Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу уақытта Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының құрылысы аяқталады. Орталық тазы мен басқа да қазақы ит тұқымдарын сақтауға арналған ғылыми әрі инфрақұрылымдық базаға айналуы тиіс.

Численность тазы за два года увеличилась в четыре раза в Казахстане
Фото: Әйгерім Дүйсенбай/Kazinform

BIZDIÑ ORTA подкастында қонақ болған Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидың айтуынша орталық жеке ит иелері мен әуесқой ит өсірушілердің күші жете бермейтін міндеттерді атқармақ.

— Ұлттық орталық — ең алдымен, инфрақұрылымдық тұрғыдан мүлде басқа деңгей. Сонымен қатар бұл қазақы ит тұқымдарын қолдауға бағытталған ғылыми-педагогикалық деңгейдегі орталық болады, — деді ол.

Маманның айтуынша, орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі ғылыми, оның ішінде генетикалық деңгейдегі зерттеулер жүргізу болады. Сондай-ақ биоматериалдарды криоконсервациялау және биобанк құру жоспарланып отыр.

Орталық тазының сапалы генофондын қалыптастыруда ерекше маңызға ие болуы мүмкін. Тұқымды халықаралық деңгейде түпкілікті мойындату үшін бір-біріне жақын туыстығы жоқ кемінде сегіз дербес тұқымдық желінің болуы қажет.

— Ұлттық орталық бұл үдерісті тікелей бақылап, өз қарауында иттерді ұстай алады, яғни кемінде сегіз тұқымдық желінің генофондын сақтайды. Айталық, осы тұрғыдан алғанда, ұлттық орталық тұқым тазалығы мен сапасының кепіліне айналуы мүмкін, — деді Бауыржан Серікқали.

Осы орайда сарапшы басқа тұқымдармен будандастыруға жол бермеу және тазының өз ішіндегі генетикалық алуантүрлілікті сақтау маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Кинологтар одағы орталық иттерінің құрамын тұқымын қалыптастыру үшін шығу тегі құжатпен расталған, үш буындық толық шежіресі бар, тәуелсіз сарапшылардан жоғары баға алған әрі денсаулығы жақсы иттерді іріктеуді ұсынады.

Бұған дейін шетелдік сарапшыларды қазақы тазының қай қасиеті қызықтыратынын жазған едік.