Қазақ журналистерінің халықаралық форумын өткізу қажет - Моңғолиялық журналист
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақ журналистерінің халықаралық форумын өткізу қажет.
Бұл жайында бүгін Астанада өткен «Шетелдегі қазақтарға арналған БАҚ: қазіргі жағдайы және мәселелері» атты дөңгелек үстелде Моңғолия қазақ әйелдері «Арулар одағының» төрайымы, «Арулар-жұлдыз» журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызы мәлім етті.
«Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және басқа да мемелекеттерде қазақтар шоғырланғанын білесіздер. Оларға біз шамамыз келгенше қазақ тілінде ақпарат таратып тұрамыз. Ал Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде қазақтардың арасында халықаралық деңгейде журналистердің форумы өткен жоқ»,-деп ескертіп өтті А. Сарайқызы.
Оның сөзіне қарағанда, шетелдегі қазақ тілді журналистердің, телеарналардағы дикторлардың тәжірибе алмасуы үшін осындай жиындар өткізген абзал. «Сондықтан да атамекеніміз Қазақстанда тәжірибе алып, біліктілікті арттыруға жақсы мүмкіндік болар еді»,-деді бас редактор.
Өз кезегінде ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттаров аталған форумды ұйымдастыру керектігін айтып өтті. «Келешекте осындай форумды өткізу керектігін ескеруіміз қажет. Енді бұл мәселені бюджеттік тұрғыдан қаражатты қарастыру, ұйымдастыру шараларын тапсырма ретінде бекіту керек»,-деді Жауапты хатшы. Сонымен қатар Қ. Әбсаттаров Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының шетелдегі тілшілер қосыны арқылы да өзара ықпалдасып, тәжірибе алмасу шараларын пайдалану қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, дөңгелек үстел Астанадағы Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Германия, Иран, Қырғызстан елдерінен келген делегация мүшелері мен еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.