Қазақфильмнің өзі де, инфрақұрылымы да өте қиын жағдайда – Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақфильм» киностудиясы тікелей мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жағы қаралып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері ведомство басшысынан «Қазақфильм» дау-дамайға байланысты киностудия жабыла ма деп сұрады.
«Әрине, жабылмайды, мұны министр ретінде ресми түрде жариялаймын. Бұл – біздің тарихымыз. Кино мен кинематографияның дамуы «Қазақфильм» тарихымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл кәсіпорынды сақтап, оны дамыту – ұрпақ алдындағы парызымыз», - деп жауап берді Аида Балаева.
Оның айтуынша, бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің киностудияны тікелей қаржыландыруға құзыреті жоқ.
«Сондықтан қазір біз нақты шараларды қарастырып жатырмыз. Біріншіден, бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу, яғни «Қазақфильм» киностудиясын мемлекеттік тапсырыс арқылы және жекелеген тетіктер арқылы тікелей қаржыландыру керек. Осы орайда менеджерлік тәсілді қайта қараудамыз. Бүгінде Қазақфильмнің өзі де инфрақұрылымы да өте қиын жағдайда екенін айтқым келеді. Жалпы, қаржыландыру жоқ жерде даму туралы айтудың қажеті жоқ», - деп толықтырды Аида Балаева.
Еске сала кетсек, биыл тамызда Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильмге» қатысты мәлімдеме жасаған еді.
Одан бөлек, «Қазақфильм» кино түсіруге 14,6 млрд теңге жұмсап, 695 млн теңге пайда тапқаны туралы хабарлаған едік.