Kazakh TV арнасы 10 жасқа толды
Бүгінде арна сандық жүйеге өтіп, Астанадағы «Қазмедиа орталығы» телерадио кешенінен хабар тарата бастады. Бұл туралы арнаның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Caspionet арнасының атауы Kazakh TV болып өзгертілген болатын. Арна үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әлемнің 93 елінде, соның ішінде Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінде хабар таратады. Арнаның аудиториясы 253 млн. адамды құрайды.
Сондай-ақ арнаның «Хабар» агенттігінің құрылымына кіретінін айта кеткен жөн.
Аудиторияның негізгі бөлігін елімізге келген қонақтар құрайды. Және басқа елдерде тұратын қазақ диаспорасы да арнаның тұрақты көрермендері. Онда фольклордық-танымдық бағдарламалар, ұлттық музыка, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы бағдарламалар көптеп беріледі.
- Шетелдердегі қазақтардың көпшілігі біздің арнаны қалт жібермейді деп сеніммен айта аламын, - дейді Норвегияның Осло қаласында тұратын Махмед Башташ есімді қандасымыз. - Осы арна арқылы олар Қазақстанда болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар болып отырады. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі бағдарламалар ана тілімізді ұмытпауға көп көмектесуде. Әсіресе бұл енді өсіп келе жатқан жас буынға таптырмайтын тәрбие.