«ҚазАқпарат» агенттігі «MEDIA EXPO-2015» көрмесінде өз таныстырылымын жасады
Осымен төртінші рет ұйымдастырылған көрмеге əдеттегідей мемлекеттік жəне коммерциялық телеарналар, баспалар мен жарнама нарығының үздіктері, сондай-ақ коммуникация жəне маркетинг саласының мықты мамандары қатысуда.
«Қазмедиа Орталығы» «Media Expo 2015» көрмесінің стратегиялық əріптесі болды жəне біз оған өте қуаныштымыз. Көрменің «ҚазМедиа Орталығында» өтуі - перспективаға жол ашып отыр, көрменің осы ғимаратта өтуі дəстүрге айналды десек болады. Шараның тағы бір маңызды тұсы - бүгін телеарналар өзара тəжірибе алмасып, өзге де БАҚ өкілдері жаңалықтарын жария етіп жатыр. Көрме жұмысы жемісті болсын»,-деді көрменің ашылуында «ҚазМедиа Орталығы» компаниясының бас директоры Мирболат Аюпов.
Биылғы көрменің бір жаңалығы - көрмеге телеарналармен қатар, алғаш рет продакшн компаниялар мен студиялар да қатысуда. Көрмені ұйымдастырып жатқан «Бас редакторлар клубының» президенті Бибігүл Жексенбай бұған қатысты ойын айта келе: «Биыл алғаш рет көрмеге продакшн студияларды да шақырдық. Алайда, олар тарапынан қызығушылық өте жоғары деп айта алмаймын. Бірақ, менің ойымша, уақыт өте келе продакшн студиялар да осындай көрмелердің қажеттігін түсінеді», - деді.
Көрмеге сондай-ақ «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі де қатысып, өз таныстырылымын жасады.
«ҚазАқпарат» - Халықаралық дәрежеге ие болған Қазақстандағы алғашқы ақпараттық агенттік. Медиа-агенттік 95 жылдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және қоғамның өзге де тыныс тіршілігі туралы жедел әрі сенімді ақпарат таратып келеді.
Агенттіктің орталық кеңсесі Қазақстанның елордасы Астана қаласында орналасқан. Елдің қаржылық және мәдени орталығы Алматыда оның филиалы - тілшілер бюросы бар. ҚазАқпаратта өзге отандық ақпараттық агенттіктерде жоқ тілшілер желісі бар. Елдің барлық аймақтарында 15 тілшілер пункті орналасқан. Оның ішіне Байқоңыр да кіреді. Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды on-line режимде жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.