ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 18 ақпан мен 20 ақпан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 18 ақпан мен 20 ақпан аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҮКІМЕТ

18 ақпанда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асырудағы министрліктің міндеттері туралы» ведомствоның алқа отырысы өтеді.

18 ақпан күні «Нұр Отан» ХДП-да брифинг өтеді. Брифинг барысында ҚР Мәжілісінің депутаты Г.Қарағұсова Сарапшы топтың қызметі туралы ақпарат ұсынады.

18 ақпанда Астана қаласының Ішкі істер департаментінде «Елорда аумағына есірткі заттарын жеткізетін каналдарды жою жөніндегі арнайы операцияларды өткізу» тақырыбында брифинг болады.

17-18 ақпан күндері ҚР Вице-премьері-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Павлодар облысына жұмыс сапар жасайды.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ

17-18 ақпан күндері Минскіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің келісілген әлеуметтік және демографиялық саясат Тұжырымдамасы жобасын соңына дейін дайындау мен келісу мәселесі жөніндегі сарапшы топтың отырысы өтеді.

АСТАНА

18 ақпанда Орталық сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидат Толыбай Баймурзиннің мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы өтеді.

18 ақпан күні «ҚазАқпарат» агенттігінің баспасөз залында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы - «Ана мен балаға» арналған 20 аллея мен шағын бақ» атты республикалық әлеуметтік маңызы бар іс-шараның басталғанына орай баспасөз мәслихаты өтеді.

18 ақпанда Астана қаласы, «Алматы» ауданының ішкі істер басқармасында Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орай салтанатты іс-шара болады.

18 ақпан күні «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің баспасөз залында азаматтық қоғам өкілдері Н.Ә.Назарбаевты ҚР Президенттігіне кандидат етіп ұсынуға қолдау білдіру үшін жиын өткізеді.

18 ақпанда Орталық Сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидат Мэлс Елеусізовтың мемлекеттік тілді еркін білуін анықтау үшін ҚР Лингвистикалық комиссияның отырысы өтеді.

16-18 ақпан күндері Конгресс-Холл сарайында «ХХІ ғасырдағы білім беру мен ғылым» атты VІІІ Қазақстан халықаралық көрмесі өтеді.

АЛМАТЫ

18 ақпан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Медеу Сәрсектің «Бекмаханов» атты кітабының тұсаукесері болады.

18 ақпанда №165 техникалық лицейде білім беру ұйымына «Сіздердің биік жетістіктеріңіз-Сіздердің шәкірттеріңіз» атты сертификатты тапсыру рәсімі болады.

18 ақпан күні «Қазақтың 100 әні» тележобасының түсіріліміне орай баспасөз туры ұйымдастырылады.

АЙМАҚ

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

18-19 ақпанда Павлодарда «Дарынды мұғалім - дарынды балаларға» деген атаумен облыстық педагогикалық олимпиада өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

АҚПАННЫҢ 18-І, ЖҰМА

Гамбияның ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні. 46 жыл бұрын (1965) Гамбия тәуелсіздік алғанымен де Британ Достастығының құрамында қалды. 1588 жылы Африканың нақ осы аумағында ағылшындардың алғашқы колониясы пайда болған еді.

ОҚИҒАЛАР

3 жыл бұрын (2008) Алматыда Орталық Азия мен Кавказдағы алғашқы актуарий мектебі ашылды.

Оны Қазақстан актуарийлер қоғамы АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің қолдауымен «Қаржылық тұрақтылық үшін әріптестік» бағдарламасы аясында East West menegment Institute мен бірігіп ашып отыр. Игі іске Варшава жазғы актуарий мектебін ұйымдастырушылар да атсалысты. Мектеп Орталық Азия мен Кавказдағы сақтандыру компанияларына арналған. «Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Грузия сияқты елдердің тәуекелді бағалаушы мамандары қатысуда. Бұл Қазақстан актуарийлерінің үлкен жетістігі. Өйткені біз өзіміздің ғана емес аймақтағы басқа елдердің де тәуекелді басқарушы мамандары оқытуға үлес қосады.

1 жыл бұрын (2010) Жас сот орындаушылары үшін Павлодар облысының Сот әкімшілігінің жанында құрылған оқу-әдістемелік орталық ашылды.

Жұмысқа қабылданған заң оқу орындарының түлектері, университет бағдарламасында «сот орындаушысы» деген курстың болмауынан өз қызметтерін тәжірибе барысында игеруге мәжбүр.

Орталық жас мамандарға өз қызметтерінің қыры мен сырын үйренуге көмектесетін болады.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда «Деніңіз сау болсын» деген атпен орыс тіліндегі отбасылық жаңа журнал жарыққа шықты.

Басылым Медеу аудандық шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығының көмегімен жарық көріп отыр. Журналдың басты бағыты денсаулық саласын, салауатты өмір салтын насихаттау.

Басылымның ерекшелігі - тегін таратылатындығында. 10 мың данамен шығатын журналды қоғамдық орындардан табуға болады.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты ИСАБАЕВ Исатай дүниеге келді.

