«KazakhInvest» базасында инвесторлар үшін «бірыңғай терезе» іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «KazakhInvest» ҰК» АҚ базасында инвесторлар үшін «бірыңғай терезе» іске қосылады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізіп жатқан ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңісбек Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Kaznex Invest» АҚ базасында «КazakhInvest» ҰК» АҚ құрылды. Ол Қазақстан Үкіметі атынан мақсатты трансұлттық компаниялармен және ірі инвесторлармен «бірыңғай келіссөз жүргізуші» болады. Ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін тестік режимде «Follow-up» ақпаратты-мониторинг жүйесі іске қосылады. Инвесторлармен жұмысқа барлық жауапты тұлғалар үшін арнаулы виртуалды кабинет құрылады. Сонымен бірге, осы жылдың қыркүйегінде «KazakhInvest» ҰК» АҚ базасында инвесторлар үшін «бірыңғай терезе» іске қосылады. Біз инвесторлар үшін қызметтер ұсыну бойынша қажетті барлық қызметтерді ұлттық компанияға беру мақсатында бірқатар заңнамалық түзетілер дайындаудамыз», - деді министр.
Сонымен қатар ол ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық аухалды жақсарту маңызды мақсаттардың бірі болып отырғандығын айтты.
«Ағымдағы жылы ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның инвестициялқ саясатына екінші шолуын аяқтады. Екінші шолудағы ұсыныстар негізінде Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тыңғылықты жоспарға қосымша енгізу жоспарлануда. Бұл Қазақстанға ЭЫДҰ мүше елдерінің алдыңғы қатарлық стандарттарын кезең-кезеңімен өткізуге, ірі инвесторлар мен трансұлттық компанияларды тартуға мүмкіндік береді және елдің халықаралық рейтингі мен инвестициялық мүмкіншіліктеріне оң ыпал етеді», - деді Жеңіс Қасымбек.