Қазақфильмнің халықаралық киноиндустриядағы ескі даңқын қайтаруға мүдделімін — Аида Балаева

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жай-күйі туралы пікір білдіріп, мемлекеттік қолдауға үміткер киножобалар байқауы өзгеретінін айтты.

аида
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Министр «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету жұмысы басталады.

«Бұл жерде көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ — „Қазақфильмнің“ қазіргі жай-күйі. Мен министр ретінде „Қазақфильмнің“ халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін. Бұл — біз үшін жауапты іс әрі қастерлі міндет. Бұған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асуда. Кім, қаншалықты Қазақфильмнің болашағына күмәнмен қараса да, біздің айтарымыз біреу — Қазақфильм қатардағы киностудия емес, бұл біздің тарихымыз, рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Сондықтан да оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз етеміз», — деді А. Балаева Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында.

Сонымен бірге, Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қолдау орталығының құрылғандығына 5 жыл болды. Осы уақытта 5 питчинг өтіп, 100 фильм түсірілген.

«Алайда фильм тақырыптарының біржақтылығын байқауға болады. Мәселен, ашаршылық, соғыс, нашақорлық тақырыбында фильмдер басым болып тұр. Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарийлерді қабылдап, үздіктерін сараптама кеңесі іріктейді. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланады», — деп түсіндірді Мәдениет министрі.

Соңғы жаңалықтар