ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 3-7 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 3-7 тамыз аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚОҒАМ

2011 жылдың 1 шілдесі мен 10 қарашасы аралығында «Зерде» Ұлттық Инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Электрондық үкімет» жұмысы тақырыбындағы ең үздік материалға журналистер арасында шығармашылық конкурс жариялады.

25 шілде мен 3 тамыз аралығында Мәскеуде «ТМД елдері жастар ұйымдарының көшбасшыларына арналған мәдениетаралық диалог» Жас көшбасшылар мектебі жұмыс істейді.

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық акция аясында Астанада «Мектепке барар жол» акциясы өтеді .

СЫРТҚЫ САЯСАТ

16 шілде мен 8 тамыз аралығында Ухань қаласында (Қытай, Хунань провинциясы) «Қытай тілінің көпірі» атты қытай тілі мен мәдениетінің 10-шы мерейтойлық бүкіләлемдік студенттер байқауы өтеді. Оған Қазақстан студенттері де қатысады.

АСТАНА

3 тамызда «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өкілінің қатысуымен брифинг өтеді.

АЙМАҚТАР

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

23 сәуір мен 10 қыркүйек арасында Ақтөбе облысында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 20 екпінді апталық» деген ұранмен «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы өтеді.

АЛМАТЫ

3 тамызда «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің ашылуы. Бұл салтанатты шараға Алматы әкімі А.Есімов қатысады.

3 тамызда «Қазжол» мейманханасында Қазақстанның әдебиет және БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

3 тамызда Ұлттық баспасөз орталығында «Алматы» хоккей клубының ҚР чемпионатында және Кубогында өнер көрсетуі және ҚХЛ-да шеберлік шыңдау жайлы жоспарлары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді.

3 тамызда Алматы қаласының бармендері үшін шеберлік сыныбы өтеді.

5 тамызда Алматыда «Әлемдік қоғамдастықта медиаторлардың өзара әрекеттестігінің тиімді институтын құру» деп аталатын ІІ Халықаралық форум өтеді

ТАМЫЗДЫҢ 3-І, СӘРСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

51 жыл бұрын (1960) Теміртаудағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды.

6 жыл бұрын (2005) Қарағанды аймағында тұңғыш Шиеленісті шешетін орталық ашылды.

Осы бастама делдалдық әдістемесін (медиации) қолдану арқылы үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясы жобасының шеңберінде іске асып отыр. Даулы мәселелері бар келіссөздерге медиатордың қатысуы қақтығысып қалған екі жақты дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі құрылысының басталуына арналған шараға қатысты.

Жолдың ұзындығы - 298 км. Құрылыс мерзімі - 45 ай. Құрылыстың жалпы құны 147,4 миллиард теңге. 1 км құрылыстың құны - 502,7 миллион теңге.

Теміржол желісі «Жетіген» стансасынан басталып, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының аумағымен өтіп, Қытай шекарасына барып тіреледі.

Бұл теміржол жобасы іске қосылғаннан кейін Ақтау мен Алматыдан Қытайға жүк және жолаушылар тасымалдау аралығы 500 шақырымға дейін қысқарады.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1906-1977) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Петропавл қаласының құрметті азаматы ШУХОВ Иван Петрович дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Омбы жұмысшы факультетін, Валерий Брюсов атындағы Мәскеу жоғарғы әдеби-көркем институтын бітірген. 1928-1930 жылдары - Омск «Рабочий путь», «Красная Башкирия», Самар «Волжская коммуна», Новосібір «Красная Сибирь», Мәскеу «Сельхозрабочий» газеттерінде әдеби қызметкер болған. 1941-1945 жылдары - Преснов аудандық «Ударник» газетінің редакторы. 1963-1974 жылдары - «Литературный Казахстан» альманахының бас редакторы, «Простор» журналының бас редакторы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 5, 6-шы шақырылымдарының депутаты.

Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, медалдармен марапатталған.

«Горькая линия», «Ненависть», «На казахстанском ветру», «Родина», «Действующая армия», «Облик дня», «Покорители целины», «Золотое дно», «Степные будни», «Дни и ночи Америки», «Родина и чужбина», «Колокол», «Пресновские страницы» кітаптарының авторы. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Мәлік Ғабдуллин, Сәбит Мұқанов шығармаларын орыс тіліне аударған.

55 жыл бұрын (1956) «Астана» телеарнасының бас директоры СЫРҒАБЕКОВ Ескендір Нариманұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Ленинград электротехникалық институтын, Қазақ Ғылым Академиясы Жоғары энергия физикасы институтының аспирантурасын, International Human Development Corporation (Бостон) мұнай компанияларының жоғары буын басшыларын қайта дайындау бағдарламасын бітірген. 1991-1993 жылдары - «International Business Communications, Inc.» компаниясының Мәскеу бөлімшесінің директоры және КСРО-дағы бас өкілі. 1993-1995 жылдары - голландық «Грид» компаниясының Алматыдағы өкілдігінің директоры, «Долон Интернешнл» бірлескен кәсіпорнының президенті. 1995-1999 жылдары - «Акцепт» корпорациясы» жабық үлгідегі акционерлік қоғамы Қаржылық жоспарлау департаментінің бастығы, даму жөніндегі вице-президенті, бас директоры. 1998-1999 жылдары - «Караван» медиа-холдингінің жетекшісі әрі ортақ иеленушісі, «Караван» газеті басқармасының төрағасы, «КТК» телеарнасы Директорлар кеңесінің мүшесі. 1999-2002 жылдары - «Акцепт» корпорациясы» ЖАҚ-ының президенті, Директорлар кеңесінің төрағасы. 2002-2004 жылдары - «Central Logistics» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы және «Профменеджмент» компаниясының басқарушы директоры. Сондай-ақ 1999 жылдан «Континент» журналы редакциялық кеңесінің төрағасы әрі ортақ иеленушісі, 2001 жылдан Қазақстан Республикасы Кедендік брокерлер одағының президенті, 2004 жылдан «Рауан Медиа Групп» АҚ-ының бас директоры болған.

Кеңестік және шет елдік ғылыми басылымдарда жарық көрген 20 ғылыми жарияланымның, 5 авторлық куәліктің авторы.

ТАМЫЗДЫҢ 4-І, БЕЙСЕНБІ

Нигер тәуелсіздігі күні (1960). Нигер - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Алжир, Ливиямен, шығысында Чадпен, оңтүстігінде Нигерия, Бенинмен, Батысында Буркина-Фасо, Малимен шектеседі. Астанасы - Ниамей қаласы. Мемлекеттік тілі - француз тілі, сонымен қатар жергілікті халықтардың хауса, фулани, тамайек, джерма тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - франк.

АҚШ-та Жағалау (жағалық) күзеті күні. 1790 жылы Америкада Министрлер Кеңесі бекіткен. Сол жылы тамыздың 4-інде Бас хатшы Александр Гамильтонның жетекшілігімен АҚШ Конгресі ел флотының құрылысын бастауға уәкілеттік берді. Бұл уақытта флот бар жоғы 10 катерден тұратын. Қазіргі таңда АҚШ-тың Мичиган штатындағы Гран-Хэйвен курортты қалашығы тұрғындар арасында «теңіз гвардиясы қаласы» ретінде танымал.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

55 жыл бұрын (1956) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Өлкелік, облыстық соттардың құқықтарын кеңейту және Одақтас республикалардың, еңбекшілер депуттаттары өлкелік, облыстық кеңестерінің жанындағы Әділет министрлігінің басқармаларын тарату жөніндегі» Жарлығымен, Әділет басқармалары таратылып, олардың соттарды басқару қызметі өлкелік және облыстық соттарға берілді.

35 жыл бұрын (1976) Қазақ КСР-інің «Жер туралы» Кодексі қабылданды.

7 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасы құрамындағы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы құрылды.

7 жыл бұрын (2004) Астананың экономика, сауда және кәсіпкерлік департаменті кәсіпкерлікті енді басаған азаматтарға көмек көрсететін кітапшаны жарыққа шығарды. Аталғаш кітапша кәсіпкерлерге коммерциялық қызметтің ұңғыл-шұңғылын ұғынуға мүмкіндік береді.

6 жыл бұрын (2005) Оралда, «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде, облыстың жас натуралистерінің слеті болып өтті.

Слетке Батыс Қазақстан облысының Сырым, Ақжайық, Бөрлі және Тасқала аудандарының жас натуралистері қатысты. «Экология және қоғам», «Ғылымдағы алғашқы қадамдар» және «Жас биолог» деген атаумен үш секция жұмыс істеді. Оқушылар пікірталас өткізіп, өздерінің ойларымен бөлісті және баяндамаларын оқыды. Табиғатта тәжірибелік жұмыспен шұғылданды. Балалар даладағы шатыр қалашығына орналасып, сол жердің флорасы мен фаунасын зерттеді.

