ҚазАқпарат 2015 жылғы ірі спорттық додалар кестесін ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылқы жылы қазақ спорты үшін аса табысты болғанын осыған дейін жаздық. Ал, қой жылында спортшыларымызды қандай ірі додалар күтіп тұр? Бүгін оқырман назарына 2015 жылы өтетін ең басты спорт бәсекелерін ұсынғанды жөн көрдік. Олай болса, биылғы өтетін әлемдік ірі додалар қай елде, қашан өтеді?
None
None

Қаңтар мен ақпан аралығында өтетін жарыстар:

Қаңтардың 15-і мен 25-і аралығында Австрияда фристайлдан жасөспірімдер мен ересектер арасындағы әлем чемпионаты жалауын желбіретеді.

Қаңтардың 24-і мен ақпанның 4-і аралығында Гранада (Испания) мен Осрбльеде (Словакияда) XXVII қысқы универсиада өтеді.

Ақпан мен наурыз аралығында өтетін жарыстар:

Ақпанның 18-і мен наурыздың 1-і аралығында Швецияда шаңғы спортынан әлем чемпионаты өтеді.

Ал биыл ақпанның 28-і мен наурыздың 1-і күндері аралығында елорда төрінде «Алау» мұз сарайында тұңғыш рет конькимен жүгіру бойынша спринттік көпсайыстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл дода осы жылы елімізде өтетін ірі бәсекелердің бірі болып саналмақ. Ал наурыздың 2-8 күндері Таллинде (Эстония) мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді.

Сондай-ақ, осы наурыз айының 3-15 аралығында Финляндияда биатлоннан әлем чемпионаты және наурыздың 13-15 күндері Мәскеуде шорт-трекшілер әлемдік сында бақ сынайды.

Биылғы мұз айдында өтетін басты додалардың тағы бірі - 23-29 наурыз аралығында Қытайдың Шаңхай қаласында мәнерлеп сырғанаудан өтетін әлем біріншілігі.

С әуір айында өтетін жарыстар: Сәуірдің 18-24 аралығында Польшаның Краков қаласында шайбалы хоккейден әлем біріншілігі өтеді. Онда еліміздің құрамасыИталия, Жапония, Украина, Венгрия, Польша құрамаларымен бір топта өнер көрсетеді. Қайсысы жеңіске жетсе, жоғары топқа жолдама алады.

Мамыр айында өтетін жарыстар:

Мамыр айының 12-18 күндері аралығында Ресейдің Челябинск қаласында таэквондодан әлемдік бәсеке өтеді. Сонымен қатар мамырдың 6-10 күндері аралығында Дохада (Катар) күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді. Сонымен қатар 20-28 мамыр аралығында Бейжіңде волейболдан Азия чемпионаты өтеді. Бұл додаға Қазақстан әйелдер құрамасы қатысады.

Маусым айында өтетін жарыстар:

Маусым айының 2-11 аралығында Бангкокта (Таиланд) бокстан Азия чемпионаты өтеді. Бұл бәсекеге Қазақстанның былғары қолғап шеберлері де қатысады. Сонымен қатар маусымның 1-5 аралығында Кобеде жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.

Шілде айында өтетін жарыстар:

Шілде айының 3-14 аралығында Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында Жазғы универсиада ойындары өтеді.

Ал осы шілде айының 31 күні Куала-Лумпурда (Малайзия) 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізетін қала белгілі болатынын айта кету керек. Себебі, Қысқы ойындарды қабылдауға еліміздің басты қалаларының бірі - Алматы қаласы да үміткер екенін естен шығармауымыз керек. Ал Алматының басты қарсыласы - Қытай астанасы Бейжің қаласы.

Шілде мен тамыз айында өтетін жарыстар:

Шілде айының 13-19 күндері Мәскеуде семсерлесуден әлем біріншілігі өтеді. Ал ш ілденің 24-і мен тамыздың 8-і күндері аралығындаТатарстан астанасы Қазан қаласындағы су спорт түрлерінен әлем чемпионаты өтетін болады.

Ал тамыз айының 22-30 аралығында Қытай астанасы Бейжің қаласында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтеді.

Ал осы айда, нақтырақ айтсақ, тамыздың 25-30 күндері аралығында Астанада тұңғыш рет тағы бір байрақты бәсекенің куәсі боламыз. Осы күндер аралығында әлемнің ең үздік дзюдошылары елорда төрінде әлем біріншілігінің жүлделерін сарапқа салатын болады. Бұл біріншіліктің басты ерекшелігі - жарыс жолында жақсы нәтиже көрсеткен спортшыларға рейтингтік ұпайлар беріледі. Сондықтан өз елімізде өтетін басты додада жерлестеріміз аянып қалмасы анық. Бұл бәсі биік бәсекеге еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы толық құрамда өнер көрсетеді.

Қыркүйек айында өтетін жарыстар:

Қыркүйектің 7-15 күндері аралығында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Күрестің үш түрінен өтетін бұл байрақты бәсекенің басты ерекшелігі - Рио-де Жанейро Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынады.

Сонымен қатар осы айдың соңғы 10 күнінде Қазақстан велоспортшылары Ричмондтағы (АҚШ) әлем чемпионатына қатысады.

Қазан айында өтетін жарыстар: Қазан айының 5-18 күндері аралығында Катар астанасы Дохада бокстан әлем чемпионаты өтеді.

Қ араша айында өтетін жарыстар:

Қараша айының 20-29 аралығында Хьюстонда (АҚШ) ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Онда Қазақстан зілтеміршілері Рио-де-Жанейро жолдамасына таласады.

Ал, 2015 жылы аладоп бәсекелерінен Азия, Америка, Африка чемпионаттары ұйымдастырылады. Азия кубогы Австралияда (қаңтардың 9-31 арасында), Африка кубогы Экваторлық Гвинеяда (қаңтардың 17-сі мен ақпанның 8-і аралығында), Оңтүстік Америка кубогы Чилиде (маусымның 11-і мен шілденің 4-і аралығында), Солтүстік Америка чемпионаты АҚШ пен Канадада (шілденің 7-сі мен 26-сы арасында) өтетін болады.

Маусымның 12-28-і аралығында алғаш рет Еуропа ойындары өтеді. Бакуде өтетін бұл ойындарға тек Еуропа елдері ғана қатыстырылады.

Міне, 2015 жылы өтетін ең басты додалар! 2016 жылы Рио-де Жанейро Олимпиадасы өтетінін жақсы білеміз. Биыл негізінен Олимпиадаға жолдамалар таратылатын жыл. Сондықтан қазақ спортшыларына еш босаңсуға болмайды.

Дайындаған Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар