«Қазақ жырының қазынасы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «Қазақ жырының қазынасы»  - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуына, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының орталы­ғын­да жаңадан ашылған сүт қабылдау және өңдеу зауытына тұрғындар күнделікті сүт өткізіп, ақысын қолма-қол алады. «Жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қолдағы өнімін өткізуге сеп болған жаңа сүт зауытының жұмысымен танысқан едік. Былтыр қаңтар айында құру жұмыстары басталған кәсіпорын барлық талапқа сай жабдықталып, үш айда іске қосылды. Облыс әкімінің сүт өндірісін жандандыру жөніндегі тапсырмасы аясында кәсіпкерге коммуналдық меншіктегі ғима­рат тегін беріліп, жобаны қаржы­ландыру жедел жүргізілді. «Атап айтқанда, «Арыстанбек-Үржар» ЖШС жетекшісі Талғат Ақбеков «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бо­йынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 12 млн теңге, Ауыл шаруашылығын дамыту қорынан 5 млн теңге алды. Бұл қаржыға сүт қабылдау, сақтау және өңдеу қондырғылары сатып алынды. Бүгінде жеті адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып отырған кәсіпорын тоғыз айдың ішінде жергілікті халықтан 240 тонна көлемінде сүт қабылдап үлгерген екен. Сүттің литрін жаздыгүні 65 теңгеден қабылдаса, күзде 85 теңгеден, қыс кезінде сүттің майлылығы көбейгендіктен 120 теңгеден қабылдауда. Зауыт әкімшілігі сүт өткізушілерден ветеринарлық анықтаманы талап етеді. Сондай-ақ, цех зертханасында сүт құрамы мұқият тексеріледі. Одан өзге тағы екі зертханамен келісімшарт жасалған. Бұл - сапалы өнім кепілі»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Үржардағы сүт зауыты» деген мақаладан оқыңыздар.

«Егемен Қазақстан» 5 ақпан күнгі нөмірінде «Қазақ қыздары шектен шығып жүр...» деген мақалаға қатысты әлеуметтің айтып жатқан пікірлерін ұсынып отыр. «Бұл мақала қазіргі күннің ең бір өзекті мәселелерінің бірін көтергендігімен ерекшеленеді. Шынында бұл қаншама рет жалған намысқа бой ұрып, бүркемелегенмен, сорпаның бетіне іркіліп шығатын майдай жұрттың бәріне белгілі жайға айналып барады. Бұған көз жеткізу үшін әртүрлі әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарды ашып қалсаңыз, жетіп жатыр. Соларда қазақ әйелдері мен қыздарының небір дарақы да анайы әрекеттерге барып жүргендері және солардың көбі қалың қандастардың жиналған ортасы - алуан түрлі той-мереке шаралары барысында жасалып жатқаны анық көрінеді. Осының бәрі ел ішінде де «әй дейтің әженің, қой дейтін қожаның» қалмай бара жатқанын байқатады. Осының бәрі шарасыздықтан жанды ауыртып, жүректі сыздатады. Осының бәрі «Қазақ, қайда барасың?» деп айғай салып, дабыл көтеретін кездің жеткенін көрсетеді. Мына жағдай санасында саңылау бар салиқалы адамды ойлантпай қоймайды. Демек, ұлтын сүйген ұлағатты жандардың екі тізгін, бір шылбырды қайта қолға алатын уақыты туған сияқты. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп өскен қазақтың ата-баба өсиетіне адалдығы тағы да таразы тұғырына түсіп, безбен басын ойнатып тұр. Журналист осының бәрін дөп басып, дәл танып, анығы мен қанығын айтқан. Сондықтан да, ол газеттің ойлы оқырмандарын дүр сілкіндірді. Шын мәнінде осыған орай келіп түскен комменттер өте көп болды. Біз соның ішінен ешкімнің ары мен намысына тікелей тимейтін, арасына өрескел сөздер қосылмаған пікірлерді ғана ұсына алдық. Ал бойларын ашу мен ыза кернеген талай адам қаттырақ кетіп қалған екен, сол себепті ірке тұруға тура келді. Дегенмен, осылардың бәрі бұл мәселенің көпшілікті бейжай қалдырмағанын білдіреді. Ал қазір, қадірменді оқырман, өз замандастарыңыздың осы мақалаға орай жазған комменттерімен таныс болыңыздар. Және мұның осымен жабылып қалатын тақырып емес екенін ұмытпаңыздар. Демек, сіздерден әлі де парасатты пікірлер күтеміз»,деп жазған басылым «Қазақ қыздары шектен шығып жүр...» деген мақалада.

***

Ал, «Айқын» газетінің хабарлауынша, Қазақстанның шетелдегі барлық сайлау учаскелері Астана қаласының Есіл ауданына қарайды. «Ортсайлаукомның кешегі отырысында елордалық сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров осындай қызықты мәліметті жария етті. «Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде 65 сайлау учаскесі бар. Бұлардың бәрі Сыртқы істер министрлігі арқылы жұмыс жасайды, ал СІМ Астана қаласының Есіл ауданында орналасқан» деп түсініктеме берді ол»,-деп жазады басылым. Ортсайлауком басшысының айтуын­ша, біріншіден, Астана - еліміздің бас қаласы болғандықтан, сайлау науқанын жоғары ұйымдас­тырушылық деңгейде, әділ әрі «мөл­дір» өткізуде өзгелерге үлгі болып, эталон қызметін атқаруға тиіс. Бұл туралы толығырақ «Астанада үлгілі сайлау өтеді» деген мақаладан оқыңыздар.

«Айқын» газеті сондай-ақ қазақ тілінің теңдессіз байлығын, ру­хани өміріміздегі орны мен абырой-бе­делін кейінгі ұрпаққа қаз-қалпы жеткізуде қазақ жырының ақтаңгері, ұлы ақын Жамбыл Жабаев туындыларына талдау ұсынған. «Тәуелсіздік кезеңінде ұлттық рух пен рухани тұтастықты сақтайтын тіл мен әдебиеттің қоғамда алатын орны айрықша екені артық дәлелді керек етпейді. Линг­вис­тика халық даналығының айқын көр­сеткіші болып табылатын тіл табиғатын, сөз бай­лығын зерттеумен қатар, халқымыз үшін «өнер алды - қызыл тіл» саналатын сөздің ғасырдан-ғасырға аманат болып жеткен сиқырлы, сырлы ішкі мәнін, көркемдік иірімдерін зерделейді. Жамбыл - өзіне дейінгі, өзі өмір сүрген кезеңдегі және өзінен кейінгі жыраулық-ақындық дәстүрдің өсіп-өркендеуіне ересен ықпал еткен, сөз өнерінің қасиеті мен қары­мын ілгері дамытқан, қоғам ағымы мен заман арынын сабақтастыра жырлаған, уақыт талабы мен тарих тағылы­мын жалғастырған, екі алып ғасырдың түпкі өзгерістері мен түбегейлі айырмашылықтарын жырмен толғаған абыз тұлға»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Қазақ жырының қазынасы» деген мақаладан оқыңыздар.

***
Ал, «Экспресс К» газетінің хабарлауынша, Алматы қаласын көгалдандыру бойынша ірі жоба жүзеге асырылады. «Алматы қаласы құрылыс кеңесі оңтүстік астананы көгалдандыру жобасын бекітті. Жобаның басты мақсаты - ғимараттарды әдемі әрлендіру» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Алматы из зеленого станет оранжевым» атты мақаладан оқыңыздар.