ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 13-15 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ПРЕЗИДЕНТ
13 мамырда Алматы қаласында ҚР Президентінің қатысуымен «Ғылым және жастар инновациясы: таңдау мен жаңару стратегиясы» инновацияларды дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
13 мамырда Салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасымен кездесу өтеді.
ҚОҒАМ
26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз - бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты - балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.
6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында - Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер өткізеді.
23 мамыр мен 2 маусым аралығында Төтенше жағдайлар министрлігі халықаралық құтқарушы бөлімшелердің 16-шы «Қазспас-2011» халықаралық семинар - жиынын ұйымдастырмақ.
АСТАНА
13 мамырда Мұнайгаз саласындағы қызметтер мен тауарларды жеткізушілердің форумы өтеді.
13 мамырда Астана қаласы әкімдігінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ведомствоаралық конференция ұйымдастырылады.
13 мамырда Заң жобасы жұмыстарының және басқаларының орындалу барысы жайлы брифинг өтеді.
13 мамырда НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ жөніндегі Арнайы өкілі Джеймс Аппатурайдың ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылар мен оқытушыларымен кездесу болады.
13 мамырда Сейд Абу Баккар Алмодзардың қатысуымен Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының ұйымдастырушылық шараларының нәтижелері шығарылады.
13 мамырда «Астана дарыны» жаңа журналының жарыққа шығуына арналған тұсаукесер рәсімі.
9 сәуірден 15 маусымға дейін Астананың Жеңіс және Иманов көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
19-20 мамыр күндері Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында драматург Е.Жуасбектің «АНТИВИРУС» спектаклінің тұсауы кесіледі.
12-13 мамыр күндері Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ильенков оқулары-2011 шарасы аясында «Философия және мәдениет» атты ХІІІ халықаралық ғылыми конференциясы өтеді.
12 және 14 мамыр аралығында НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ жөніндегі Арнайы өкілі Джеймс Аппатурайдың Астанаға жұмыс сапары өтеді. Бірқатар министрліктер мен ведомстволарда өткізуге жоспарланған кездесулер барысында шетелдік қонақ Қазақстан мен Солтүстік-Атлант альянс арасындағы Әріптестік іс-қимылдарының жеке Жоспары аясындағы ынтымақтастықты талқылап, Орталық Азиядағы ағымдағы саяси жағдай жөнінде пікір алмасады.
13 және 14 мамырда Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанға жұмыс сапары өтеді.
Бағдарламаға сәйкес көрші елдің сыртқы саясат ведомствосының жетекшісін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды. Сондай-ақ, ресейлік дипломаттың Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен келіссөздері жоспарланған.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлы салалардағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму болашағын қарастырып, халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады деп күтілуде.
Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық және шекара бойы ынтымақтастығын практикалық негізде нығайту, энергетика және ғарыш салаларындағы ықпалдастық пен 2010 жылдың желтоқсанында екі мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдесі бекіткен 2011-2012 жылдарға бірлескен іс-қимыл Жоспарының тиімді орындалуын қамтамасыз ету шаралары қарастырылады.
Дипломаттар ТМД, ЕурАзЭҚ, Шанхай ұйымы, Азия кеңесі және Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық бірлестіктер аясындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылап, Орталық Азияда тұрақтылық мен қауіпсіздікті нығайту шаралары мен Каспий мәселелері төңірегінде пікір алмасады.
Сергей Лавров пен Ержан Қазыханов кездесуінің қорытындысымен Бірлескен коммюникеге қол қою жоспарланған.
АЛМАТЫ
13 мамырда «Ғылымдағы жастар-2011» халықаралық жастар форумының екінші күні өтеді.
13 мамырда ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Испанияның бұрынғы Сыртқы істер министрі М.Моратиноспен кездесуі өтеді.
13 мамырда жазушы-сықақшы Михаил Задорнов (Ресей) мен Брендон Стоунмен баспасөз мәслихаты өтеді.
13 мамырда ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездеседі.
