«Қазаққа латын әліпбиі қажет пе?» - республикалық басылымдарға шолу
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні құрметіне арналып, тұңғыш рет әскери шеру өткізілді. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Сардарлар мен сарбаздар салтанаты» деген мақаласында еліміздің Қарулы Күштерінің таңдаулы бөлімдерінен іріктеліп алынған сардарлар мен сарбаздар «Қазақ елі» алаңында жиналған астаналықтардың жүректеріне толқулы сезімдер туғызып, дүбірлі күйге бөлеген осы шеруді толық суреттеп жазды.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің осы басылымы Бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурс туралы хабарландыру жариялады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер - Министр К.Мәсімовті қабылдады. Елбасының қабылдауында болған Кәрім Мәсімов Үкіметтің алдағы үш жылға әзірлеген бюджеттік - экономикалық дамуындағы істің ағымдағы жай -күйі турасында баяндады. Бұл сурасында толығырақ «Дала мен Қала» газетінің бүгінгі санындағы «Елбасыға Премьер есеп берді» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.
«Кінәсізге қиянат жасаған полицей жазаға тартыла ма?» деген сұраулы тақырыпқа құрылған аталмыш басылымдағы келесі мақала ар-ұяттан безген полиция майорлары турасында сөз қозғайды.
«Бізде жастар оппозициясы бар ма, жоқ па?» Осытақырыппен «Дала мен Қала» газетінде «Нұр Отан» партиясы жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешовпен болған сұхбаты берілген.
***
«Еліміз егемендік алғаннан бері Елбасының тікелей тапсырмасымен білім беру жүйесінің материалдық - техникалық базасын жақсарту мақсатында Үкімет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды. Соңғы 10 жылда білім беру жүйесін қаржыландыру 7 есеге ұлғайды»- деп жазған «Қазақ әдебиеті» «Ел ертеңі - бүгінгі мектеп» атты мақаласында жас ұрпаққа саналы тәрбие және сапалы білім беру бағытында әңгіме өрбітеді.
Аталмыш басылымдағы «Қазаққа латын әліпбиі қажет пе?» тақырыбымен берілген келесі мақала «бізге қазір қандай жазу керек» деген өзекті мәселе төңірегінде ой қозғайды.
«Таяуда игі істер легіне байланысты жағымды жаңалық құлаққа шалынды. Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ жанындағы «Сарыарқа» археология институты Бұқар жырау ауданының Ащысу жеріндегі Шешенқара археологиялық кешенінен төрт мың жыл бұрын жасалған қола ыдыс тауып, әлемдік ғылыми қауымдастықты елең еткізіпті», - деп жазған осы басылымдағы келесі мақала «Қазақ құмырасы Қытай жәдігерінен де көне екен» деген тақырыппен берілген.
***
«Ана тілі» апталығының бүгінгі басылымы «Мемлекетті сыйлау Конституцияны құрметтеуден басталады» деген тақырыппен мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғайрат Сапарғалиевпен болған сұхбатын жариялады.
Аталмыш газеттегі «Қазақтың «тамырластық институты» мен толеранттылығы» деген тақырыппен берілген келесі мақала қазіргі кездегі ұлттық идея мәселесіне назар аударды.
***
«Баяғы Адам Смитті пір тұтып, бұдан екі ғасыр бұрын өтіп кеткен тұрпайылау нарық теориясының тазалығына кір келтірмейміз деп тыраштанғаннан гөрі, оған да, қазіргі жағдайымызға да көзімізді ашыңқырап, айналамызға зер сала қарағанымыз дұрыс».
«Алтын орда» апталығының бүгінгі саны «Адам Смитті аксиомаға айналдырма!» деген тақырыпта белгілі қаржыгер Ғалым Байназаровпен болған сұхбатын жариялады. Мұнда жаңа экономикалық модель жайлы әңгіме өрбіген.
«Мамандар Қазақстанда адам саудасының барлық түрлерінің көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, жыл сайын 700 мыңнан 4 миллион адамға дейін көпшілік арасында құлдықтың жаңа формасы атанып жүрген адам саудасының құрбанына айналады екен» - деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Адамның басы ақшаның көзі!» деген тақырыппен адамды ашындыратын адам саудасы жайлы сөз қозғайды.
Констиуция күніне арналған әскери шеру тақырыбын бүгін жарық көрген «Комсомольская правда Казахстана» және «Казахстанская правда» басылымдары егжей-тегжейлі жазған.
«Астанада өткен әскери шеруді халыққа тікелей эфирде көрсету үшін 4 жылжымалы станция, 4 мобильдік телевизиялық спутниктік станция, 4 телевизиялық кран, 19 стационарлық телекамера жұмыс істеді». Конституция күніне арналған осы алғашқы шерудің қалай өткені, оған қанша адам мен техникалық ресурс жұмылдырылғаны туралы қызықты материалды «Казахстанская правда» газетінен оқуға болады.
«Шерудің айрықша әсерлі тұсы - әскери әуе күштерінің жойғыш ұшақтары «Су-27» ұшқыштарының әуеде көрсеткен өнері болды», - деп жалғастырады осы тақырыпты «Комсомольская правда Казахстана» газеті .