ҚазАқпарат: 2011 жылғы 18-23 қазан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
|
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ |
Осы жылдың 28-30 қазан күндері Бакуде түркі тілдес елдердің екінші медиа-форумы өтеді. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Болгария, Ресей Федерациясының түркі тілдес республикалары - Татарстан, Башқұртстан, Алтай өңірі, Саха Республикасы (Якутия), Тыва, Хакас, Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Қырым Автономиялық Республикасы, Украина медиа-құрылым өкілдері қатысады.
2011 жылғы 18 қазанда «Өткір респираторлық вирусты инфекция және тұмау бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар» тақырыбында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ж.М.Бекшиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтеді.
Өткізілетін орны: Астана қ-ы № 5 қалалық емханасы (Ақан сері көшесі, 20)
ТМД
8-24 қазан аралығында Киевтің Brucie Collections галереясында әлемге танымал фотосуретші Говард Шатцтың көрмесі өтеді.
ҚОҒАМ
1 қаңтардан 25 қарашаға дейін ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында «Шаңырақ» атты бірлескен конкурсы өтуде.
19 қазанда Санкт-Петерборда ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғарғы органы) 31-отырысы өтеді
АСТАНА
18 қазан Бейбітшілік және келісім сарайында Дүниежүзілік рухани мәдениет форумы өтеді.
18 қазанда «Хан шатыр» орталығында Рухани келісім күніне орай концерт өткізіледі.
АЛМАТЫ
18 қазанда Алтыншы қазақстандық салық форумы өтеді.
18 қазанда TEMPUS бағдарламасының Қазақстандағы ақпараттық күні өтеді.
18 қазанда «Еуразия банкі» АҚ баспасөз клубының отырысы өтеді.
18 қазанда ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығыне арналған «Алматы - читающий город» акциясы өткізіледі.
18 қазанда Үшінші еуразиялық оқулар өтеді.
18 қазанда қала әкімдігінде әлеуметтік-экономикалық дамудың 9 айлық қорытындысы бойынша кеңес өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
ҚАЗАННЫҢ 18-І, СЕЙСЕНБІ
Рухани келісім күні
1992-нші жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-інші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. 1992-інші жылдан бастап бұл күн Қазақстанда ұлттық мейрам ретінде атап өтіледі.
Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991)
Әзербайжан Республикасы - Кавказдың оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Әзербайжан солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армения және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен, шығысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Астанасы - Баку. Мемлекеттік тілі - әзербайжан тілі. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы жоғары органы - парламент (меджлис).
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Қазақстанның Ұлттық банкі сатуға «Шабандоз» деп аталатын коллекциялық күміс шақа шығарды. 500 теңгелік шақа 925-шы сынамалы күмістен жасалған. Салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм. Бүйірі - тегіс, жазулар мен бұдырлар жоқ. Таралымы - 5 мың дана. Шақаның алдыңғы бетінде (аверс) шауып бара жатқан төрт атты бейнеленген, ал сыртқы жағындағы (реверс) ортасында - салт атты түріндегі көне алтын белгінің алтын жалатылған суреті. Шақаның құны - 5 мың теңге.
3 жыл бұрын (2008) Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қаныбек ауылында мешіт ашылды. Мешіттің құрылысы жомарт жандардың қаржыларына салынды.
1 жыл бұрын (2010) Жоңғар Алатау тауының етегінде орналасқан Алтынемел асуына жақын жерде қазақ халқының біртуар ұлдары Тезек төре сұлтан мен Бөлтірік шешенге арналып ескерткіш белгі орнатылды.
Тарихи деректерге сүйенсек, дәл осы ескерткіш орнатылған жерде Тезек төре мен Бөлтірік би Ұлы жүз қазақтары жер мәселелерінің әділ шешімін айтқан. Жобаның сәулетшісі Қазбек Жарылғапов. Ескерткіш тұғырдың биіктігі 7,4 метр, аумағы 2,3х2,8 метр.
1 жыл бұрын (2010) Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі этнограф-ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің алты томдық шығармалар жинағаның таныстырылымы болды.
Жинақтың бірінші томында ғалымның көркем туындылары, очерктері және ән-күйлері берілсе, екінші томда - қазақ халқының мәдениеті, өнері, фольклоры мен этнографиясына арналған еңбектері, үшінші томда - «Қазақтың күй өнері» монографиясы, төртінші томда - «Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау» атты зерттеу еңбегі, бесінші томда - А.Сейдімбектің әр жылдары жазған мақалалары, ал алтыншы томда автордың аударма еңбектері топтастырылған. Осы жинақты жүйелеп, баспаға әзірлеу жұмысына кезінде Ақселеу Сейдімбеков өзі атсалысқан.
