Қазақ жұрты күміс көмей әнші Роза Бағланованы соңғы сапарға шығарып салды
Қоштасуға Роза Бағланованың шәкірттері, достары, өнер сүйер қауым, дүйім қазақ жұрты көп жиналды. Залдың іші мен сыртты халыққа толы болды, ине шаншар жер болмады.
Қоштасуда ҚР мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің көңіл айту хатын оқып берді. Онда: «Роза Тәжібайқызы табиғат берген таңғажайып дауысымен, тамаша орындаушылық шеберлігімен, азаматтық және отансүйгіштік асыл қасиеттерімен халқымыздың ерекше құрметі мен махаббатына бөленген жан еді. Оның орындауында кез келген әлем халықтарының әндері өзгеше құлпырып, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол майдан даласын аралай жүріп ән шырқап, жауынгерлерді ерлікке жігерлендірді. Өзі өмірден озғанымен, ол кісінің мол ән мұрасы ғасырлар бойы халқымыздың жүрегін баурап, жанына нұрлы шуақ сыйлай береді деп сенемін», - делінген.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова Роза Бағланованың жарқын шақтарын еске алып: «Мен әлі де Роза Тәжібайқызының дүниеден озғанына сенбей тұрмын. Амал қанша, ажалға ара тұра алмаймыз... Бүгін Қазақтың мәдениеті мен өнері үшін қазалы күн. Өйткені, өмірден қазақтың ұлы әнші қызы, қазақ өнерінің тарихында айшықты із қалдырған қайраткер адам өтті. Ондай жан бір ғасырда бір рет келеді. Халық оны сонау Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінен бастап біледі. Ол бораған оқтың ортасында жауынгерлерді әнімен жігерлендірген азамат әнші еді. Оның өмірі халқымен бірге болды. Қашан да сөзін «халқым» деп бастайтын. Сол халқына еңбек те етті, сол халқының алдында еркелеп өмір де сүрді. Оның даңқы әлемді шарлады. Талай елдерде болып, әнімен жұртты тамсандырды. Қазақ дейтін халық барлығын әлемге жайды. Сол үшін бәріміз оны мақтаныш еттік. Әнші ретінде оның ерекшелігін жұрттың бәрі біледі. Оның ғажап дауысын басқалармен шатастыру мүмкін емес. Тек Розаға тән күмістей сыңғырлаған дауысты кез-келген адам ажыратар еді, сондай дауысымен арамыздан ерекшеленді. Өмірде Роза Тәжібайқызының азаматтық келбеті айрықша еді. Жан-жағына шуақ шашып жүретін. Сол үшін оны барлығымыз да ерекше жақсы көрдік. Оның үлкен еңбегі лайықты бағаланды. КСРО халық әртісі болды, Қазақстанның Халық қаһарманы болды. Ең бастысы - халықтың шынайы құрметіне бөленді, сондықтан да Роза Тәжібайқызы әрқашан халықтың сүйікті әншісі болып қала беретініне сенемін. Жаның жәннатта болсын, қазақтың әнші қызы! ", - деді.
"Бұл қаза менің жанымды қатты қинады. Өйткені, мен Роза Бағлановамен таныс-біліс, дәмдес-тұздас болдым. Розаны өткен ғасырдың сонау 57-58 жылдарынан бері білем. Оның дауысының әуезі қандай еді? Жаны қандай жарқын, ақкөңіл адам еді... Роза Бағлановадай талант өте сирек туылады, ол біртуар тұлға, талант иесі", - деді КСРО халық әртісі, Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев.
"Менің атымды қазақтың біртуар әншісі Бағланова Роза апамызға ұқсаған жұлдыз болсын деп, әнші болсын деп, ата-анам Роза деп қойған болатын. Мен өмірімде осындай дара тұлғамен бір сахнада ән салғаныма қуаныштымын, бақыттымын. Роза апамыз бізге, кейінгі жастарға тәлім-тәрбиесі мен өнегесін көрсете білетін. Мен ол кісіні өте құрметтеймін, сыйлаймын. Бәріміз күтіп жүрген тоқсанына жетпей бұл дүниеден аттанып кеткені қандай өкініш. Шынымызды айтсақ, жанымызға батты. Бірақ ол кісі қазақ әнінің бұлбұлы болып халықтың жүрегінде мәңгілік қалады. Әні, ешкімге ұқсамайтын дауысы, қазақ музыкасына қосқан үлесі, қазақ музыкасындағы орны, әншілік өнердегі орны ең жоғары деңгейде, бірінші сатыда тұра береді", - деді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева.
Роза Тәжібайқызы Бағланова 1922 жылы 1 қаңтарда қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Орта мектептен соң Қызылорда педагогикалық институтында білім алған Роза Бағланова өмір жолында әншілік өнерді таңдады. Роза Бағланованың есімі 1940жылдардың басынан дүйім жұртқа танылды. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, Жамбыл атындағы филармонияда, «Қазақконцерт» мекемесінде еңбек етіп, жарты ғасырдан астам халқын әнге бөледі. КСРО, Қазақстан және Қырғызстанның халық әртісі атағын иемденген әнші совет үкіметінің, кейіннен тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің көптеген орден-медальдарымен марапатталған. Атап айтқанда, совет өкіметінің Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің, тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы - «Халық қаһарманы» атағының иегері атанды.