«ҚазАқпарат» агенттігінде Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға «Жасыл ел» жасақтарының қатысуы тетіктерінің таныстырылымы өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Ертең, сәуірдің 9-ы күні «ҚазАқпарат» агенттігінің баспасөз орталығында «Жасыл ел» республикалық штабының басшылығы Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары жұмысының тетіктерін таныстыруға арналған баспасөз мәслихатын өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл шараны «Жасыл ел» жастардың еңбек және студенттік құрылыс жасақтары республикалық штабы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты және тәрбие жұмыстары департаментінің қолдауымен өткізгелі отыр. «Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі жаңартудың және қазақстандықтарды жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асырудың жаңа жоспарын бекітуді ұсынды. Біз Елбасының жұмыс орындарының жеткіліктілігі Қазақстан экономикасын орнықты дамытуды қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші болуға тиіс деген бастамасыз қолдаймыз және негізгі шараларды жүзеге асыруға белсене қатысқымыз келеді», - делінген «Жасыл ел» республикалық штабының баспасөз баянында. Ол үшін ҚР аумағындағы студенттік құрылыс және жастардың еңбек жасақтары жұмысын ұйымдастыруда жинақталған тәжірибені пайдалану, «Жасыл ел» жасақтары қозғалысын дамытуға жәрдемдесу және қолдау үшін, қызмет нысандарын белгілеу мақсатында облыс әкімдері жанында үйлестіру кеңестерін құру қажет, деп санайды «жасылелдіктер». Бұл орайда олар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүргізуде студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарына жәрдемдесу, әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейту мақсатында өзінің базасында жоғары оқу орындары мен колледждер түлектері үшін тәжірибеден өту базасын құру, жұмыссыздар арасындағы жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, бос орындар мәселелері бойынша мәліметтер базасын жасау және мониторинг жүргізу жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ынтымақтастық жасамақ. Мемлекеттік кәсіпорындарға (мемлекеттік қызметтерге, жұмыстарға және тауарларға тапсырыс берушілерге) және меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындарға «Студенттік жасақтарды жазғы маусымда және жыл бойы жұмысқа тарту туралы» меморандумдарға қол қоюды ұсынбақ.