«Қазақфильмді» жекешелендіру мүмкін бе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақфильм» киностудиясын жекешелендіру мәселесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл мәселеге Мәдениет және спорт министрлігінен бөлек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің де қатысы бар. Сәйкесінше, ведомстволардың өздерінде тиісті жоспарлары ескерілген. Олар мемлекетке түсіп тұрған жүктемені азайтып, осыларды жеке қолға беруге ниетті. Біздің мақсат - ұлттық құндылықтарды сақтап қалу. Олар бұл мәселелерге экономикалық тұрғыдан қараса, біз ұлттық мүдде ұстанымы аясында көзқарасымызды білдірудеміз», - деп тоқталды А. Мұхамедиұлы.

Министр «Қазақфильмді» жекешелендіру мәселесі неліктен үнемі кейінге шегерілгенін, сондай-ақ не себепті нақты шешім қабылданбағанын түсіндірді.

«Кинематография туралы» жаңа заң жобасының әзірленуіне байланысты біз бұл мәселені кейінге шегеріп келдік. Осы заң қабылданғаннан кейін, «Қазақфильмді» жеке қолға беру бастамасының мәні болмайды», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, киностудияны Арнайы экономикалық аймақ аумағы құрамына енгізу жоспарланып отыр. Осыдан кейін «Қазақфильм» жекешелендіруге жатпайды.

Атап айтқанда, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Кинематография туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақфильмді» жекешелендіруге қарсы шыққан болатын.

Мұнымен қоса, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының мемлекет меншігінде қалғанын жақтайтындығын атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram