Қазақы тазының мәртебесі артты – 73 жыл тазы баптаған итбегі
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Қазақстан кинологтар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі және тұқымдық байқауы өтті. Көрмеге қатысқан Рамазан Кусеев алты жасынан бері қазақы тазы баптап келеді. Ол баптаған тазы көрмеде бірінші орынға ие болды. Тазыбегі бүгінде бұл тұқымға деген көзқарастың өзгергенін айтады.
Оның айтуынша, бұрын тазыны үйде ұстайтын болса, қазір ұлттық тазы тұқымына ерекше мән беріліп, оны сақтау мен дамытуға жүйелі көңіл бөлініп келеді.
Іс-шара халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге және ит иелеріне таныстыруға мүмкіндік берді.
Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамадан өтіп, олардың тұқымдық сапасы мен стандарт талаптарына сәйкестігі бағаланды. Сонымен қатар үздік өкілдер анықталды.
Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – тұқымдық байқау. Оған қатысқан иттердің тұқымдық сапалары сараланып, талаптарға сәйкес келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі иттің шығу тегі туралы куәлік берілді.
Бұл құжат қазақы тазыларды ресми асылдандыру жүйесіне енгізу үшін маңызды. Себебі иттің шығу тегін тіркеу арқылы оның ата-тегін, қандай өндірушілерден тарағанын және кейінгі ұрпағын бақылауға болады.
Рамазан Кусеевтің тазы баптау ісіне бала күнінен араласқанын айтады.
– Мен алты жасымнан тазы ұстап, тазы баптаймын. Әрине, тазыны бұрыннан өсіріп келеміз, бірақ қазіргідей ерекше көңіл бөлінбейтін. Ал қазір ерекше мәртебе беріліп жатыр. Мемлекет басшысының, кинологтардың қолдауымен осындай мәртебеге ие болып жатқанына қуаныштымын, – деді Рамазан Кусеев.
Тазыбегінің айтуынша, бүгін қазақы тазыға қызығушылықтың артуы оның сақталуына да әсер етеді. Алайда тұқымды сақтау тек иттің санын көбейтумен шектелмейді. Оның тұқымдық ерекшелігін, шығу тегін және кейінгі ұрпағын жүйелі есепке алу қажет.
Қазақстан кинологтары одағының мәліметінше, әрбір күшіктеген ұяны уақытылы тіркеу маңызды. Сонда ғана баптаушылар иттердің шығу тегі туралы ақпаратты сақтай алады.
Алғашқы құжат алынғаннан кейін иттің кейінгі ұрпағын да Қазақстан кинологтары одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабына тіркеу қажет. Осылайша жеке ит туралы ақпарат біртіндеп тұтас тұқымның шежірелік базасына айналады.
Мұндай жүйе әсіресе Қазақстанның әр өңіріндегі тазы иелері мен селекционерлері үшін маңызды. Өйткені шалғай елді мекендердегі иттер туралы деректер де ортақ базаға енгізілсе, қазақы тазылардың шығу тегін бір жүйеде бақылауға мүмкіндік артады.
Тазыбегі Рамазан Кусеев те итті бабына келтірудің өзіндік жолы бар екенін айтады. Оның сөзінше, қазір тазыларын азықтандыруда да қиындық жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін, 100 жылдан бері тазы баптап келе жатқан Дүйсәлиевтер әулеті жайлы жазған едік.