«Kazakh Tourism» астанада медициналық туризмнің арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев астанада медициналық туризмнің арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шетелдік турист бізге келуі үшін арнайы халықаралық аккредитация бар. Елімізде аккредитациядан өткен 8 медициналық мекеме бар болса, соның алтауы Нұр-Сұлтанда орналасқан. «Kazakh Tourism» өз жағынан сол мекемелердің қызметін алға жылжытып, көрмелерге қатысуына, ақпараттық турлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, шетелдік туристік компаниялармен байланысты жолға қоюға көмектесеміз. Оған қажетті алғышарттар бар. Өйткені баға саясаты өте қолайлы, орташа түбіртек көңілге қонымды болып шығады. Сондай-ақ, табиғаттың әркелкілігі оталар мен күрделі ем алғаннан кейін денсаулықты оңалтуға ыңғайлы», - деді Талғат Аманбаев елордада өткен дөңгелек үстелде.
Сонымен қатар, ол саланы дамытуға бағытталған нақты ұсыныс айтты.
«Әкімдік пен Ұлттық экономика министрлігіне аталған 6 медициналық мекеме аясында медициналық туризмді дамытудың арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынамыз. Ол экономикалық аймақта қосымша құн салығы 0 пайыз деңгейінде болуы керек деп отырмыз. Саланы дамыту үшін шетелден білікті мамандар келіп, жергілікті кадрларды үйретуі керек. Ол үшін шетелдік жұмысшыларды әкелуге виза жағынан жеңілдік керек. Жаңа салынатын нысандарға инфрақұрылым шығындарын өтеу бойынша көмек қажет. Соның бәріне әкімдік немесе Үкімет көмектессе, үлкен жеңілдік болар еді. Себебі инфрақұрылымға жұмсалатын қаржы медициналық туризм нысанын салуға кететін шығынның 50 пайызын алады», - деді ұлттық компания басшысы.