13 мамырда «Дипломмен ауылға!» жастар форумы өтеді.
10 және 13 мамыр аралығында Алматыда Шанхай ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы өтуде.
Мәжіліске қатысушылар ү.ж. 14 мамырда Алматыда өтетін Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы iстер министрлері Кеңесі және ү.ж. 15 маусымда Астанада өтетін Шанхай ұйымының 10 жылдығына арналған мерейтойлық Саммитке дайындық барысын талқылауда.
Үйлестірушілер кеңесі Шанхай ұйымның ағымдағы қызметін қадағалауды және басқаруды жүзеге асыратын орган, мүше мемлекеттердiң тиiстi министрлiктері мен мекемелерiнiң өзара әрекеттесуiн ұйымдастырушы болып табылады.
14 мамырда Алматыда Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Кеңесінің кезекті отырысы өткізіледі. Отандық делегацияға сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов жетекшілік етеді.
Алдағы мәжілістің негізгі мақсаты - Ұйым құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық Саммитке дайындық барысын талқылау, өзекті халықаралық және аймақтық мәселер бойынша пікір алмасу, Шанхай ұйымның болашағын дамыту жоспарын қарастыру.
Сыртқы істер министрлер кеңесі Шанхай ұйымы қызметінің ағымдағы мәселелерін қарастырады, оның шешімдерін жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, көпжақты ынтымақтастықты дамыту және жетілдіру мәселелерін мүше мемлекет басшылары Кеңесінің қарауына ұсынады.
29 мамыр күні Алматыда автоәуесқойлар мерекесі өтеді.
ӘЛЕМ
11-13 мамыр күндері Үндістанның астанасында Қазақстан мәдениетінің күндері өтеді .
18 мамырда Мәскеудің «Сколково» басқару мектебінде РФ президенті Дмитрий Медведевтің алғашқы кеңейтілген баспасөз мәслихаты өткізіледі.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.
МАМЫРДЫҢ 13-І, ЖҰМА
Қара теңіз флотының күні. 1996 жылы бекітілген. Қара теңіз флотының құрылғанына сәйкес жыл сайын мамырдың 13-де атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды бекіту туралы келісім жасалды.
4 жыл бұрын (2007) Санкт-Петербор қаласындағы «Невский пяточок» мемориалында соғыс жылдары қырғын ұрыс болған жерде «Память және Слава» атты интернационалды саябақтың ашылу салтанатты өтті.
Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград шайқасындағы қорғаушылардың құрметіне саябақта 60 стелла орнатылған, оның ішінде қазақстандықтар да бар. Стеллалардағы жазулар әр ұлттың өз тiлiнде жазылған.
2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы - «Мугунхва» (Мәңгі гүлдеген раушангүл) орденімен марапатталды.
Қазақстан мен Кореяның достық байланыстарының дамуына зор үлес қосқаны үшін өз кезегінде Президент Ли Мён Бак Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.
2 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2010) Қазақстанда «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша Ұлттық агенттігі құрылды.
Жаңа құрылған органның негізгі мақсаты экспортты дамыту және жылжытумен қатар Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар тарту болып табылады.
Ұлттық агенттіктің қызметіне Қазақстан аумағында экономиканың өңдеу секторында бірлескен өндірістер құру мақсатымен жетекші трансұлттық компаниялармен өзара іс-қимыл жасасу кіреді. Ел экономикасының шикізаттық емес секторларына салым салуға дайын шетелдік инвесторлар үшін «KAZNEX INVEST» АҚ бір терезе қағидатымен қызметтер ұсынатын болады
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1936) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты ҚҰМАРОВА Шәрбану Мұхитқызы дүниеге келді.
Алматы облысының Есік қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан»), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, «Жазушы» баспасында жұмыс істеген.
Содан бергі уақытта «Терезелер», «Сәуірдің ақ таңы», «Әйел шырағы», «Қызыл қайың» атты әңгіме-повестер жинағы, «Құлжа жолы» повесі, «Қазбауыр бұлттар» роман-толғауы, «Сезім патшалығы» романы жарық көрген. Көптеген шығармалары ТМД халықтарының тілдеріне аударылған.
«Құрмет» орденімен марапатталған. Есік қаласындағы бір көшеге қаламгер есімі берілген.
45 жыл бұрын (1966) «Шәмші» журналының бас редакторы, сазгер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты ҚҰРМАНӘЛІ Қалдыбек Арыстанбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1989-1992 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Жұлдыздар» жастар-шығармашылық бірлестігінің төрағасы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Жастар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы. 1994-1996 жылдары - «Жас қазақ» газеті бас редакторының орынбасары. 1996-1997 жылдары - «Шартарап» баспасының бас редакторы. 1997-1998 жылдары - «Зерде» журналы бас редакторының орынбасары. 1999-2000 жылдары - «Заң» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі. 2000-2008 жылдары - «Жас қазақ» корпорациясының президенті қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді.
Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 14-І, СЕНБІ
Дүниежүзілік әділетті сауда күні. Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде атап өтіледі, ал мамыр айы әділетті сауда айы деп есептеледі. Бұл күн Дүниежүзілік әділетті сауда ұйымының (World Fair Trade Organization) басқаруымен өткізіледі, онда 70 мемлекеттен 350 өндіруші ұжымы әділетті сауда ұйымына қатысқаны туралы жариялайды.
Әділетті сауда - бұл таңбасы бар және таңбасы жоқ тауарларға байланысты халықаралық стандарттар мен қоғамдық саясатты пайдалануды жақтайтын қоғамдық қозғалыс. Дамымаған елдерден дамыған елдерге экспортталған тауарларға көп көңіл бөлінеді. Әділетті сауданың тауарлары мыналар: шәй, кофе, какао, банан, және де қол-өнер туындылары мен киім-кешек. Ең бастысы олар құлдық пен балалар еңбегін пайдаланбай өндірілуі керек.
Грузияның Тамаробасы - Грузиндердің ұлттық мерекесі. Әулие Тамара ханшайымды еске алу күні. Ұлттық мереке ретінде 1917 жылдан бастап атап өтіледі.
Парагвай Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1811). 1811 жылдан бастап атап өтіледі. Халықтың қысымымен испан губернаторы өз өкілеттілігін тоқтатты. Испанияның Парагвайға билігі жүрмейтін болды. Парагвай Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігі және солтүстік-батысында Боливиямен, солтүстік-шығысы және шығысы Бразилиямен, оңтүстік-шығысы, оңтүстік және оңтүстік-батысы Аргентинамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 19 департаментке бөлінеді. Астанасы - Асунсьон қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - гварани. Елді Президент басқарады. Ол жалпы халықтық сайлау арқылы 5 жылға сайланады. Президент екінші мәрте қайта сайлауға түсе алмайды. Жоғары заң шығарушы органы Конгресс. Ол екі палатадан сенат және депутаттар палатасынан тұрады.
ОҚИҒАЛАР
4 жыл бұрын (2007) Қарағанды облысының әкімдігі мен Табиғи ресурстардың Еуразиялық корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
3 жыл бұрын (2008) Астанадағы Қазақ Гуманитарлық заң университетінде ислам саласын зерттеумен танылып жүрген тұлға Юрий Михайловтың «Құранды түсінетін кез келді» атты кітабының тұсаукесері болды.
Әр кез көптеген ойшылдарды, ғалымдарды, әдебиетшілерді рухтандырып, қызықтырған бұл дінді мұсылман болмаса да, шебер дінтанушы болмаса да автор адал ниетпен тануға, әділ бағалауға тырысқан. Исламға әділ және шынайы көзқараспен қарауға, ислам ілімінің негізін және ислам мәдениетін түсінуге мүмкіндік ашқан. Кітап саясаткерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге және ислам дүниетанымының шығармашылық әлеуетінің ерекше феномені неден құралатынын, оның әлеуметтік доктринасының негізінде не жатқанын білгісі келетін жандарға арналған.
3 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.
