Қазақмыс күкірт цехынан тараған зиянды қалдық үшін ұлытаулықтарға өтемақы төлей ме – әкім жауабы

қазақмыс
Фото: inbusiness.kz

«Қазақмыс» өзіне қарасты мыс зауытының күкірт цехын 30 жыл бойы жаңартпағаны үшін тұрғындарға өтемақы төлей ме? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлына осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды Kazinform.

«Олар біздің экологияға жыл сайын 6 млрд теңгедей қаражат бөліп отыр. Оны біз қоқыс шығаруға, кәріз жүйесін жаңалауға, экологияны дұрыстау жұмыстарына жұмсаймыз. Ал күкірт қышқыл цехының мәселесі Экология министрлігінің құзыретінде. Соның ішінде департамент күкірт цехын жаңарту жобасын тездетуді бақылауда ұстап отыр. Олардың берген мәлімдемесі бойынша, 2025 жылы құрылысты аяқтаймыз дейді. Сонда қоршаған ортаға тасталатын шығарынды да азаяды», - деді аймақ басшысы. 

Әкімнің сөзінше, алпауыт компания тұрғындарға өтемақы төлемегенмен, бюджетке айыппұл төлеп отыр.

«Өтемақы дегенде, олар эмиссия төлеп жатыр. Айыппұл беріліп жатыр. Экология министрлігіне қарасты департамент ескерту беріп отырады. Түтіннен басқа өздерінің өндірістік үйіндісі бар. Сол бойынша да міндеттемелері бар. Миллиардтаған қаржы бөліп, сол үйінділердің қоршаған ортаға тарамауын қадағалап отыр. Бұрын экология министрлігінің департаменті Қарағандыда болды. Қазір Жезқазғанда отыр. Сонымен қатар прокуратура жағынан қадағалау бар. Ал жаңа күкірт цехын 2025 жылы қолданысқа береміз», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Соңғы жаңалықтар