«Қазақфильм» анимациялық жаңа фильмнің трейлерін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мұзбалақ» атты толықметражды көркем анимациялық фильмнің трейлерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильм бойынша 40-қа жуық отандық аниматор жұмыс істеді. Ұзақтығы 65 минутты құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында түсірілген және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Ерғали Төлебаев, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысты», - деп атап өтілген «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінің мәліметінде.

Бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайтын бұл мультфильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильмді режиссер-аниматор - Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы жасап шыққан.

«Бес жасар бүркітті қазақ Мұзбалақ дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық», - деді Тұрдыбек Майдан.

Естеріңізге сала кетейік, киностудия 2017 жылы толықметражды екі анимациялық фильм шығарды. Соның бірі «Мұзбалақ» болса, екіншісі режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қолбасшы Күлтегін туралы картинасы. Аталған фильмдер толыққанды аяқталған және прокаты мен тұсаукесері үстіміздегі жылдың көктеміне жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар