«Kazakhstan Growth Fund» тікелей инвестициялау қоры «ADM Capital» халықаралық компаниясының басқаруына берілді
Бұл компанияны қордың инвесторлары оның қызметін одан әрі жандандыру мақсатында конкурс негізінде таңдап алған болатын. Олардың пікіріне қарағанда, Kazakhstan Growth Fund қорын ADM Capital-дың басқаруына тапсыру Қазақстандағы қорлардың инвестициялық қызметін жандандыруға ықпал ететін болады.
Капиталдандыруы 80 млн. АҚШ долларын құрайды «Kazakhstan Growth Fund» тікелей инвестициялау қорының акционері - Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Қазына капитал менеджмент» АҚ. Оның инвестициялық саясатында Қазақстан (қорды капиталдандырудың 70%), Ресей және Орталық Азия елдері экономикасының шикізат емес секторында өз жобаларын іске асыратын шағын және орта бизнес компанияларына капитал ұсыну көзделген.
«Қазына капитал менеджмент» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2011 жылы бұл қор Қазақстанда «INVIVO» зертханасы» деген брендпен белгілі 70-тен аса медициналық тестілеу орталықтарын басқаратын қазақстандық «Лабнет» холдингілік компаниясына 4,9 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестицияны жүзеге асырды. Бұл жерде осы компанияға мақұлданған инвестициялардың жалпы көлемі 7,1 млн. АҚШ долларын құрады.
13 жылдан бері өз қызметін жүзеге асырып келе жатқан «АDM Capital» халықаралық басқарушы компаниясының инвестициялау географиясы 14 елді қамтиды. Кешендік немесе құрылымдық инвестициялық шешімдерді пайдалану кезінде операциялық менеджменті күшті компанияларды қаржыландыру ADM Capital-дың мамандануы болып табылады. Оның басқаруында 1,7 млрд. АҚШ долларына жуық активтері бар әлемнің 14 елінде жұмыс жасайтын қорлар бар.