«Kazakhstan International Halal Expo 2011» екінші Халықаралық көрмесі өтеді

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ExpoDamu» көрме компаниясы «Қазақстанның Хәлал Индустриясы Қауымдастығымен» бірлесіп, 19-21 қазан аралығында «Kazakhstan International Halal Expo 2011» екінші Халықаралық көрме-семинар өткізетінін хабарлайды.

«Kazakhstan International Halal Expo 2011» екінші Халықаралық көрмесі өтеді

Шара Астана қаласындағы «Көрме» кешенінде өтетін болады.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, көрме Экономикалық даму және сауда министрлігінің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткізіледі. «Kazakhstan International Halal Expo' 2011» көрмесінің мақсаты - отандық және шетелдік хәлал-кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтерін көрсету, әріптестер тауып, елдер арасында осы бағытта тауар айналымын жандандыру.
Бұдан бөлек, халыққа хәлал тағамдарының пайдасы, оның ұлт денсаулығы мен қауіпсіздігіне қосатын баға жетпес үлесі туралы түсіндіру шаралары көзделеді. Көрме аясында ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар мен тұсаукесерлер ұйымдастырылмақ. Негізгі тақырыптық бөлімдері бойынша, консервіленген, мұздатылған азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдері, кондитерлік тағамдар, ет, балық және сүт өнімдері ұсынылады.