Алматы облысы Ақсу ауданында туған. Мәскеу полиграфиялық институтын бітірген. Қазақ халқының «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырларының желісі бойынша салынған көркем туындыларымен танымал болды. Оның көрнекті шығармаларының бірі - «Мұхтар Әуезов - жазушы» атты линогравюрасы. Абай шығармаларының желісі бойынша жазған автолитографиялық еңбектері терең философиялық толғанысымен, суреткерлік тілінің нәзіктілігімен, айқындылығымен ерекшеленеді. Оның туындылары халықаралық көрмелерге қойылып, түрлі жүлделерге ие болды.

65 жыл бұрын (1946-2004) жазушы, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ЕСЛАМҒАЛИҰЛЫ Мұқадес дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген.

1976-1979 жылдары - Орал облыстық радио-теледидар комитетінің аға редакторы. 1979-1983 жылдары - «Жалын» баспасының аға редакторы. 1983-1984 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі. 1984-1990 жылдары - республикалық телеарнада «Тамаша» ойын-сауық хабарының бас редакторы. 1990-1993 жылдары - «Денсаулық» журналы бас редакторының орынбасары. 1993-1995 жылдары - «Жазушы» баспасының жетекші редакторы. 1998 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. Жазушының «Аққу сазы», «Екінші тыныс», «Қайырлы таң», «Екі басқа дүние», атты повестері мен әңгімелері, «Толқын мен ағын», «Тұман ішіндегі көш» атты романдары, тағы басқа кітаптары бар. Сондай-ақ «Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтар құрастырған. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шет ел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Оның «Жазықсыз тамған жас» атты пьесасы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылған. 2001 жылы қаламгерге «Тұман ішіндегі көш» романы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілген.

65 жыл бұрын (1946) «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» акционерлік қоғамының президенті,Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының докторы, ҚҰЛНАЗАРОВ Анатөлі Қожекенұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Өскемен қаласындағы педагогикалық институтты бітірген.

1974-1979 жылдары - Өскемен қаласындағы балалар спорт мектебі директорының орынбасары, директоры. 1979-1985 жылдары - Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы республикалық спорт мектеп-интернаты директорының орынбасары. 1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Оқу министрлігінің бөлім, басқарма бастығы. 1987-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрінің бірінші орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт Қазақстан Республикасы министрлігі Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі. 2000-2006 жылдары - Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-тәрбие орталығының директоры. 2006-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2010 жылдың наурыз айынан - қазіргі қызметінде.

2002 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті, 2007 жылдың тамыз айынан - Футбол федерациясы атқару комитетінің мүшесі, КСРО-ның жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидаты. Петровск ғылым және өнер академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Оның «Білім жүйесінде футбол клубтарын дамытудың тұжырымдамасы», «Күш-қуаттық жеңіл атлетика», «Қазақстан Республикасындағы балалар мен оқушы жастардың дене тәрбиесі бағдарламасы», тағы басқа оқу әдістемелік кітаптары бар.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және медальмен марапатталған.

АҚПАННЫҢ 19-Ы, СЕНБІ

Бүкіләлемдік киттер күні. Бүкіләлемдік киттер күні - 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission - IWC) комиссиясында бекітілген. Сол жылы ақпанның 19-ында Халықаралық кит аулау комиссиясы дүниежүзінде кит аулау өнеркәсібі мен кит етін сатуға тиым салған. Бірақ, ақпанның 19-ы киттерді қорғау күні ғана емес, сонымен бірге барлық мұхит пен теңіз сүт қоректілерін қорғау күні. Кейде әр мемлекеттің экологиялық ұйымдары жиналып, осы күнді толығымен жоғалып кету үстіндегі бірегей бір сүт қоректіні қорғауға арнайды.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2006) Керлинг ойыны бейнеленген жаңа пошта маркасы айналымға енді.

Олимпиада ойындарының жаңа спорт түрінің бірі керлинг ойынының барысы бейнеленген, «33х27,5 мм көлеміндегі пошта маркасын Ринат Жапалов безендірді. Ол Бейжіңдегі (ҚХР) пошталық төлем белгілері фабрикасында, 50 мың данамен басылды.

3 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен Мәскеудегі аймақтық Қазақ ұлттық-мәдени автономиясы осы қаладағы Ұлттар үйінің ғимаратында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы «Өмірге айналған ерлік» кітабының таныстырылымы өтті.

Қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерен ерлігі Қазақстан мен Ресей халықтары достығының мәңгілік символына айналды. Кітап авторлары Ғалымжан Байдербес пен Ұзақбай Қауыс бір кездегі жас бойжеткеннің тағдыры туралы баян ете келіп, оның қайсар мінезінің қалай қалыптасқаны туралы толғандырады.