5 жыл бұрын (2006) Алматыда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Кинологиялық орталығында «Иттерді қару-жарақтар мен оқ-дәрі іздеуге және патрульдық күзеттегі иттерді үйретуге дайындық» семинар-кеңесі өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасы Франция құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық шаралары негізінде жүзеге асырылып отыр. Оған Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі істері Кинология қызметі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кеден комитеті кинология қызметінің мамандары қатысуда. Оқу-жаттығуды өткізуге Францияның Қазақстандағы Елшілігі арқылы Францияның Канн-Эклюз қаласындағы Ұлттық полициясы Кинологиялық орталығының екі сарапшысы шақыртылды. Кинологтар арасында өтіп жатқан осынау оқу-жатығу семинары елдегі Кинологиялық қызметке мүдделілік танытып отырған салалық-ведомстволық құрылымдардың өзара тәжірибе алмасуына және олардың қызметші иттерді тиісті мақсатқа пайдаланудың әдіс-тәсілдерін тереңдей игеруіне арналған. Сондай-ақ ол қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтауды жетілдіру үшін қолға алынды. Орталықтың мақсаты кинолог-мамандарды даярлау мен қайта дайындау һәм иісшіл иттерді жарылғыш заттар мен есірткілерді іздеуге баулу. Кинологиялық орталық мамандары қылмысты шұғыл-іздестіру шаралары мен қылмыстың алдын алуда қызметші иттердің мүмкіндігін барынша пайдалануды көздейді.

4 жыл бұрын (2007) Павлодарда Иван Қандыбаевтың «Жаңбырдан кейін» өлеңдер жинағы жарық көрді.

Автордың есімі павлодарлық поэзия әуесқойларына жақсы танымал, ақынның туындылары «Нива» республикалық журналында, «Звезда Прииртышья» облыстық газетінің беттерінде және павлодарлық ақындардың жинақтарында жарық көрген. Мамандығы бойынша Иван Қандыбаев мұғалім, 20 жылдан бері мектепте жұмыс істеп келеді.

«Жаңбырдан кейін» кітабында ақынның ой тереңіне бойлауға және оның сезімін кеңінен тануға мүмкіндік беретін жырлары енген.

2 жыл бұрын (2009) Ақтөбеде, Абай саябағындағы №16 тұрғын үйдің қабырғасына Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Николай Жиленковқа арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Николай Жиленков (1934-2008) «Ақтөбеқұрылыс» қауымдастығының президенті, «Еңбек Қызыл Ту», «Отан», «3-дәрежелі Даниил Московский» сыйлығының иегері, Ақтөбе облысының еңбек сіңірген қайраткері. Қала және облыс құрылыстарына өзінің зор үлесін қосып, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласқан. Ол Ақтөбе қаласының бас жоспарын дайындауға қатысқан және Свято-Никольский шіркеуінің құрылысын қадағалаған.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1946) «Рахат» АҚ-ының Басқарма төрағасы - президенті, техника ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі,Қазақстан кәсіпкерлік және өндірістік одағының вице-президенті, Қазақстан Тамақ өндірушілер одағының президенті,Қазақстан Республикасы Жұмыс беруші конфедерациясы басқармасының мүшесі, «Атамекен» басқару одағының мүшесі, «RESMI» Инвестициялық Қаржы Үйі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ПОПЕЛЮШКО АнатолийВисханович дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған. Мәскеу тамақ және жеңіл өнеркәсіп технологиясы институтын бітірген. 1970-1977 жылдары - Ақсу қант зауытының механика шеберханаларының бастығы, цех бастығы, бас инженерінің орынбасары. 1977-1983 жылдары - Алакөл қант зауытының директоры. 1983-1984 жылдары - Қарабұлақ қант комбинатының директоры. 1984 жылы - Мерке қант комбинатының бас инженері. 1984-1986 жылдары - Алматы кондитер фабрикасының бас инженері. 1986-1992 жылдары - Алматы кондитер фабрикасының директоры. Қазіргі қызметінде 1992 жылдан бастап істейді. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер одағының мүшесі. 2002-2006 жылдары - «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. 1999 жылдан - Алматы қалалық Мәслихатының депутаты.

