«Қазақ журналистерінің халықаралық І форумында» БАҚ және ұлттық рух мәселелері қаралатын болады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласында өтетін аталмыш форумда ұлттың дамуына байланысты қандай мәселелерді көтеру керектігі, қазақ газетінің таралымы және маман дайындау жайында әрбір аймақтағы журналистер бас қосып, талқылайтын болады.
«Бұл форумның мақсаты - қазақ журналистерін біріктіріп, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, әрқашанда ынтымақтасып, саяси-қоғамдық күш ретінде ортақ қазақ үшін қызмет атқару. Оған алыс-жақын шетелдерден де журналистер келеді, жалпы 200-ден астам адам болады деп күтілуде. Онда барлық басылым өкілдері дөңгелек үстел басында бас қосып, билік және бұқаралық ақпарат құралдары, БАҚ және ұлттық рух және жарнама мәселесін талқыламақ», дейді журналист Берік Уәли.
«Қазақ баспасөзінің мәселесі әрдайым шетте қалып отырды. Бәріміздің көтеріп отырған мәселеміз бір, міне 10-20 жылдан кейін қандай боламыз, менің өз түсінігімде 30 жылдан кейін қазақстандағы билік қазақ тілінде ғана сөйлейді. Ол мен үшін анық нәрсе, бірақ соған біз дайынбыз ба деген сұрақ туындайды. Біздің алдымыздағы 15 жылдағы үлкен мәселе латын әрпіне көшу, соған біздің баспасөз дайын ба, дайын емес па? Ол үшін қандай қадамдар жасау керек, ал біз латын әрпіне көшкенде Моңғолиядағы, Ресейдегі кириллицамен жазып журген және Қытайдағы төте жазумен жазып жүрген қазақтар бар, солардың бәрімен ортақ кеңістікті сақтай аламыз ба деген әңгімені қозғауымыз керек сияқты. Біздің ұйымдастырушы ретіндегі өтінішіміз бәріміз белсенділік танытып, abay.kz порталында өз ойларыңызды, ұсыныстарыңызды жеткізсеңіздер екен», дейді Айдос Сарым.