«Kazakhstan open-2017» турнирінің жүлде қоры ең қомақты сомаға жетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл жүлде қоры 45 000 еуро болатын «Kazakhstan open-2017» турниріне әлемнің 26 елінен 132 голфьшы қатыспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушы «Kazakhstan open» ұйымының баспасөз орталығы биылғы турнирдің жүлде қоры - 450 000 еуро, бұл - European Challenge Tour турнирлері арасындағы ең қомақты жүлде қоры болып саналатынын айтты.

13-ші халықаралық Kazakhstan Open гольф-турнирі 20-24 қыркүйек аралығында, Алматы қаласындағы «NURTAU» Гольф клубында «European Challenge Tour» аясында, кәсіпқой ойыншылар арасында өтеді.

Турнирге әлемнің 26 елінен келген 132 гольфшы қатысады, олардың ішінде Еуропалық Челлендж турдың рейтингі бойынша алғашқы жүздікке кіретін кәсіпқой гольфшылар және қазақстандық 5 гольфшы бар.

«Kazakhstan Open»-2017 турнирінің ұйымдастырушылары - European Challenge Tour, Қазақстан гольф федерациясы, Алматы әкімдігінің қолдауымен NURTAU Гольф Клубы.

«Kazakhstan open-2017» ойындары European Tour-дың барлық талаптарына сай келетін NURTAU гольф клубының 18 чемпиондық алаңдарында өтеді.

«Kazakhstan Open» турнирінің жеңімпазы еуропалық гольфтың элитасы болып саналатын European Tour-ға қатыса алады.

«Турнирдің бірегейлігі оның қомақты жүлде қорында ғана емес, сонымен қатар гольф маусымының аяқталу кезеңінде өтіп жатқанымен де ерекше. European Challenge Tour ойыншыларының рейтингі спортшылардың осы серия турнирінде жеңіп алған жүлделер санынан құралатындығы белгілі. Маусым қорытындысы бойынша рейтингтің алғашқы жиырмалығына кірген, яғни ең үлкен жүлде ұтып алған спортшылар еуропалық гольфтың ең жоғарғы лигасы - European Tour-ға жолдама алады. Осылайша, спортшылардың «Kazakhstan open» турнирінде сәтті ойнауы European Challenge Tour рейтингісінде жоғары көтерілуіне және еуропалық гольф элитасына кіруге мүмкіндік береді», - делінген аталған орталықтың хабарламасында.

Қазақстанның атынан турнирге 1-3 қыркүйек аралығында өтетін әуесқойлар арасындағы жарыстың чемпионы мен вице-чемпионы қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан өкілдері спорттық шеберліктерін жетілдіру үшін жаттықтырушылар қатарынан қазақстандық үш кәсіпқой гольфшыны турнирге қатыстырады.

Айта кетейік, «Kazakhstan open» гольф-турнирін өткізуге ҚР президенті Н.Назарбаев елімізді әлемдік қоғамдастыққа таныту және инвестициялық тартымдылығын арттыру бағдарламасы аясында бастамашылық еткен.

«Kazakhstan open» ұйымдастырылғалы European Challenge Tour турнирі серияларының алдыңғы қатардағыларының біріне айналды. Әр жылдары мұнда Майкл Каймер, Альваро Кирос, Эдуардо Малинари, Томми Флитвуд сияқты гольф спортының әлемдік жұлдыздары ойнады.

Қазақстан гольф федерациясының хабарлауынша, федерация президенті Нұртай Әбіқаев жаңа олимпиадалық кезеңнің бірінші жылында өтетін турнирге үлкен үміт артатынын жеткізген.

Соңғы жаңалықтар
telegram