Қазақы ит тұқымдарын сақтауда қандай жұмыс атқарылып жатыр

ит
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев ұлттық ит тұқымдарын сақтауда қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлады Kazinform. 

«Егемен ел ретінде ұлттық құндылықтарымызды сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау қашанда маңызды. Мемлекет басшысы тазы мен төбетті қорғау мәселесіне назар аударып, оны қолға алуды былтыр Президент Іс басқармасына тапсырған болатын. Содан бері бірталай шаруа атқарылды. Осы тақырыпқа қатысты мемлекеттік органдар өкілдерімен кезекті кездесуімізді өткіздік. Басқосуда Қазақстан кинологтары одағының басшысы FCI-мен байланысты нығайту барысы туралы баяндады», - деді Айбек Дәдебаев.

қазақы ит
Фото: ПІБ

Ол 2024 жылғы мамыр айында елордада Халықаралық иттер көрмесін, соның аясында тазылардың жеке көрмесін өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Оған FCI басшылығы келіп, еліміздің кинология саласындағы, оның ішінде қазақы ит тұқымдарын сақтауға бағытталған жұмыспен таныспақ.

Тазы мен төбеттің стандартын жасау да өзекті. Бұл таза қанды қазақы ит тұқымдарын анықтауға, олардың статистикасын жүргізуге негіз болады. Тазыға қатысты кинологтар мен итбегілер, ғалымдар ортақ шешімге келді, ал төбеттің стандартына қатысты талқылаулар жалғасып жатыр. 

қазақы ит
Фото: ПІБ

«Биыл Генетика және физиология институты тазының генофондын анықтауға арналған зерттеуді аяқтады. Төбетке қатысты осындай жұмыс келесі жылы басталады. Байқап отырғандарыңыздай, кешенді жұмысқа бірқатар мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйымдар атсалысып жатыр. Жалпы, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде құмай тазы мен тарлан төбет ерекше орын алғаны баршаға белгілі. Сол үшін де бабаларымыз оны жеті қазынаның біріне балаған. Ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен қорғау бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», - деді ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев.

Айта кетейік, жақында Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Димаш Құдайбергенге тазы күшігін сыйлаған болатын.

«Достар, танысып қойыңыздар, бұл — менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы — біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған жеті қазынаның бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады», - деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.

2024 жылы Астанада халықаралық тазылар көрмесі өтетіні белгілі болды.

 

 

Соңғы жаңалықтар