2 жыл бұрын (2009) Семейде Шығыс Қазақстандағы тұңғыш «Көксерек» атты аудиокітап шықты. Кітапты «Альфа Марино» жарнама студиясы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың хикаясы бойынша шығарды.
Идеяның авторы «Қазақстан - Семей» телеарнасының қызметкері Қуат Ахмеджанов. Ұзақтығы 1 сағат 5 минуттық әдеби шығарманы дыбыстандырған да өзі. Шығарушылар аудиокітаптың алғашқы жиынтығын қаладағы мектеп-интернаттарға сыйлық ретінде табыстады.
2 жыл бұрын (2009) Киев қалалық кеңесінің 2008 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен Шевченко ауданындағы Кузьминская көшесі қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың есіміне ауыстырылды. 2009 жылғы мамырдың 8-де осы көшеде Жамбыл Жабаевтың мемориалдық тақтасы ресми түрде салтанатпен ашылды.
1 жыл бұрын (2010) Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі Монакода өткен дәстүрлі Халықаралық қайырымдылық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
2011 жылғы мамырдың 5-і мен 11-і аралығында өткен фестивальге исландиялық актриса Анита Брием бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
«Келін» фильмі «Үздік ойын фильмі» аталымында жеңімпаз атанды. Бұл аталым бойынша оның негізгі қарсыласы - режиссер Флориан Галленбергеннің (Германия) тарихи оқиғаға негізделген «Джон Рабе» фильмі болды. Ол - қытайлықтарды ажалдан құтқарушы үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған «Siemens» корпорациясының неміс директорының өмірі туралы баяндайтын драма.
Фестивальде үздік ойын фильмдерімен қатар, «Үздік деректі фильм», «Үздік қысқаметражды фильм» аталымдары да таныстырылды.
1 жыл бұрын (2010) Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында бірден - шұжық өнімдері мен минералдық су өндіретін екі жаңа кәсіпорын іске қосылды.
«Алма» ауылдық өндірістік кооперативі - шұжық цехы Қарасу ауылында ашылды. Кәсіпорынның қуаты кең көлемді өнім түрлерімен қатар, тәулігіне 1200 килә ет өндіре алады.
«Манкент-аква» минералдық су шығаратын цех Манкент ауылында ашылды. Оның қуаты бір ауысымда 3,5 мың бөтелке су шығару.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1941) белгілі актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі, КСРО Кинематографистер одағының үздігі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЫҚТЫМБАЕВ Нұржұман Байжұманұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Кербұлақ ауданында туған. Алматы музыка училищесін, Панфилов педагогикалық училищесін және «Қазақфильм» студиясы жанындағы актерлік студияны бітірген, Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Кинодағы мансабы кездейсоқ басталған. Болашақ киноактердің ауылына келген «Мазасыз таң» фильмінің түсіру тобы оны фильмге түсіруге шақырады. 1968 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актері.
Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады, мысалы, «Адамдар арасындағы бөлтіріктегі» тұйық, қатаң мінезді, «Сталинге сыйлықтағы» жұмсақ мінезді, бірақ бірбеткей, ал «Барлаушыдағы» қарапайым, шығысқа тән даналық көрінетін кейіпкерлер, тағы басқалар. Актердің соңғы жұмыстарынан француз актері Ж.Депардьемен бірлесіп түскен «Кеш оянған махаббат» фильмін атауға болады. Актер анимациялық ленталарды дыбыстауға да қатысады. («Қадырдың бақыты», 2000).
2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі ролі үшін «Адал жүрек» кинофестивалінде Бас жүлдені, 2009 жылы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің ең үздік актері, 2009 жылы Чебоксарыдағы МКФ - «Сталинге сыйлық», «ең үздік ер ролі үшін» сыйлығын, Қасым ролі үшін Бүкіламерикалық өнерді қолдау ассоциациясының арнайы жүлдесіне («Сталинге сыйлық») ие болған.
55 жыл бұрын (1956) Ақмола облысы әкімінің орынбасары, жоғары категориялы менеджер, экономика ғылымдарының докторы ӘДІЛБЕКОВ Дәурен Зекенұлы дүниеге келді.
