«Қазақфильм» биыл 14-ке жуық толық метражды көркем фильмді, 50 сериядан тұратын
/strong>Наурыздың 25-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «Қазақфильм» биыл 14-ке жуық толық метражды көркем фильмді, 50 сериядан тұратын "Қазақ елі" атты анимациялық сериалды, 10-нан астам деректі фильмдерді өндіріске жіберді.
Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақ кино панорамасы 2008-2010» атты шығармашылық конференцияның нәтижелік «дөңгелек үстел» отырысы барысында Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, өткен жылы 10 толық метражды фильм, биыл 14-ке жуық толық метражды көркем фильм өндіріске жіберілген. "Оның сыртында 3 дебюттік фильм бар және 9-ға тарта қысқа метражды көркем фильмдерді де өндіріске жіберуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Қазақфильм» қазақ кино тарихында тұңғыш рет толық метражды анимациялық фильмді өндіріске жіберді. Бұл қазақ кино тарихындағы тұңғыш жоба. Биыл сондай-ақ, қолға алып отырған 10-нан аса деректі фильмдердің ішінде Бауыржан Момышұлына арналған деректі фильм бар. Оны 9-шы мамырға дейін экранға, телевидениеге шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ біз Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы сынды тұлғаларымызға деректі фильмдер арнап отырмыз", деді «Қазақфильмнің» бас редакторы Дидар Амантай.