Екі монографияның, 20 мақаланың, 5 авторлық куәлік пен патенттің авторы.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

65 жыл бұрын (1946) Оңтүстік Құмкөл кен орынын алғашқы ашушы, Қазақтың мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары АЙДАРБЕКОВ Кенхан Дүйсенұлы дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1963-1965 жылдары - Атырау геологиялық барлау партиясының бұрғы жұмысшысы. 1973-1989 жылдары - «Өзенмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының операторы, геологы, бақылау тобының аға геологы, аға инжерері, аға технологы, қабатты қысымды қолдау жөніндегі цехтың аға геологы, технология бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1989-1992 жылдары - «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бас геологы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі басқармасының бас маманы. 1994-1997 жылдары - «Мұнайгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясы мұнай және газ өндіру басқармасының бастығы. 1997-2001 жылдары - «Құмкөл-Лукойл» АҚ-ның бас геологы. 2001-2010 жылдары - «Теңізшевройл» ЖШС даму жобасының үйлестірушісі. 2010 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Ерен Еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының құрметті кен барлаушысы» дипломымен марапатталған.

ТАМЫЗДЫҢ 5-І, ЖҰМА

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

293 жыл бұрын (1718) бүгінде үлкен қалаға айналған Семей әскери бекінісінің іргесі қаланды. Қазір қалада жақсы сақталып қалған бірегей және тарихи ескерткіштер баршылық. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бас кездерінде салынған ғимараттар мен нысандардың құндылықтары ерекше. Олардың көбісі әлі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде бір және екі мұнаралы мешітті, бүгінде оқу мекемелері орналасқан ерлер мен қыздар гимназияларын, мұғалімдер семинариясын атауға болады. Ал көпес Сахноның бұрынғы қонақ үйінде - бүгінде «Бинар» қонақ үйі, ал губернатор үйінде - тарихи-өлкетану мұражайының залдары орналасқан.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына кірді.

14 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай тілінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан, Эквадор, Ирландия, Малайзия мен Тунис жаппай қарусыздану жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы конференциясының құрамына кірді.

6 жыл бұрын (2005) Оралға «Татарстан-Қазақстан» бейбітшілік және достық автокеруені келді. Автокеруен Қазан қаласының 1000-жылдығына және Набережный Челнов қаласының 75-жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 10-жылдықтарына арналған.

Керуен құрамына 30 адам кірді, оның 20-ы мүгедек-спортшылар. Ұйымдастырушысы - «Еділ-Жайық» қайырымдылық қоры. Автокеруенге қатысушылар Орал қаласының көз тартарлық жерлерімен танысып, шахматтан және дойбыдан жолдастық кездесулер, Достық үйінде ұлттық мәдениет орталықтарының өкілдері қатысқан кездесулер өткізілді.

4 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақ тілінде әлем ертегілері енгізілген алғашқы CD-дің тұсау кесер рәсімі өтті.

Барлық материалдарды Қазақ радиосының редакциясы тапсырған. Бұл үнтаспаның бір ерекшелігі, барлық материалдар қазақ тіліне аударылған. Ертегілер мемлекеттiк тiлдi үйренгісі келген адамдарға арналған бағалы оқу құралы болып табылады. Жалпы 6 үнтаспа шығарылған, әр қайсысының ұзақтығы - 100 минөт. Әр CD-ға 10-12 ертегі енген, соның ішінде «Мысық пен қоян», «Арыстан мен түлкі», «Ақылды адам» және т.б. ертегілер бар.

3 жыл бұрын (2008) Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Есіл» ауданы құрылды.

Ол Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Елорданың «Алматы», «Сарыарқа» және Ақмола облысының Целиноград аудандарымен шектеседі. Жалпы ауданы - 31,2 мың гектар жерді құрайды, тұрғындары - 180 мың адам. Ауданға кіретін тұрғын алабтары - Пригородный, Ильинка, Шұбар, Тельман, Қараөткель, Заречный.

