ҚазАқпарат агенттігінің тілшілері білім тақырыбындағы ең үздік журналистік жұмыстардың жеңімпаздары болды

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда Қазақстандағы білім тақырыбындағы ең үздік журналистік жұмыстарға арналған «ЗачОт» республикалық конкурсы аяқталды.

ҚазАқпарат агенттігінің тілшілері білім тақырыбындағы ең үздік журналистік жұмыстардың жеңімпаздары болды

Жеңімпаздар қатарында ҚазАқпарат агенттігінің екі бірдей тілшісі бар.

Аталған конкурс 2010 жылдың наурыз айында Халықаралық бизнес академиясы мен Қазақстандық баспасөз клубының ұйымдастыруымен басталған болатын. Конкурстың басты мақсаты- БАҚ назарын Қазақстандағы білім беру саласына, шет ел мен елімізде сапалы білім алу мүмкіндіктері туралы қоғамды ақпараттандыру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2010 жылдың наурызынан бері ұйымдастыру алқасына 23 БАҚ-тан 155 жұмыс келіп түскен. Конкурс қорытындысы бойынша 10 БАҚ, 8 журналист үздік атанды. Олардың қатарында ҚазАқпараттың тілшілері Ерлік Ержанұлы мен Екатерина Ионова бар. Сондай-ақ 4 БАҚ арнайы сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздарға арнайы грамота мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Халықаралық бизнес академиясының ғылым және даму жөніндегі проректоры Азат Қуатбаевтың айтуынша, шара келер жылы да жалғасын табады.