«Қазақмыс» сирек металдар концентратын заңсыз экспорттай ма – депутат сауалына жауап берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжіліс депутатының «Қазақмыс» кәсіпорны экспорттап отырған кен мен концентраттар туралы сауалына жауап берді. 

Қазақмыс
Фото: Қазақмыс

Депутат неден күмәнданды?

Наурыз айының басында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағасбаевқа «Қазақмыстың» сыртқа шығаратын минералды шикізаты туралы сауал жолдаған болатын

— Ақпан айында әлеуметтік желіде «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы зертхана маманының ақпараты шықты. Айтуынша, корпорация тонна-тонна мыс концентраты мен кенді химиялық талдау жүргізбестен, құрамындағы бағалы және сирек металдарды жасыра отырып сыртқа шығарып жатыр. Маманның пікірінше, осы арқылы компания сыртқа шығарылып жатқан ресурстардың бағасын қолдан төмендетіп, олигархтардың пайдасы үшін ел экономикасына шығын келтіріп жатыр. Тағы бір сұхбатта геология саласының сарапшысы тау-кен алпауыты ондаған жыл бойы кен мен концентраттың талдауын жүргізбестен, шетелдегі өндіріске сирек металдың шикізатын шығарып келген. Аталған материалдардың сілтемесін депутаттық сауалмен бірге жолдаймыз, — деген болатын Азат Перуашев.

Министрліктің қасаң жауабы

Ерсайын Нағаспаевтың осы сауалға жолдаған жауабы «Қазақмыс» ешқандай заңсыздыққа барып отырған жоқ дегенге саяды. Ол уәждің дәлелі ретінде «Қазақмыс» корпорациясының мәліметінен дәйексөз ұсынған.

— Заңнамалық актілерге сәйкес құрамында бағалы металдар бар шикізатты экспорттау кезінде министрлік рұқсат құжаттарын береді. Мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес өтініш беруші тау-кен металлургия өнеркәсібі саласында құжаттарды, оның ішінде аккредиттелген сынақ зертханасы берген бағалы металдардың және ілеспе алынатын металдардың құрамы туралы құжатты ұсынады. Онда құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы барлық бағалы металдардың үлестік құрамы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «СЖС Казахстан Лтд» ЖШС зертханаларының базасында талдау жүргізеді. Онда әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи Талдамалық зертхана салу жобасы іске асырылды, — деп жазылған жауапта.

Жыл сайын 14,3 млн тонна кен экспорттаймыз

Аталған министрліктің Kazinform сауалына жолдаған мәліметіне сенсек, Қазақстан негізінен концентраттар экспорттап отыр

2024 жылы экспортталған концентраттар:

  • көміртектенбеген темір концентраттары — 5,7 млн тонна (2023 жылғыдан 9,4% аз)
  • агломерацияланған темір концентраттары — 4,8 млн тонна (2023 жылғыдан 2,4% аз)
  • мыс концентраттары — 1,8 млн тонна (2023 жылғыдан 5,6% аз)
  • марганец концентраттары — 214,4 мың тонна (2023 жылғыдан 36,3% көп)
  • қорғасын концентраттары — 45,7 мың тонна (2023 жылғыдан 18% аз)
  • мырыш концентраттары — 431,1 мың тонна (2023 жылғыдан 15,9% аз)
  • хром концентраттары — 294,2 мың тонна (2023 жылғыдан 24,7% аз)
  • сазбалшық (глинозем) — 997,9 мың тонна (2023 жылғыдан 14,3% көп).
Соңғы жаңалықтар