Ауданда 137 сауда мекемелері жұмыс істейді және «Керуен», «Мега», «Сары-Арқа» сияқты ірі сауда орталықтары бар.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, Халықаралық балалар-жасөспірімдер туризімі және өлкетану академиясының академигі, Қазақстанның қоғам қайраткері жәнемеценаты, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, әлемге әйгілі саяхатшы ЫСҚАҚОВ Сапар Ысқақұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Амангелді ауылында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) бітірген. 1966-1968 жылдары -Қарағанды үй құрылысы комбинатының инженер-конструкторы. 1968-1971 жылдары -«Жилстрой» құрылыс басқармасы «Торғайалюминийқұрылыс» тресінде монтаждау учаскесінің бастығы. 1971-1977 жылдары - Торғай облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс басқармасының бастығы. 1977-1983 жылдары - «Торғайауылқұрылыс-15» тресінің бас инженері. 1983-1987 жылдары - «Торғайалюминийқұрылыс» тресі басқарушысының директоры. 1987-1990 жылдары - «Қазжөндеутұрғын-үйжобалау» институтының директоры. 1991-1997 жылдары - «Омар» шағын құрылыс кәсіпорнының директоры. 1998-2003 жылдары - «Тілеп» компаниясының директоры. 2003 жылдан бастап қазіргі қызметінде. Халықаралық қазақ әндері байқауының бас демеушісі. Бейбарыс сұлтан және Әл-Фараби атындағы қоғамдық қайырымдылық қорын ұйымдастырушы және президенті. Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында зілзала зардаптарын жоюға белсене қатысты, Арқалық қаласында көптеген халық шаруашығы нысандарын салды, өз өндірістік базасын жасақтап, темір-бетон конструкциялары зауытын жаңартты. Астана қаласындағы «SOS Киндердорф» балалар ауылының аумағында жетім балаларға арнап отбасылық үлгідегі қалашықта екі тұрғын үй салып, өз қаражаты есебінен оның барлық шығынын өз мойнына алды. Халықаралық балалар алмасу бағдарламасына қаржылай көмек көрсетіп, талантты шығармашыл жастарды қолдауда, ұлттық мәдениетіміздің дамуына үлес қоса отырып, «Астана-2005» халықаралық қазақ әндері фестивалінің бас демеушісі болды, республикалық «Шабыт» фестиваліне, скрипкашылардың Оралда жыл сайын өткізілетін халықаралық конкурсына және әншілердің Күләш Байсейітова атындағы республикалық байқауына және республикалық ақындар айтысына «Тілеп» атындағы жыл сайынғы сыйлық тағайындады. Сонымен қатар «Күлтегін» клубының мүшесі, республикалық телеарналар мен басылымдарда туризмді насихаттайтын хабарлар мен жобаларды ұйымдастырушы.

«Жыл адамы - Алтын адам», «Ғасыр меценаты», екі мәрте «Алтын компас» кубогының иегері, «Құрмет», Ресейдің «Держава» және «Рубиновый крест», Ұлыбританияның «Королева Виктория» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет дипломымен, Халықаралық «Алтын медальмен» (Швейцария) марапатталған. «Халықаралық Меценаттық Академиясының» және Халықаралық туризм және спорт академиясының академигі. Оның есімі «Ұлттың алтын қорына» енді және аты-жөні «Мәскеуге - 850 жыл» атындағы саябақтағы «Ұлттық дәулет» аллеясында мәңгілікке жазылып қалдырылды. Жер шарындағы барлық 6 континентте, 100-ден астам елдерде болған. Оның есімі 70-тен аса елдерде болған турист ретінде Рекордтар кітабына жазылды.

«Таңқалған жолаушы», «Әлемнің сегізінші кереметі немесе әлем туристің көзімен», «Жер шарына саяхат» кітаптарының авторы.

ТАМЫЗДЫҢ 6-СЫ, СЕНБІ

Хиросима күні. Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні. 1945 жылы тамыздың 6-ында АҚШ ұшқышы Томас Фереби басқарған «Энола Гей» атты Б-29 әскери ұшақ Жапонияның Хиросима қаласына әлемдегі ең бірінші атом бомбасын тастады. Тарих қойнауына жүгінсек, осынау адамзат тарихындағы ең жауыздық іс-әрекеттің американ әскері үшін ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі соғыстың соңына қарай Жапония армиясы талқандалып, Тынық мұхиты айдынында АҚШ-қа еш қауіп төндірмеген. Ал бомба тастау үшін Хиросиманы арнайы таңдап алуы қаланың географиялық орналасуы, үш жағынан тау қоршап тұратындығы себеп болған. Бұл 20 килотонналық уран бомбасының өз күшін толық пайдаланып, ажал уын себуіне таптырмайтын нысана еді.

Халықаралық «Дәрігерлер бейбітшілік үшін» күні. Хиросимаға бомба тасталған күннен бастап, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысы атқару комитетінің шешімі бойынша аталып өтіледі.