ЕСІМДЕР
60 жыл бұрын (1951) Атырау облысы Қаржы басқармасының бастығы ЖАНТЕМІРОВ Бауыржан Ересұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген.
1972-1973 жылдары - Батыс Қазақстан облысындағы жеміс-көкөніс кеңшары консерві цехының бухгалтер-экономисті. 1973-1976 жылдары - Ақтөбе облыстық қаржы бөліміндегі штаттар бөлімінің тексеруші-инспекторы. 1976-1980 жылдары - Ақтөбе қалалық қаржы бөліміндегі штаттық бөлімінің бастығы. 1980-1987 жылдары - Ақтөбе қалалық халықтық бақылау комитетінің инспекторы. 1987-1990 жылдары - Ақтөбе облыстық халықтық бақылау комитетінің инспекторы, бөлім меңгерушісі. 1991-1993 жылдары - КСРО Зейнетақы қорының Ақтөбе облыстық филиалы басқармасының орынбасары. 1993-1995 жылдары - Ақтөбе облыстық тұрғын халықты әлеуметтік қорғау басқармасы тексеру комиссиясының бастығы, басқармасы бастығының орынбасары. 1995-2002 жылдары - Ақтөбе облыстық қаржы бөлімінің бастығы. 2002-2005 жылдары - Атырау облыстық Қаржы басқармасының бастығы. 2005-2008 жылдары - Атырау облыстық Қаржы департаментінің директоры. 2008 жылдың наурыз айынан бастап - қазіргі қызметінде.
«Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы САҒЫНОВ Замир Садықұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Өскемен жол-құрылыс институты (қазіргі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті) бітірген.
1990-1994 жылдары - Батыс Қазақстан облысы Фурманов аудандық автожолының шебері, прорабы. 1994-1997 жылдары - Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал өндірістік жол телімінің бас инженері. 1997-1999 жылдары - «Оралавтодор» қазыналық кәсіпорының бас маманы, директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары - «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорының Батыс Қазақстандық бөлімшесінің бас инженері. 2000-2001 жылдары - Батыс Қазақстандық автожолдар мекемесінің директоры. 2001-2002 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық автомобиль жолдары басқармасының бастығы. 2002-2004 жылдары - Қазталов ауданының әкімі. 2004-2006 жылдары - «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорын бас директорының орынбасары. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік инфраструктурасын дамыту комитеті төрағасының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік инфраструктурасын дамыту комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдың қаңтар айынан бастап - қазіргі қызметінде.
«Құрметті жолшы» белгісімен, «Ерен енбегі үшін» медальмен марапатталған.
40 жыл бұрын (1971) «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымының кандидаты, доцент БІРТАНОВ Елжан Амантайұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Қазақ мемлекеттік медицина университеті) бітірген. Америка Құрама Штатарында, Ресей Федерациясында, Бразилияда, Түркияда, Германия Федеративтік Республикасында, Ұлыбританияда, Швейцарияда еңбек өтілінен өткен.
1994-1998 жылдары - Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының токсиколог дәрігері, Ақпараттық-консультативтік токсикология орталығының басшысы. 1998-1999 жылдары - Алматы қалалық токсикология орталығының басшысы. 1999-2005 жылдары - Республикалық токсикология орталығының басшысы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Алматы қаласының бас токсикологы. 2005-2008 жылдары - «Денсаулық сақтауды дамыту институты» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның директоры. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі қызметтерін атқарған. 2010 жылдың наурызынан бастап - қазіргі қызметінде.
Еуропалық клиникалық токсикологтар қауымдастығының мүшесі. 2009 жылдың наурыз айынан бастап - «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
50-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
ҚАЗАННЫҢ 19-Ы, СӘРСЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Астанададағы ҚР Президентінің Мәдениет орталығында танымал фототілші, Шүкір Шахайдың «Тәуелсіздік: Қас-қағым сәт» атты альбом кітабының тұсаукесері болды. Еңбек жолын аудандық басылымда тілшілік қызметтен бастап, еліміздің беделді басылымдарында қызмет еткен Ш.Шахай - кәсіби фототілші. Ал оның 451 беттен тұратын кітабында Қазақстанның 1986-шы жылдардан бергі өміріндегі түрлі сәттер бейнеленген. Онда еліміздің алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қабылдау рәсімінен бастап, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа сапар шегетін сәттері, халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған әйгілі тұлғалардың суреттері көрініс тапқан. Кітап «Атамұра» баспасынан 1000 данамен шыққан.
5 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында үндінің «Дхаммапада» кітабының қазақша нұсқасының таныстырылымы болды.
Бұл шығарманы қазақ тіліне ақын, аудармашы, Падма Шри сыйлығының лауреаты Әубәкір Нілібаев тәржімалады. Ә. Нілібаев осыған дейін үнді әдебиетінің бүкіл әлемге танымал «Маһабһарата», «Ригведа», «Бхагавадгита», «Рабиндранат Тагор» кітаптарын аударған. «Дхаммапада» - қасиетті жазу ғана емес, ежелгі буддизмнің көрнекті әдеби туындысы. «Мұнда буддизмнің ізбасарлары бұрын пайдаланған және күні бүгінге дейін есте тұтып келе жатқан моральдық-этикалық негізгі қағаидалар баяндалған», деді аудармашы.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі VII қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 100 теңгелік ескерткіш алтын шақаны айналымға шығарды.
Номиналы 100 теңгелік алтын шақа 999 сынамалы алтыннан жасалған, таралымы 8 мың дана. Шақаның беткі жағында - шаңғы мен шақа шығарылған «2010» деген жазу бейнеленген. Шақаның сол жақ шетінде тянь-шань шыршасы бейнеленген.
Шақаның келесі жағының орталық бөлігінде мұз тәрізделіп жасалған көрініс үстінде 2011 жылғы 7-ші Азия ойындарының логотипі орналастырылып, қысқы спорт түрлеріне арналған идеограммалармен көмкерілген.
Қазақстан Ұлттық банкінің осы шақаның түпнұсқалығы кепілдендірілген сертификатында мынадай техникалық сипаттамалар көрсетілген:
Аталымы: « 7-нші қысқы Азия ойындары 2011 ж.» Номиналы: 100 теңге, Металы: алтын, Сынамасы: 999/100, Салмағы: 1,24 г, Диаметрі: 13,92 мм, Шығарылған жылы: 2010, Сапасы: пруф, Таралымы, дана: 8000. Шақа Қазақстан Республикасында заңды төлем құралы болып табылады.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі VII қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 500 және 5000 теңгелік ескерткіш күміс шақаларды айналымға шығарды.
Номиналы 500 теңгелік күміс шақа он екі қырлы етіп жасалған. Шақаның беткі жағында - қармен көмкерілген петроглиф бейнеленген.
Шақаның келесі жағында ортасында 2011 жылғы VII Азия ойындарының логотипі голографиялық түрде орналастырылған.
Қазақстан Ұлттық банкінің осы шақаның түпнұсқалығы кепілдендірілген сертификатында мынадай техникалық сипаттамалар көрсетілген: Аталымы: « 7-нші қысқы Азия ойындары 2011 ж.», Номиналы: 500 теңге, Металы: күміс, Сынамасы: 925//1000, Салмағы: 31,1 г, Диаметрі: 38,61 мм, Шығарылған жылы: 2010, Сапасы: пруф, Таралымы, дана: 13000.
Шақа Қазақстан Республикасында заңды төлем құралы болып табылады.
Номиналы 5000 теңгелік күміс шақа 225 тараыммен шығарылып, сынамасы осындай күмістен құйылған, салмағы - 1000 грамм, диаметрі - 100 мм. Беткі жағында шаңғы, жоғарғы бөлігінде қазақстандық теңге сарайының тауар белгісі, сол жағында тянь-шань шыршасы бейнеленген.
Шақаның келесі жағында мұз үстінде 2011 жылғы VII Азия ойындарының логотипі қысқы спорт түрлерінің көрінісімен идеограмма түрінде көмкерілген.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1926-1977) эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, профессор КЕРЕЕВ Нұрғазы Идашұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Әскери-теңіз академиясын бітірген. 1948-1957 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери дәрігер. 1957-1958 жылдары - Қазақ КСР Ғылым Академиясының Өлкелік патология институты эпидемиология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. 1958-1964 жылдары - Қазақ эпидемиология, микробиология және гигиена ғылыми-зерттеу институты эпидемиология бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 1964-1977 жылдары - Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институты эпидемиология кафедрасының меңгерушісі болған.
Негізгі ғылыми еңбектері табиғи ошақты аурулар эпидемиологиясына арналған. Ол бөртпе, сүзек, кене арқылы жұғатын энцефалит, орнитоз сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулардан сақтану жүйесін жасаған.
80 жыл бұрын (1931-2000) философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылым академиясының академигі ҚАСЫМЖАНОВ Ағын Хайроллаұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын бітірген. 1957-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері, доценті, философия тарихы және Қазақстанның қоғамдық ой-пікірі бөлімінің меңгерушісі. 1976-1978 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті философия-экономика факультетінің деканы. 1978-1982 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтының директоры. 1982-1987 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің философия тарихы кафедрасының меңгерушісі. 1987-2000 жылдары - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әл-Фараби орталығының директоры қызметтерін атқарған.
Ол Әл-Фараби мұраларын зерттеу мақсатында 1993 жылы Қазақ мемлекеттік университеті жанынан Әл-Фараби ғылыми орталығын құрды. Ғалымның жетекшілігімен Әл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік-этникалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ, «Птолемейдің «Алмагестіне» Әл-Фарабидің түсіндірмесі», т.б. шығармалар жарық көрді. Оның бірқатар еңбектері ағылшын, араб, француз, финн, чех, т.б. тілдерге аударылған. Ғалымның жетекшілігімен 7 ғылым докторы, 70 ғылым кандидаты даярланған.
65 жыл бұрын (1946-1992) Қазақстанның ұлттық кәсіпқой қолданбалы қолөнері негізін қалаушылардың бірі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі ӨТЕП Батырбек Туғанбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Львов мемлекеттік қолданбалы өнер институтын бітірген. Ол Қазақстандағы қолданбалы өнер саласын, соның ішінде тоқыма саласын енгізген кәсіпқой суретші. Оның «Түркі дастаны», «Бозторғай», «Той» атты туындылары халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, дипломдармен марапатталған. Бұл туындылары Астана қаласындағы Президент резиденциясында ілінген. Сонымен қатар жұртқа танымал «Өскен өңір», «Өркен», «Шілде», «Өмір өрнегі», «Білектесу», «Атамекен», т.б. туындылары бар.
1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Өтеп Батырбек атындағы қайырымдылық қоры құрылды. Ал 1997 жылы Шымкент қаласының орталық көшелерінің біріне, 2006 жылы шілденің 1-де осы қаладағы өнер мектебіне суретшінің аты берілді.
ҚАЗАННЫҢ 20-Ы, БЕЙСЕНБІ
Дүниежүзілік остеопороздан алдын-ала емдеу күні
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, Ұлыбританияның Ұлттық остеопороз қоғамының ұйымдастыруымын 1999 жылдан бастап аталып өтіледі.
Әуәдиспетчердің халықаралық күні
1961 жылғы қазанның 20-ында Амстердамда Әуәдиспетчер одағының халықаралық федерациясы құрылды - бұл жағдай әуе көлігінің даму тарихының маңызды белгісі болды.
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ақтөбенің құрметті азаматтары туралы» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл басылымда 1969 жылдан 2004 жылға дейінгі 35 жылдық кезеңде қаланың құрметті азаматы атағы берілген ақтөбеліктердің өмірбаяны берілген. 1969 жылғы мамырдың 30-ында жазушы Тахауи Ахтанов қаланың тұңғыш құрметті азаматы атағын алған. Содан бері осынау жоғары атақты 90 адам алған, бірақ 35 жылдық мерзімді қамтуына байланысты жинаққа олардың 84-і ғана енген. Көптеген деректерді мұрағаттан іздеуге тура келді. Кітап 2 дана болып шықты, оған бюджеттен 300 мың теңге қаражат бөлінді. Басылымның бір данасы мұражайда, біреуі қалалық мәслихатта сақталатын болады.
5 жыл бұрын (2006) Семейде «Геохимиялық экология мен биохимияның мәселелері» атты журналдың таныстырылымы болды. Биогеохимияның өзекті мәселелеріне арналған ғылыми басылым үш тілде жарық көріп отыр. Оны шығарудағы басты мақсат - экологиялық биогеохимия білімі саласындағы тәжірибеге сүйене отырып, қоршаған ортаны қорғаудың нақты ғылыми-техникалық жолдарын табу, сондай-ақ табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Семей мемлекеттік педагогикалық институты қаржыландырып отырған басылым жылына 4 рет 1000 данамен алыс және жақын шетелдерге таратылады.
5 жыл бұрын (2006) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы ғимаратының маңайында «Мұнайшы» саябағы ашылды. Астаналық саяжайдың жалпы аумағы 1,5 гектарға тең. Мұнда 702 түп ағаштың 18 түрі отырғызылған. Астана қаласы әкімдігінің арнайы тапсырмасымен ашылып отырған «Мұнайшы» саябағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын «Астана - Зеленстрой» АҚ-ы атқарған болатын.
3 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «НАТО байланыс офицерінің Қазақстан Республикасында болуы және қызметі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Солтүстікатлантикалық ұйым арасындағы нота алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» және Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын қалыптастыру және ұйымдастыру мәртебесін, тәртібін айқындайтын «Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
3 жыл бұрын (2008) Люксембургтегі «Cercle Münster» іскерлік клубында Қазақстан Елшілігі Қазақстанның Құрметті консулы Джое Леммермен бірлесіп «Қазақстандық жол» деген тақырыпта конференция өткізді. Бұл шараға герцогтықтық сыртқы істер министрлігінің орынбасары Николя Шмит, Парламент депутаты, НАТО парламенттік Ассамблеясының Қазақстан бойынша баяндамашысы Марк Ангел, ел Премьер-Министрінің дипломатиялық кеңесшісі Майк Хенчес, Экономика министрлігі Сыртқы сауда департаментінің директоры Лоик Бертоли, адвокаттық кеңселер мен бизнес-топтың өкілдері, журналистер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстанның Еуропалық қоғамдастықтар жанындағы, НАТО жанындағы, Бельгия мен Люуксембургтегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов жиналған қауымға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың француз тіліне аударылған «Қазақстандық жол» кітабын таныстырды. Елші өз сөзінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму жолына тоқталып, халықаралық сахнадағы республиканың тқрақтандырушы рөлін атап көрсетті және Астананың көпвекторлы сыртқы саясатының, оның ішінде Еуропалық Одақпен, НАТО-мен және Люксембургпен қарым-қатынасының дамуының талдамасын таныстырды. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына алдағы төрағалығына да тоқталған К.Жигалов жиналғандарды осынау жауапты миссияны атқаруға дайындық жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Елбасының бастамашылығымен әзірленген «Еуропаға жол» арнайы бағдарламасына да ерекше назар аударылды. Люксембург Премьер-Министрінің дипломатиялық кеңесшісі М.Хенчес өз сөзінде екіжақты байланыстардың дамуын оң бағалап, Министрлер кабинетінің басшысы Клод Юнкердің ағымдағы жылдың маусым айында Астана мен Алматыға жасаған ресми сапары барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің осынау байланыстарға жаңаша серпін беріп отырғанын айтты. Бұл жиын бұқаралық ақпарат құралдарының тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Оған «Luxemburger Wort» және «Tageblatt» газеттері мен «RTL Group» телерадиоарнасының тілшілері қатысты.
1 жыл бұрын (2010) Астанада Германия Бундестагының депутаты Вольфганг Бёрнзеннің «Халық қалаулылары» атты кітабы таныстырылды.
«Бұл кітап халықаралық парламентаризмге арналған және Германиядағы парламенттік үдерістер туралы баяндайды. Сондай-ақ онда депутаттар атқаруы қажет міндеттер де қарастырылған»,- деді В.Бёрнзен мырза кітаптың таныстырылымында.
Автордың айтуынша, кітап елдегі парламенттік үдерістерді жақсартуға қатысты ойларға жақсы серпін бола алады.
Басылым Қазақстанның Германиядағы елшілігінің бастамашылығы бойынша қазақ тіліне аударылды. Кітап әлемнің жеті тілінде, оның ішінде украин, болгар, испан, қытай тілдерінде жарық көрген. Кітаптың қазақ тіліндегі тиражы - 3 мың дана.
ЕСІМДЕР
35 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Премьер-министр Кеңсесі Басшысының орынбасары ТӨЛЕУХАНОВ Дәурен Айтмұхаметұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Монтана штатының университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін, Лондон университетінің магистратурасын, Лондон дипломатиялық академиясын бітірген. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Екі жақты ынтымақтастық департаментінің референті. 2000-2006 жылдары - Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы елшілігінің атташе, үшінші хатшысы, екінші хатшысы, бірінші хатшысы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаменті директорының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ президенті. 2008 жылдың қараша айынан бастап - қазіргі қызметінде.
2009 жылдың сәуір айынан басатап - «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.
35 жыл бұрын (1976) Қарағанды облысы әкімінің әлеуметтік сала мен ішкі саясат мәселелері бойынша орынбасары ҚЫРЫҚБАЕВ Арман Оразбайұлы дүниеге келді.
Целиноград (қазіргі Астана) қаласында. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің референті, атташесі. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінде атташе. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы. 2000-2002 жылдары - академиясының тыңдаушысы. 2002 жылы - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД Комитетінің Орталық Азия және Кавказ елдері бөлімінің екінші хатшысы. 2002-2004 жылдары - «Корпорация ABE» ЖАҚ стратегия және маркетинг департаментінің директоры. 2004-2005 жылдары - «К-МАРТ» ЖШС бас директоры. 2005-2006 жылдары - Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы қаласының жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық қатынастар және қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап - қазіргі қызметінде.
