«Kazakh Tourism» Бурабайды Анталиямен салыстырмауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркияның демалыс орындары мен Бурабайдың бағасын салыстыруға болмайды. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Демалыс орындарының бағасына келсек, демалыс құнын маусымға, туристік ұсыныс құрылымына, туризм түріне және басқа да көптеген факторларға байланысты қарастыру қажет. Мысалы, ұшақ билеттерін алдын ала сатып алу ұшар алдында сатып алған билеттерге қарағанда арзанға түседі. Ал курорттық қонақүй бағасы маусымға және толығуына орай құбылады: әрине, нағыз маусымында басқа маусымға қарағанда баға жоғары болады», - деді primeminister.kz сайтында сұхбат берген Ө.Бисақаев.

Осы орайда ол ел ішінде демалу шетелде демалғаннан қымбатқа түседі деген пікір бар екендігін атап өтеді.

«Бұл ретте, көбіне Түркия мен Бурабайдың бағаларын салыстырады. Бұл екі нысан инфрақұрылымның даму деңгейімен ғана емес, туристік ұсыныстармен, туристік маусымның ұзақтығымен және басқа да жағдайлармен ерекшеленеді. Бұл орайда Бурабайды Анталиямен салыстыруға болмайды. Бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары бар. Тіпті бағасы бірдей болғанның өзінде олар бір-бірінің орнын алмастыра алмайды», - деді басқарма төрағасы.

Компания басшысының атап өтуінше, Бурабай - бұл санаторийлік емді есепке алмағанда біркүндік турлар, демалыс күндері, қысқа мерзімді демалыс өткізілетін жер.

«Тіпті, бұл жағдайда да кез келген қаржыға демалатын орын: шатырлар мен жеке үйлерден бастап, бесжұлдызды қонақүйге дейін табуға болады. Сервис деңгейіне байланысты мәселелер бар. Бірақ бұл уақыт пен бәсекенің жеткілікті болуын талап ететіндіктен, біртіндеп жөнге келетін мәселе», - деді Ө.Бисақаев.

Соңғы жаңалықтар