«ҚазАқпарат» агенттігі 90 жылдық мерейтойында спорттық жетістіктерімен де еленді

АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 90 жылдық мерейтойында спорттық жетістіктерімен де еленді. Кеше, жексенбіде «Спорт күніне» арналған журналистер арасындағы спартакиадада «ҚазАқпарат» агенттігі бірлігі мен тірлігі жарасқан, сүйінерлік үлгі ұжым ретінде ерекше ілтипатпен аталды.
None
None

Қ. Мұңайтпасов атындағы Достық орталық стадионда тоғызқұмалақ, шағын футбол және көңілді жарыс спорт түрлерінен өткен дода барысында біздің агенттіктің қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарының 14 ұжымы ішінде «ең белсенді команда» деп танылды.

Қазақтың төл ойыны, ұлттық спортымыз тоғызқұмалақ ойынында агенттік тілшілері Марлан Жиембай (3 орын), Нұрлан Қасымбеков (2 орын) және Балауса Жолаушыдан (1 орын) асар өрен болмады. Аталмыш спорт түрі бойынша жалпы есепте «ҚазАқпарат» агенттігі бірінші орынды иеленді.

Қазақ, орыс, ағылшын, латын және төте жазу редакцияларының журналистерімен қатар, «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қызметкерлерінің барлығы дерлік қатысты.

Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат» агенттігі әлемдік ақпарат кеңістігінде еліміздің лайықты беделін асқақтатып жүр. Жедел де шапшаң ақпарат жасауды жетік меңгерген журналистер спортта да жан аямайтындықтарын көрсетті. Ақпарат кеңістігіндегі бәсекеде ғана емес, бұқаралық спортта өзгелердің алды болуға ұмтылатынын дәлелдеп, агенттіктің 90 жылдығы мерейтойында лайықты сый жасады.

ҚР Спорт және туризм министрлігі және Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шарасына республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жалпы саны 14 команда қатысты.

Соңғы жаңалықтар