2008 жылдың маусым айынан бастап - «Қазақфильм» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
ҚАЗАННЫҢ 21-І, ЖҰМА
ОҚИҒАЛАР
5 жыл бұрын (2006) Жерлестері спортшының туған ауылындағы көшеге дзюдодан павлодарлық тұңғыш жаттықтырушы Батырбек Сейсембаевтың есімін берді. Спорт қайраткерінің есімі ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша мәңгі есте қалдырылды. Осы Ленин ауылында спорт күресін ашқан, жас балуандарды айтулы сайыстарда жеңіске жетуге үйреткен, өзінің бар күш-жігерін күрес өнерін дамытуға арнаған адамды оның шәкірттері, әріптестері, достары мен жерлестері естерінде мәңгі сақтайды. Оның ізбасарлары да осы ауылда екі зал ашқан, онда балалар дзюдо және бокспен шұғылданады. Павлодарда Батырбек Сейсембаевтың есімі «Батыр» спорт мектебіне берілген.
3 жыл бұрын (2008) Таразда Ықылас Дүкенұлы туралы кітап жарық көрді. «Ықылас - күй шебері» деп аталатын туынды Тараздағы «Сенім» баспасынан шығып отыр. Атақты күйші туралы көркемдік-биографиялық очерктің авторы - жамбылдық жазушы Пернебай Дүйсенбин. Басылым Ықылас Дүкенұлының 165 жылдығы құрметіне арналып отыр. Күйшінің туған жерінде - Жамбыл облысының Сарысу ауданында мерейтойы кеңінен атап өтілді.
ДҮКЕНҰЛЫ Ықылас (1843-1916) - халық композиторы, күйші, қобызшы, қобыз мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Қарағанды облысы Жаңаарақа ауданында туған. Ықыластың атасы Алтынбек айтулы зергер, ұста адам болған; ағаштан қобыз, домбыра жасап, өзі сол аспаптарды жақсы тарта білген. Ал өз әкесі Дүкен күйшілік өнерді ұстанған. Ықыластың күйшілік дарыны ерте ашылып, 7-8 жасынан қобыз ұстап, әкесі тартқан күйлерді тез игеріп алған. 15 жасынан ол үлкен жиындарда өнер көрсете бастаған. Кезінде Ықыластың талантына тәнті болған Жанақ пен Шөже ақындар жас өнерпазға батасын беріп, Тәттімбет пен Тоқа сынды күйшілер оның өнерін өте жоғары бағалаған. 18 жасында ол әкесінен үйренген күйлерге өзгеріс енгізіп, оларды классикалық деңгейге көтерді; бақсылардың жүйесіз сарын түлеткен қобыз үніндегі абстракцияны жойып, оны адамның шабытына, ой-толғауына бағындырды, сөйтіп, қобызды халықтық музыкалық аспапқа айналдырды. Ықылас алғашқы күйлерін халықтық фольклордағы оқиғалар негізінде құрды; эпостық жырларды, аңыз ертегілерді қыл қобыз үнімен шертті және қыл қобыздың үн көлемін байытып, тереңдетті. Оның күйлерінің ырғағы өзінен бұрынғы күйшілерге ұқсамай, адам көңілінің тоқсан толғаулы сырын жыр етті, уақытты, замана тынысын, өмір шындығын шертті. Ол толғаған «Қорқыт» - бақытты өмірді аңсау, тәтті қиял; «Кертолғау» («Тоғыз тарау ? Кертолғау» деп те аталады) ? замана келбеті, мезгіл туралы ой; «Қоңыр» - адам сезімінің шаттанған, шуақты сәті, жарқын лиризм; «Ықылас» - шабыт шарықтауы; «Қазан» - елдің батырлық салтын ардақтаған салтанатты шеру; «Қамбар-Назым» - махаббат жыры; «Жезкиік» - кең дала табиғаты, еркіндік жыры; «Шыңырау» - зұлымдық қасіреті; «Аққу» - өмірді сүю, өлімді жеңу, адам құдіретін дәріптеу; «Жалғыз аяқ» - әділет үшін оптимистік құлшыныс; «Ерден», «Жарым патша», «Бестөре» - отаршылдық жүйе, Ресей өкіметіне беріле қызмет еткен қазақ ақсүйектері, тағы басқа Ықыластың азаматтық ойын айқындайтын саяси-әлеуметтік мәні бар күйлер. Ықылас Омбы, Қызылжар (қазіргі Петропавл), Ақмола (қазіргі Астана) қалаларында, жәрмеңкелерде қобыз тартуда алдына жан салмаған. Оның Сүгір, Ашай, Әйкен сияқты талантты шәкірттері болды. Өз ұлы Түсіпбек те қобызда өте шебер ойнады, ол әкесінің көптеген күйлерін Д.Мықтыбаевқа үйретті. Қобызшы Ж.Қаламбаев Сүгірден Ықылас күйлерін үйреніп, оларды нақышына келтіре орындады. Ықыластың көптеген күйлері Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде де орындалады. Жамбыл облысы Байқадам ауылында Ықылас атында музыкалық мектеп, Алматы қаласында музыкалық аспаптар мұражайы бар. Ықыластың қобызы Жамбыл облысы Жайлаукөл ауылында тұратын немерелерінде сақтаулы.
