Қазақ журналистикасы орыс немесе басқа да журналистикадан кеш қалып келеді деген пікірмен келіспеймін - А.Смайыл

АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақ журналистикасы орыс немесе басқа да журналистикадан кеш қалып келеді деген пікірмен келіспеймін. Ондай ойды қазақ радиосы мен теледидарды, қазақ басылымдарын оқымайтын азаматтар айтады деп санаймын. Бұл пікірін бүгін Астанада басталған «Қаламгер - Азамат» ІІІ республикалық жас тілшілер форумында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл білдірді.
None
None

Қазақстанның барлық өңірінен бас қосқан жас тілшілердің алдында сөз сөйлеген А.Смайыл, журналистиканың, оның ішінде қазақ журналистиканың қазіргі жағдайын тілге тиек етті.

«Менің көзім жеткені, бұқаралық ақпарат құралдары саласы - бұл әмбебап сала. Журналистиканың араласпайтын саласы жоқ, олар экономист те, саясаткер де, агроном, шахтер, мемлекеттік қызметші және тағы басқасы бола білуі керек. БАҚ халықтың, барлық салада еңбек етіп жатқан адамдардың назарын аударта алатын сала», - дейді ол.

А.Смайыл, қазіргі қазақстандық журналистердің шеберліктеріне жоғары баға беретінін атап өте келе: «Қазір әсіресе, қазақ журналистикасының жетістігін көруге болады. Біріншіден, ақпараттың ұшқырлығы және тез берілуі. Екіншіден, қысқа мерзімде беріліп отырған ақпаратына талдау жасай білуі және үшіншіден тек қана Қазақстанның шеңберінде ғана емес, ТМД немесе одан да жоғары деңгейде ойлай алуы. Осы үш қасиет - қазақ журналистикасына тән», - деді Мәжіліс депутаты.

А.Смайыл, Қытай Халық Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралдарының стратегиясын негізге ала отырып, қазақ ақпараттарын Қазақстанның өз ішінде тарату және бұқаралық ақпарат құралдарын шет елдерде Қазақстанның оң беделін қалыптастыру мақсатында қолдану стратегиясын жасау қажеттігін алға тартты. Және форумға қатысушы жас қаламгерлерге осы турасында бағдарлама әзірлеу мәселесін ойластыруды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар