«Қазақфильм» өздеріне қатысты тараған қауесеттерді жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Алматы қаласындағы Рысқұлов даңғылы, 101Б мекенжайында орналасқан жер телімі мен бұрынғы «Қазкинопрокат» ғимаратының сатылғаны туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Бұл туралы аталған киностудияның Facebook парақшасында хабарланды.
Киностудияның мәліметінше, көрсетілген аумақтағы ғимарат апатты деп танылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақфильм» Алматы қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен кешенді сараптама ұйымдастырған.
«Мамандардың қорытындысы негізінде бұл ғимаратты қауіпсіз пайдалану бойынша одан әрі шешімдер қабылданады. Жер телімі мен ғимарат кешені сатылды деген ақпарат жалған. Бұл жалған ақпаратты таратуды жалғаса берсе, сотқа жүгіну құқығымызды сақтаймыз», — делінген киностудия мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, «Қазақфильм»өткізу режимінің қатаңдауы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қолданыстағы өткізу жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және студия мүлкінің сақталуына бағытталған. Бұл әлемдегі барлық киностудияларда стандартты тәжірибе.
«Мұндай шаралар киностудияларда кеңінен қабылданған тәжірибе және ұрлық, өрт және басқа да оқиғалардың алдын алу үшін қажет», — делінген хабарламада.