ЕСІМДЕР
55 жыл бұрын (1956) экономика ғылымының докторы, профессор ЕРТІЛЕСОВА Жаннат дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).
Еңбек жолын Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтер ғылыми-зерттеу экономикалық институтының ғылыми қызметкері болып бастады. 1992 жылы экономика жөніндегі мемлекеттік комитеті жанындағы Экономика және нарықтық қатынастар ғылыми-зерттеу институтының директордың орынбасары болып тағайындалған. 1993-1994 жылдары - ҚР Экономика минстрлігі Қаржы-несие саясаты басқармасының бастығы, министрдің орынбасары. 1995-1997 жылдары - ҚР Үкіметі жанындағы Экономикалық реформалар орталығының жетекшісі, ҚР Экономика министрінің бірінші орынбасары. 1997-2000 жылдары - ҚР Қаржы вице-министрі, бірінші қаржы-министрі. 2000 жылы - «Қазақтелеком» ААҚ-ының вице-президенті. 2000-2001 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары. 2001-2003 жылдары - «Сана-консалтинг» ЖШС-інің бас директоры. 2003-2004 жылдары - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары. 2004 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ының корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры болған. 2005 жылы Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы кеңесінің төрағасы болған. 2007 жылы «Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі (қазіргі Самұрық-Қазына), және ҚР Премьер-Министрінің штаттан тыс кеңесшi болған.
2009 жылдан бастап 7 каналда «Профессиональный разговор с Жаннат Ертлесовой» бағдарламасының жүргізушісі.
ҚР Қаржы министрлігінің, ҚР Министрлер Кабинеті Аппаратының алғыстарына ие болған.
41 ғылыми еңбектің авторы.
ҚАЗАННЫҢ 22-І, СЕНБІ
Дағыстанның Мемлекеттік мейрамы - Ақ тырналар мерекесі
Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың бастамасымен, поэзия мерекесі ретінде соғыс даласында мерт болған барлық жауынгерлердің рухын ардақтау мақсатында жиырма жылдан астам уақыт атап өтілуде.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус үшін «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымы өтті. Таныстырылым барысында бағдарламаның негізгі бағыттарын, сондай-ақ оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын түсіндіру мақсатында еліміздің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері баяндама жасады. Бағдарламының мақсаты - Қазақстан мен Еуропа елдерінің ынтымақтастығын дамыту, технологиялар мен энергетика, көлік, техникалық реттеу және метрология саласындағы қарым-қатынасты жетілдіру, сондай-ақ 2010 жылы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін жағдай қалыптастыру.
3 жыл бұрын (2008) Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласы мен оған жақын Аташ, Баутино ауылдарының аумағына жедел археологиялық қазба жұмыстарын жасап жатқан маңғыстаулық археологтар 70-тен астам тарихи ескерткіш кешендері мен жекелеген нысандарын тапты. Шұғыл жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары елді мекеннің экономикалық тұрғыдан қарқынды игеріліп жатқандығына байланысты ескерткіштердің жойылып кету қаупінің алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Археологтар тапқан ірі нысанның бірі - көлемі 15 га. аумақты алып жатқан шамамен ХІV ғасырға жататын Кетік қаласы. Жартысына жуығы техногендік себептермен жойылып кеткен тарихи жәдігердің орталық бөлігі сақталып қалған. Ішінара жүргізілген қазба жұмыстарында қаланың жертөлелері мен үйлерінің, мәдени кешендерінің орындары анықталды. Табылған керамикалық ыдыстар, диірмен тастары мен алтын, күміс теңгелер қаланың сауда-шаруашылық орталығы болғандығын айғақтайды. Теңіз жағалауындағы бухталар Кетік қаласының, тарихи деректерде айтылатындай, портты қала болғандығын дәлелдей түседі. Қалған ескерткіштердің барлығы визуалды түрде тіркелді. Соның бірі ? археологтар шамамен Алтынорда кезеңіне жатқызып отырған Қорғантас қаласы. Көлемі 15 га. аумақты алып жатқан қаланың үш метрлік шошақтасты табыну орындарының болғандығына қарап, мамандар оның іргесін ХI-ХII ғасырларда оғыздар қалаған болуы мүмкін деп отыр. «Жалпы біз есепке алған 70-тен астам ескерткіштің дені болжаммен Моңғол шапқыншылығына дейінгі кезеңге немесе Алтынорда кезеңіне жатады. Бұл осы кезеңдерде Бозашы түбегінің сауда орталығы ғана емес, мәдениет ошағы болғандығына да меңзейді. Ендігі мақсатымыз ? ескерткіштерді түгелдей қорғауға алу үшін облыс әкімі жанындағы арнайы кеңеске ұсыну», дейді археолог Андрей Астафьев. Бүгін экспедициялық топ кезекті барлау жұмыстарын жалғастыру үшін Шақпақ ата мешітіне аттанып кетті.