Новосібір электротехникалық институтын, Мәскеудің халық шаруашылығы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы Семей облысы Үржар ауданы «Бахты» кеңшарында бастаған. Кейіннен Алматы қаласындағы №1 Троллейбус паркінде шебер, аға шебер, цех бастығы, Трамвай депосының бас инженері, директоры болған. 1989-1992 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1995-1997 жылдары - Қазақстанның кәсіпкерлікті дамыту және қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары. 1997-1998 жылдары - Көкшетау облысы әкімінің бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облыстық экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі Сараптама-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі. 1998-2004 жылдары - Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Көкшетау қаласының әкімі. 2004-2005 жылдары - Ақмола облысы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары - Көкшетау экономика және менеджмент институты кафедрасының профессоры. 2006-2008 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Темір жол жылу» акционерлік қоғамының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Есіл департаменті бастығының міндеті атқарушысы, Көкшетау экономика және менеджмент институты кафедрасының профессоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қазан айынан бастап істейді.
«Құрмет» орденімен, «Астана» медалімен марапатталған.
МАМЫРДЫҢ 15-І, ЖЕКСЕНБІ
Халықаралық отбасы күні. 1993-інші жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген.
Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрметтеудің, ынтымақтастық пен үйір болушылықтың ошағы, яғни, кез-келген зиялы қоғамның діңгегі, онсыз адам өмір сүре алмайтын құндылық негізі. Отбасының аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.
Бүкілдүниежүзілік Жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі (ЖҚТБ) құрбандарын еске алу күні. 1983 жылдан бастап, мамырдың үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Арменияның Әуе қорғанысының күні. 1992 жылғы мамырда Армения Республикасының Қарулы Күштерiнiң әуе қорғаныс бөлiмшелерiнiң құрастырылуы аяқталды. Осы уақыттан бастап мамырдың үшінші жексенбісі Арменияның қарулы күштерінде Әуе қорғаныс күні болып атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
100 жыл бұрын (1911) «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамының рудниктерінде жұмысшылар ереуілге шықты.
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық ядролық орталық және Атом қуаты жөніндегі агенттік құрылды.
19 жыл бұрын (1992) Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттері арасында ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қол қойылды.
12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі құрылды.
5 жыл бұрын (2006) Алматыда басталған «Қазақстандағы PR күндері» мерекесі шеңберінде тұңғыш рет студенттік «PR-сейшн» отырысы өтті. Дөңгелек үстел басына жиналған ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жұртшылықпен байланыс мамандарын дайындайтын республикадағы озық жоғары оқу орындарының оқытушылары және ПР-агенттіктердің басшылары мен осы мамандықта оқитын студенттер коммуникативті сала мамандарын даярлау мәселелерін қарастырып, пікір алмасты. Студенттердің еліміздегі ПР саласындағы мәселелер жөнінде жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, осы салада білім беретін оқытушы кадрлардың жеткіліксіздігі (46,5 пайыз), оқытушы мамандардың тәжірибесінің төмендігі (32,8 пайыз), аталмыш мамандықты өзге мамандықтардан ажырата алмау және Қазақстандағы осы саладағы оқулықтардың жеткіліксіздігі мәселелері атап өтілді. Шара барысында қазақстандық «PR-шы» клубының ұйымдастыруымен студенттер арасында өткізілетін «Ең үздік ПР-жоба» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
4 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің жаңа моделін бекітетін, еліміздің экономикалық дамуының осы заманғы талаптарына және еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға жауап беретін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қол қойды.
Сонымен қатар, Елбасы «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңға, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерін қолданыстағы заңдарды жаңадан қабылданған Еңбек кодексіне сәйкестендіруге бағытталған өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
2 жыл бұрын (2009) Берлинде Қазақстанның Германиядағы жылы ауқымында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның («Болашақ») Германиядағы және Еуропадағы құрылықтық елдердегі өкілдіктері ресми түрде ашылды.
