«Қазақмыс» футбол клубының жаңа бас жаттықтырушысы тағайындалды
АЛМАТЫ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сәтбаев қаласының «Қазақмыс» футбол клубына Андрей Александрович Кучеряв бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Клубтың интернет сайтында жарияланған мәліметке қарағанда бұрынғы бас жаттықтырушы Эдуард Глаунов келісімшарт мерзімі аяқталуына байланысты қызметтен өз еркімен бас тартқан.
Бұған дейін Э.Глауновтың көмекшісі болып жұмыс жасап келген А. Кучеряв 1970 жылы 24 желтоқсанда туған, отбасылы, 2 баласы бар. Ол футболшы ретінде Павлодардың «Ертіс» командасының құрамында 1993, 1997, 2002, 2003 жылдары Қазақстан чемпионы, 1996/97, 1997/98 жылғы маусымда Қазақстан кубогының иегері атанды. Ұлттық құрама сапында 7 ойын өткізіп, 2005 жылы 6 қарашада аяқдоп ойыншысы ретіндегі мансабын аяқтады. Содан кейін бапкерлікпен айналысып, 2006-2007 жылдары «Ертісте», 2009 жылы «Атырауда» жаттықтырушы, ал 2010 жылы «Қазақмыста» бас жаттықтырушының көмекшісі, желтоқсанда бас жаттықтырушы қызметіне тағайындалды. «А» дәрежесіндегі бапкерлік лицензиясы бар.