3 жыл бұрын (2008) Чехиядағы Қазақстан Республикасы елшілігі Прага қаласында ЧР СІМ жанындағы халықаралық қатынастар институтында қазақстандық «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымын өткізді. Оған осы елдің мемлекеттік, академиялық және қоғамдық жұртшылық өкілдері, сондай-ақ Прагада оқитын қазақстандық студенттер қатысты. Карл Енглиш институтының проректоры, басқарушы Азаматтық демократиялық партияның белгілі өкілі Ярослав Юречка қабылданған бұл бағдарламадан Қазақстанның қазіргі ығыттарға жауабын, бағдарламаның өн бойынан қазақстандық өкімет орындарының, Қазақстан Президентінің алға қойған мақсаттары айқын да келешегінің зор екенін байқауға болады, деген пікір айтты.
1 жыл бұрын (2010) Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының (FILA) президенті Рафаэль Мартинетти ұлттық күрес спортының түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның «Достық» орденімен марапатталды.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Журналистер одағы мен «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамы «Даму» журналистік сыйлығын тағайындады.
Сыйлық Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында экономика және қаржы тақырыбына жазылған үздік аналитикалық материалдар үшін берілетін болады.
1 жыл бұрын (2010) С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік медициналық университетінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдарының және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының және Профилактикалық медицина академиясының президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төрегелді Шармановтың 80 жылдығына арналған «Өмір аллеясы» атты ескерткіш ашылды.
Төрегелді Шарманов ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Платиналық Тарлан» сыйлығының лауреаты, 2005 жылы әлемдік денсаулық сақтау ісіне қосқан баға жетпес үлесі үшін ДҰҰ-ның ең жоғары сыйлығы - Леон Бернард атындағы медалін алды. Ол 1951 жылдан бері дүние жүзі бойынша 41 адам иеленген сыйлықтың 42-шісі болды. Ол сонымен қатар Қазақстандағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушысы болып табылады. Оның жетекшілік етуімен ТМД жерінде теңдесі жоқ Балалар тағамының орталығы құрылды.
1 жыл бұрын (2010) Швейцарияның Люцерн қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен құрылған «Швейцария-Қазақстан» Сауда палатасының салтанатты ашылуы болды.
Оның ашылу рәсіміне Швейцария сауда палаталарының, осы елдің экономиканы дамыту ұйымдарының, сыртқы саясат ведомстволарының және дипломатиялық корпустың , сондай-ақ Конфедерацияның бірқатар компаниялары мен банк мекемелерінің өкілдері қатысты.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) «Миттал Стил Теміртау» АҚ-ы көмір шикізат жөніндегі халықаралық бас сарапшы, техника ғылымының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық тау-кен (горный) академиясының академигі, Нью-Йорк тау-кен академиясының мүшесі, Қазақ КСР көмір өндірісінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және Министрлер Кабинеті сыйлығының лауреаты, Шахтинск қаласының құрметті азаматы ПРЕЗЕНТ Григорий Михайлович дүниеге келді. Ресейдің Саратов облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1964-1993 жылдары - Костенко атындағы шахта телімі бастығының орынбасары, бастығы, директордың орынбасары, бас инженері, директоры. 1993-1995 жылдары - «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің бас директоры. 1995-1996 жылдары - «Қарағандышахтакөмір» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1996 жылдан бастап «Испат-Кармет» ААҚ Көмір департаментінің атқарушы директоры болған.
Құрмет, Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен, «Шахтер даңқы» белгісінің үш дәрежесімен марапатталған.
50 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің ТөрағасыМӘДИНОВ Ромин Ризаұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан (Коқшетау) облысында туған. Омбы мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Омбы қаласында «Омскгидропривод» зауытында фрезерші болып бастады; және де «Омскгидропривод» зауытының БЛКЖО Комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды; БЛКЖО Омбы обкомының нұсқаушысы; «Контакт» коммерциялық орталығының директоры; «Агроорталық» астық компаниясының директоры; Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі. 1999 жалдын бастап кезге дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Екі кітаптың авторы:
«Құрмет» орденімен, «Астана», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» медальдарымен, марапатталған.