ЕСІМДЕР
110 жыл бұрын (1901-1991) қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты ТАЙБЕКОВ Елубай Бәзімұлы дүниеге келді.
Ақмола облысы Қорғалжын ауданында туған. Орынбордағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумының даярлау бөлімін, милиция мектебін және Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1935-1951 жылдары аралығында Қазақ ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ КСР Жер шаруашылығы халық комиссариатында, Қазақстан Компартиясының Ақтөбе облыстық комитетінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1951-1955 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1955-1957 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1957-1961 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының академик-хатшысы, бөлім меңгерушісі, 1961-1963 жылдары - Қазақ ауыл шаруашылық институтының ректоры, 1963-1977 жылдары осы институттың ауыл шаруашылығы экономикасы кафедрасының меңгерушісі болған. 1977 жылы зейнет демалысына шыққан.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.
110 жыл бұрын (1901-1988) әнші (тенор), Қазақстанның халық әртісі, Бүкілқазақстандық халық өнерпаздары слетінің жүлдегері ӘБІШЕВ Нұғыман дүниеге келді.
Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданында туған. 1935-1960 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясында, 1960-1970 жылдары «Қазақконцертте» әнші болған. Ол Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса және басқа да халық композиторларының әндерін насихаттауда елеулі еңбек етті.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
85 жыл бұрын (1926-1994) ақын, сазгер ТӘЖІБАЕВ Бәкір дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. 1941 жылдан бастап Темір педагогика училищесінде оқып, Жұрын (қазіргі Мұғалжар) аудандық газетінде, аудандық комсомол комитетінде істеген. 1950 жылы Алматы театр-сурет училищесі жанындағы кино-актерік бөлімін бітіргеннен кейін, бірталай жыл Жамбыл, Шымкент облыстық театрларында актерлікпен шұғылданған. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ опера және балет театры әдеби бөлімінің меңгерушісі болған. Кейін Алматы облыстық Халық шығармашылығы үйінде, Қазақ КСР Театр қоғамында жұмыс жасаған. 1974 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. Оның бірнеше жыр жинақтары, кең тараған әндері мен ән сөздері, драмалық шығармалары бар. «Жас Дәурен», «Ақбұлақ», «Әппағым-ау, Әппағым», «Гүлсің-ау» әндері бар. Оның өз орындауындағы әндері «Мелодия» фирмасынан күйтабақ болып шыққан. «Қамар сұлу» операсы либреттосының авторы.
80 жыл бұрын (1931-1989) актер, Қазақстаннның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НОҒАЙБАЕВ Ыдырыс дүниеге келді.
Алматы облысы Талғар қаласында туған. Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы қазақ студиясын бітірген. 1954 жылдан бастап Қазақ драма театрының құрамында қызмет етіп, 1970 жылдан бастап Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлер факультеті мен республикалық эстрада студиясында педагогикалық қызметпен шұғылданған. Ол «Абай», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Асауға-тұсау», «Қан мен тер», т.б. қойылымдарда ойнаған. 1955 жылдан бастап «Мазасыз көктем», «Асу», «Ботакөз», «Алғашқы мұғалім», «Шыңдағы шынар», «Қыз Жібек», «Қилы кезең», т.б. көркем фильмдерге түсіп, ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Гастрольдік сапармен Қазан, Уфа, Нүкіс, Шираз (Иран) қалаларында өнер көрсеткен.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1941) ақын, сазгер, Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері, Платиналы Тарлан сыйлығының лауреаты, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты САПАРБАЙ Исраил дүниеге келді.
Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысында туған. Шымкент педагогика институтын бітіріп, осы облыстың «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істеген. 1973-1975 жылдары Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде, «Жалын» баспасында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, «Қазақфильм» телестудиясында, Сыртқы істер министрлігі ТМД елдері департаментінде жауапты қызметтер атқарған. 1998-1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде 2-нші хатшы болған. Ол 70-ке жуық әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» атты пьесалары театр сахнасында қойылып келеді.