17:17, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы өз шешімін өзгертті
АЛМАТЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Э. Огай бұған дейін қабылдаған өз шешімін өзгертіп, Премьер-лигада бақ сынауға жолдама алған футбол командасын қаржыландыруға кепілдік беріп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Наурыздың 2-сінде «Қазақмыс» корпорациясының басшылығынан Қазақстан футбол федерациясына жолданған хат келіп түскен болатын. Онда корпорацияның басқарма төрағасы Э. Огай өздері құрылтайшылық ететін Сәтбаев қаласының «Қазақмыс» футбол командасының қаржы тапшылығына байланысты биыл Премьер-лига ойындарына қатыса алмайтынын мәлімдеген еді. Бүгін федерацияға Э. Огай өз шешімін өзгерткенін және «Қазақмыстың» Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысуын қаржыландыруға кепілдік беретіні туралы екінші хатын жолдаған. Сол себепті Ұлттық футбол лигасы жанкүйерлердің, футболшылар мен бапкерлердің қызығушылығына сәйкес және аймақтағы футболды сақтау үшін чемпионатқа қатыстыру туралы мәлімдеу құжатын рәсімдеуге рұқсат беріп отыр.