Kazakhmys Holding жас энергетиктерге тұрғын үй салады
АСТАНА. KAZINFORM — Kazakhmys Holding отын-энергетикалық кешенінің (ОЭК) жас мамандарын қолдауға бағытталған жаңа бастаманы қолға алды.

2025 жылы «Kazakhmys Holding» ЖШС ОЭК басқару жөніндегі директоры Владимир Жұманбаев Қарағанды облысының Топар кентінде «Комфорт+» санатында бес қабатты, 80 пәтерлі тұрғын үй салу туралы шешім қабылдады. 2026-2027 жылдары тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы кеңейтіліп, Балқаш және Жезқазған қалаларын қамтиды. Бұл үйлер Балқаш, Жезқазған жылу электр орталықтарының, сондай-ақ «Топар БЭТС» ЖШС қызметкерлеріне арналады.
«Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов жоба Kazakhmys Holding Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
— Біз жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы жағдай жасау дарынды жастардың осы салаға бет бұруына, табан аудармай еңбек етуіне, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз, — деді Темірлан Өтегенов.
Бұл бастама Мемлекет басшысы белгілеген бағытқа сәйкес келеді: Қазақстан Президенті өзінің Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, білікті кадрлардың ел экономикасына қосатын үлесі мен еңбекке деген құрметті қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Қазақмыс компаниясы білім беру жобаларын да белсенді дамытып келеді. 2024 жылы компания энергетика және тау-кен өндірісі салаларына маман даярлауға бағытталған «Мирас» бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама компания есебінен жоғары білім алуды және ОЭК кәсіпорындарына жұмысқа тұруды көздейді.
Компанияда оқытуды, әлеуметтік қолдауды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді қамтитын кешенді тәсіл кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге және Қазақстанның отын-энергетикалық кешенін дамытуға үлес қосуға дайын мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға көмектеседі деп санайды.