Қазақмыс Тобы ЖЭО-ны одан әрі жаңғырту, күрделі жөндеу және алдағы жылу беру маусымына даярлау бағдарламасымен таныстырды

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақмыс Тобы жергілікті атқарушы, мемлекеттік органдардың өкілдерін және тұрғындарды Жезқазған жылу электр орталығын одан әрі жаңғырту, күрделі жөндеу және алдағы жылу беру маусымына даярлау бағдарламасымен таныстырды,

Қазақмыс Тобы ЖЭО-ны одан әрі жаңғырту, күрделі жөндеу және алдағы жылу беру маусымына даярлау бағдарламасымен таныстырды

деп хабарлады аталған компанияның баспасөз қызметінен.

Бағдарлама үш қазандық агрегатының, екі турбоагрегаттың, вагон аударғыштың күрделі жөндеуін, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды айырбастауды және ағымдық жөндеуді қамтиды. Осы аталған іс-шараларды жүзеге асыруға жұмсалатын инвестиция сомасы 3 млрд теңгеден асады.

2010 жылы нысандағы сегіз қазандық агрегаттарының төртеуі айырбасталды және де жылу орталығының бірнеше турбиналық агрегаттарына жөндеу жасалды. Электр энергиясының жылдық өндірілімі шамамен 900 млн. кВт*сағ. құрады, тұтынушыларға берілген жылу энергиясының ауқымы 1 млрд. Гкал-дан асты. 524,16 теңге/Гкал мөлшеріндегі жылу энергиясына деген тариф республикамыздағы ең төменгі болып отыр, әрі ол 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданылып келеді. Кәсіпорынның жабдықтарын жаңғыртуға қосымша инвестициялар салу мақсатымен тарифтің ағымдағы мөлшерін жылу энергиясын өндірудің өзіндік құнының деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр. Қосымша инвестициялардың 2011 жылғы болжамды сомасы 177 млн. теңгені құрайды.

«Екінші жыл қатарынан біз Жезқазған ЖЭО өндірістік тиімділігін арттыру жөніндегі кең ауқымды іс-шараларымызды жалғастырып келеміз. Алға қойылған міндеттердің орындалуы аймақтағы тұтынушыларға кәсіпорын ұсынатын қызметтердің сапасына жағымды әсер етеді», - деді Қазақмыс Тобының энергетикалық департаментінің басшысы Николай Коробовский.