Қазақмыс қызметкерлерімен әлеуметтік қорғауды күшейту бойынша шарт жасасты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақмыс компаниясы қызметкерлері мен олардың отбасына көрсетілетін қолдау шараларының аясын кеңейтпек.

Кеше «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 2025-2029 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойды. Жаңа құжатта компания басшылығы, кәсіподақ ұсыныстары мен қатар қызметкерлердің де талабы ескерілген. 2029 жылға дейін арналған ұжымдық шарт қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және корпоративтік әлеуметтік саясатты дамытуға бағытталған.
Осылайша, компания қызметкерлері мен олардың отбасына көрсетілетін қолдау шараларының аясын айтарлықтай кеңейтпек, яғни жұмысшылардың әл-ауқатына инвестиция салуға дайын.

Нақты айтсақ, жаңа ұжымдық шартқа сәйкес, бала дүниеге келгенде берілетін төлем көлемі бұрынғы шартпен салыстырғанда бес есе өседі. Дәл осындай төлем некесін қиған, жас отбасыларға да қарастырылады. Сондай-ақ мүгедектігі бар жұмысшылар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау шаралары енгізілді.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриевтің айтуынша, жаңа ұжымдық шарт қызметкерлер мен олардың отбасының тұрмыстық жағдайын арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етеді.
– Біздің ұжым үлкен. Сондықтан әр қызметкердің қауіпсіз ортада жұмыс істеуіне мүдделіміз, яғни қауіпсіздік ережелері – басты назарда. Екіншіден, әрине қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы маңызды. Үшіншіден, экономиканы қамтамасыз етуде кәсіпорынның өнімділігі басты рөл атқарады. Ал, өнімді жұмыс ұжымға байланысты. Осы орайда қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін қамту мен қорғау – біздің басты міндетіміз, - дейді Нұрахмет Нуриев.


Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауда кәсіподақтың да үлесі бар. Кәсіподақ басшылығының мәлімдеуінше, ұжымдық шартта жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігіне басымдық беріліп, жұмыс беруші, кәсіподақ ұсыныстары мен қызметкерлердің талабы ескерілген.
Қазақмыс ұжымдық шарттан бөлек, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап, оған ауқымды қаржы қарастырып отыр. Мысалы, биылдан бастап қолданыстағы ерікті медициналық сақтандыруға қалыпты еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер де қатыса алады. Сондай-ақ биыл 200-ден астам пәтерді жұмысшылардың меншігіне беру жоспарланған. Одан бөлек, қызметкерлер мен регрессшілердің жекелеген санатына атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Бұған қоса ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға қаржы бөлмек.
Еске сала кетсек, былтыр жыл соңында Қазақмыс компаниясы Балқаштың экожүйесін сақтауға 5 млн доллар бөлетіні белгілі болды.