«Қазақавтожолдың» 100 пайыз акциялары «ҚазАвтоЖол» компаниясына берілуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақавтожол» серіктестігінің акциялары мен мемлекеттік қатысу үлесі «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына берілмек.
None
None

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің мұндай шешімі ашық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 пайыз акциялар мен мемлекеттік қатысу үлесі «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясына берілсін. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыны іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдасын», - де көрсетілінген құжатта.

Қаулыда аталған шешім қабылданса, автомобиль жолдарын пайдаланушылардың шағымдарына жедел әрекет ету мүмкіндігі артатыны жазылған. Сонмен қатар, компанияларды біріктіру кезінде екі кәсіпорында да бар және қайталама міндет атқаратын қызметкерлер саны қысқартылады.

Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «ҚазАвтоЖол» мен «Қазақавтожол» компанияларын біріктіру керектігін айтты. «Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес. Ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді.

Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Қазақавтожолды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Соңғы жаңалықтар