«Қазақфильмді» жекешелендіретін нысандар тізімінен шығару мәселесі қаралып жатыр
«Қазақфильмге» тоқталсақ, оны жекешелендірілетін ұйымдардың тізімінен шығару мәселесі қаралып жатыр. Яғни бұл тақырып талқылау кезеңінде. Егер де менің жеке пікірімді айтатын болсам, «Қазақфильмді» жекешелендірілетін нысандар тізімінен алып тастау ұсынысымен келісемін», - деді Ғалымжан Ыбырайымов.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақфильмді» жекешелендіруге қарсы шыққан болатын.
Мәжіліс депутаттары сонымен бірге бір қауіптің барын алға тартты.
«Студияны сатып алған қожайын өзінің идеологиясын жүргізетін болады. Ол біздің жас өркен таланттарымызды өз мүддесіне мәжбүрлейді. Осы жағдайды ескере отырып, «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - деді деді Қуаныш Сұлтанов.
Мұнымен қоса, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының мемлекет меншігінде қалғанын жақтайтындығын атап өткен еді.
«Ол жекешелендірілетін нысандардың тізіміне 4-5 жыл бұрын қосылған еді. «Қазақфильмнің» тек 49 пайызы ғана сатылады, ал қалған 51 пайызы қалай десек те мемлекет меншігінде болмақ. Десек те, біз «Қазақфильмнің» мемлекет меншігінде қалуы үшін тырысамыз. Сатып алушы болмаса, қуанамын», - деді министр.