3 жыл бұрын (2008) Алматыда Жоңғар және Іле Алатауындағы жоғалып кету үстіндегі өсімдіктердің түрлері туралы БҰҰ Даму Бағдарламасы басып шығарған кітаптың таныстырылымы болды. Кітап «Растения Джунгарского и Заилийского Алатау, нуждающиеся в охране» деп аталады. Кітап 60 өсімдіктің қысқа анықтамасынан және фотосуреттерден тұрады. Кітаптың мақсаты табиғатты сүйетін көпшіліктің назарына өсімдіктердің құндылығы туралы ақпаратты жеткізу болып табылады. Кітап Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Жаһандық экологиялық қордың және БҰҰ Даму Бағдарламасы жобасы қызметінің шеңберінде шығарылды.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921) «Интеллектуал-Парасат» ЖШС-нің президенті, қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЗИМАНОВ Салық дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1944-1945 жылдары - дивизион, миномет полкі, артилерия полкі командирі болып, полковник шенімен әскери қызметтен босаған. 1946-1947 жылдары - Гурьев облыстық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі. 1947-1948 жылдары - Қазақ КСР Прокуратурасы жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1948-1952 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы құқық секторының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі. 1952-1958 жылдары - Алматы мемлекеттік заң институтының директоры, Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы. 1958-1969 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры. 1969-1976 жылдары осы институттың бөлім меңгерушісі болған. 1976-1977 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми-хатшысы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының бас ғылыми қызметкері. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитетінің төрағасы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Конституциялық заңнама және адам құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-2005 жылдары - «Парасат» академиялық университетінің ректоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан - қазіргі қызметінде. Атырау облысының Құрметті азаматы.

Зимановтың ғылыми зерттеу еңбектері мемлекет және құқық тарихы мен теориясына, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да аймақтарында ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне және басқа да өзекті мәселелерге арналған. Сонымен қатар ғалымның қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрген. Зиманов «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститутциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ғалым 2001-2002 жылдары 1-ші және 2-ші томдары жарық көрген 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасаған.

«Парасат», екі мәрте 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Халықтар достығы ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

АҚПАННЫҢ 20-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен 2007-інші жылғы желтоқсанның 18-інде жарияланған.

Қарарда халықаралық қауымдастық кедейшілікті жою саласында, еңбекпен толық қамтамасыз етуде, лайықты жұмыс тауып беруде, ерлер мен әйелдер теңдігін сақтауда, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыруда күш-жігерді одан әрі арттыру қажеттілігі мақұлданады.

ОҚИҒАЛАР

25 жыл бұрын (1986) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Мир» орбиталдық ғарыш станциясы ұшырылды, ол күрделі көп мақсатты ғылыми-зерттеу кешені болып табылады. 1986 жылғы ақпанның 20-ында кешен орбитаға шығарылды. Содан кейін 10 жыл ішінде алты модуль түйістірілді

1995 жылдан бастап станцияны шетелдің экипаждары қона бастады. Сонымен қатар станцияға 15 экспедиция қонды, оның 14 халықаралық Сирия., Болгария, Ауғанстан, Франция (5 рет), Жапония, Ұлыбритания, Австрия, Германия (2 рет), Словакия, Канада сынды елдердің ғарышкерлері қатысты. Станцияда барлығы 12 елдің 104 ғарышкері жұмыс істеді. «Мир - Шаттл» бағдарламасының шеңберінде «Атлантис», «Индевор», «Дискавери» кемелерінің көмегімен 44 ғарышкер жеті қысқа мерзімді саяхатта болды.

2001 жылғы наурыздың 23-інде станция Тыңық мұхытында суға батырылды.

5 жыл бұрын (2006) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Секьюритилендіру туралы» Заңға қол қойды.

Аталған Заң экономиканың нақты секторын қаржыландырудың қазіргі бір түрі ретінде секьюритилендіру институтының қызметі мен дамуының құқықтық негіздерін белгілейді. Сондай-ақ Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне секьюритилендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес Қазақстанда секьюритилендіру институтын енгізуге байланысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгертулер енгізілді.

5 жыл бұрын (2005) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заң сақтандыру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.

3 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Американ мәдениетінің орталығы ашылды.

Жобаның мақсаты - оқырмандарды АҚШ мәдениетінен хабар беретін кітаптармен, мерзімінді басылымдармен, теледидар бағдарламаларымен және интернетпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, осы елдің мәдениет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, арнайы дәрістер мен тренингтер өткізіліп тұратын болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында әлем халықтарының 50-ден астам тілінде жазылған кітаптардың бай қоры бар. Ағылшын тіліндегі әдебиеттердің саны 100 мың данадан асады.

ЕСІМДЕР

45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Премьер Министрі Кеңсесі индустралды-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары БАСЕКЕЕВ Әділбек Әлімжанұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласында туған. Ленинск байланыс электр техникумын, Мәскеу байланыс және ақпараттандыру техникалық университетін, Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар халықаралық университетін бітірген. 1987-1993 жылдары - Ленинск телеорталығының аға электр механигі. 1993-1994 жылдары - Ленинск қалалық әкімшілігі басшысының көмекшісі. 1994-1995 жылдары - Ленинск қалалық Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының бастығы. 1995-1999 жылдары - Ленинск қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитетінің төрағасы. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Өңірлік дамыту және кадр жөніндегі бөлімінің бас инспекторы. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2004-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - қазіргі қызметінде.

Медальдармен марапатталған.