағы ірі байларды тәркілеу жұмысына қатысып, ауылдарда түсінік, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бастапқыда Қазақ өлкелік комитеті Гурьев округі бойынша 40 шаруашылықты, оның 35-ін бірінші топқа, 5-уін екінші топқа жатқызып тәркілеуді жоспарлаған. Сол кездегі Гурьев округінен 24 бай тәркілеуге жатқызылған.
Тегі, аты-жөні | Санаты | Шаруашылығындағы мал саны (ірі қараға айналдырғанда) | ||
1928 ж.1 қаңтардағы мәлімет | Тексерген кездегі мәлімет | Тәркілеу уакытында | ||
Жаманқала ауданы | 1 | 440 | 309 | 216 |
Есбол ауданы 1. Мамешев Майқы | 1 | 310 | 389 | 350 |
Новобогат ауданы 1.Исмағұлов Смадьяр 2.Бисалиев Арыстан 3.Мамекенов Қажығали 4.Жармағанбетов Ерғали 5.Омаров Майран | 1 1 2 2 2 | 320 350 305 290 160 | 325 223 311 360 233 | 192 169 98 202 149 |
Қызылқоға ауданы 1.Кемесаев Байтілеу 2.Мендалиев Демеу 3.Жұмабаев Дүзелбай 4.Игіліков Әлжан 5.Жұлдызов Жұмағұл 6.Елеубаев Бабас | 1 1 1 2 2 1 | 250 348 686 225 90 750 | 730 356 824 50 92 277 | 610 287 684 40 62 115 |
Доссор ауданы 1.Нұржанов Саржан 2.Бекмурзин Қазбек 3.Үмбеталиев Жақсығали 4.Баетов Ермағамбет 5.Жұбаниязов Қапу 6.Айжігітов Аманша 7.Қожағұлов Аманбай 8.Қожағұлов Жаманбай | 1 1 1 2 1 1 1 1 | 433 300 419 392 - - - - | 435 307 301 141 368 355 316 304 | 384 153 238 99 230 238 128 132 |
Теңіз ауданы 1.Танашев Құсайын 2.Құрманбаев Қайырлы 3.Салиев Жұмағали | 2 2 1 | 170 130 - | 70 60 170 | 49 51 110 |
– Байлардың малын тәркілеу қалай жүргізілген?
– Бұл нәубет «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұстаныммен жүргізілді. Әр ауданда жиындар өткізіліп, байлардың іс-әрекеті «әшкереленіпті». Мәселен, Новобогат ауылында жергілікті бай Ерғали Жармағанбетовтің мал-мүлкін тәркілеуге байланысты өткен жиында кедей Жақып Жантазиев: «Мені 1916 жылы старшын болып тұрған кезінде тылдың қара жұмысына тіркеу тізіміне жазды. Бір өгіз, 5 рубль ақша, бір мая шөп, яғни пара беріп қалдым», деген. Ол байды тап жауы ретінде тәркілеуді ұсынған. Оны орташа шаруа Бекмұхамедов қолдаған.
Қаңбақты ауылында тағы бір бай – Смадьяр Исмағұловтың дүниесін тәркілеу кезінде Демен Көбусынов оның 1916 жылы патша үкіметі органдарына қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуға көмектескенін, Уақытша үкімет органдарына материалдық көмек көрсеткенін айтқан. Бақташы Сүндет Алдабергеновтің баяндауынша, аяғы үсіп, мүгедек болып қалғанда емделу үшін көмек сұраған. Сол кезде байдың сабағанын, өзінің малын Дауытов дегеннің атына жазып, бөлшектеп таратқанын, салықтан жалтарғанын, тәркілеуден 95 қойын жасырғанын келтірген.
Барлық ауданда байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде жиындар өткізілген. Тәркілеу кедейлер тарапынан қолдау тапқанын архив құжаттары нақтылай түседі.
– Мал-мүлікті тәркілеу жергілікті тұрғындарға қалай әсер етті? Тұрғындар тәркілеуді қолдады ма, әлде оған қарсы болған ба?
– Қазақтың ұғымында «Малым жанымның – садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін тәмсіл бар. Сол себептен, халқымыз мал-мүлікті тәркілеуді жанын алғанмен бірдей көреді. Жалпы, тәркілеуді тұрғындардың бәрі дерлік қолдады деуге болмайды. Мәселен, Теңіз ауданында өткен жұмысшылардың жалпы жиынында №30 мемлекеттік балық тресінің есепшісі Аполихин комиссия өкілдерінің жұмысына тонаушылық деп баға берген. Ол тіпті жұмысшылар мен кедейлерді тәркілеуге қарсы болуға ашық шақырған. Бұл әрекеті үшін жауапқа тартылған. Ал, Новобогат ауданының Бегайдар ауылында жергілікті тұрғындар бай Жұмағали Жанғожиннің өздерін бандылардан қорғағанын алға тартып, оның малын тәркілеуге қарсылық білдірген.
Сондай-ақ, Арыстанғали Бисалиевті 67 адам қол қойып, ұйымшылдықпен қорғаған. Осы ауданның Қаңбақты ауылдық кеңесінің төрағасы Ықыласов пен аудандық комиссияның өкілі Т.Алдоңғаров жергілікті байлар С.Исмағұлов пен М.Омаровтың малын әдейі таратқаны үшін істері сотқа беріліп, қызметтерінен шеттетілген. Сөйтіп, өлкемізде байларды тәркілеудің нәтижесінде 24 байдың 20-сы атақонысынан – Петропавлға, үшеуі – Қазақстан территориясынан шеткері елге, біреуі округ аймағынан тыс тұрғылықты мекенді таңдау құқығымен жер аударылған. Қазақстан аумағынан тыс жерге Теңіз ауданынан тәркілеуге ұшыраған Қ.Танашев, Қ.Құрманбаев, Қызылқоға ауданынан Ж.Жұлдызов айдалды. Сондай-ақ Новобогат ауданының байлары М.Омаров пен С.Исмағұлов әкімшілік күштеу арқылы жер аударылған.
– Атырау өңірінен тәркіленген малдың нақты есебі, қайда жіберілгені туралы дерек бар ма?
– Байлардан тәркіленген малдың нақты есебін білу әзірге мүмкін болмай тұр. Бірақ тәркілеуден жиналған малдың есебінен 24 ұжымшар ұйымдастырылған. Алайда, байлардың алдымен жерін, одан соң малы мен ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын тартып алу ешқандай нәтиже бермеді. Керісінше, кедей шаруашылықтарын нығайту ісі ұзаққа созылып кетті. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу кезінде адам құқы мен заңдылық өрескел бұзылды. Қазақ ұлтына жасалған осынау нәубетке саяси баға берілуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.