Боливия Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1825). Боливия - Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және батысында Бразилиямен, оңтүстік-шығысында Парагваймен, оңтүстігінде Аргентинамен, батысында Чили, Перумен шектеседі. Ресми астанасы - Сукре, ал іс жүзіндегі астанасы - Ла-Пас. Мемлекеттік тілі - испан, аймара, кечуа тілдері, дегенмен бұларға қарағанда үнді тілі ауқымды қолданылады. Ақша бірлігі - боливиано. Мемлекет басшысы - Президент.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

55 жыл бұрын (1956) КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Мақта өндіруді арттыру үшін Өзбек КСР-і мен Қазақ КСР-інде Мырзашөлдің тың жерлерін суару және игеру туралы» қаулысы қабылданды.

42 жыл бұрын (1969) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Неке және отбасы» Кодексі бекітілді.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Қазақстан Республикасының патент заңы», «Жер астында және ашық жерде, аса зиянды және ауыр жұмыс жағдайында жұмыс істейтін тұлғаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» және «Қазақстан Республикасының «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдары жарияланды.

8 жыл бұрын (2003) Жамбыл облысының Қаратау қаласында фосфор саласының кеншілеріне арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

1937 жылғы бірінші геологиялық барлау экспедициясы кезінде Қаратау фосфорит алабының көлемі, сапасы және сипатты анықталды, ал 1941 жылы олардың өнеркәсiптiк игеруi басталды. Бұл жерде бастапқысында Шолақтау кенті пайда болған, тау-химия комбинаты салынды, инфрақұрылым саласы дамыды, халықтың саны өсті. Кейінен, 1963 жылы ауылға қала дәрежесін беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі Қаратау Қазфосфат» ЖШС-ның бөлімшесі болып табылатын тау-химия комбинатының іске қосылуының арқасында ұзақ жылдардағы тоқыраудан кейін қайтадан жаңғырып келеді.

7 жыл бұрын (2004) Ұлы Отан соғысының ардагері Бекболат Хазыровтың «Чтобы помнили» атты кітабы жарық көрді. Автор кітапты 314-ші атқыштар дивизиясының құрамында, Ленинград майданында ерлікпен шайқасқан жерлестеріне арнаған. Басылым павлодарлық жанұяларда сақталған құжаттар мен суреттер, майдангерлер хаттарындағы соғыс туралы әңгімелер негізінде жазылған. Кітапта 1941 жылы қыркүйекте Свирь өзені бойындағы ұрыста хабарсыз жоғалып кеткен 379 павлодарлықтың есімдері аталып, олардың тағдыры, өмірлерінің соңғы күндері туралы баяндалады.

6 жыл бұрын (2005) Батыс-Сiбiр және Оңтүстiк-Орал темiр жолдарының тарихында тұңғыш рет Петропавл мен Омбы қалаларының арасында жүретін «Экспресс» жүрдек пойызы пайда болды.

Жаңа жүрдек электрпойызының вагондары 1-шi, 2-шi және 3-шi санаттан тұрады. Ең жайлысы 1-ші санаттағы вагондар болып саналады. Оның ішінде жолаушылардың орнықты сезінуі үшін жұмсақ креслолар, олардың арасында үстелшелер, теледидар, бар орнатылған.

4 жыл бұрын (2007) Алматы облысының Кербұлақ ауданында полиэтилен тұрбаларын өндіретін «Каро» ЖШС-ы салтанатты түрде ашылды.

Кәсiпорынның өндiрiстік қуаты жылына 5 мың тонна шикізатты қайта өңдеп шығарады, және диамері 60-тан 630 милиметрге дейін 100 мың метр полиэтилен тұрбаларын шығаратын мүмкіндігі бар.

2 жыл бұрын (2009) Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданы аумағындағы Қызыл қоғам кенішінде қиыршық тас өндіретін зауыт іске қосылды.

Зауытта финдік өндірісшілердің жабдығы орнатылған. Өнімді тұтынушыларға жеткізу мақсатымен ұзындығы 5,4 шақырым теміржол желісі тартылған. Негізгі тұтынушылар ретінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Астана мен Ресейдің Омбы қаласы тапсырыс берген.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1911-1991) әнші, ұлттық опера өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі ТҰРДЫҚҰЛОВА Үрия (Ұлбосын) Әлтікқызы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласында туған. 1920 жылы Ташкенттегі халық ағарту институтында оқыған. 1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке қатысты. Сол жылы Мәскеу консерваториясының ән бөлімінде (Мальчуктың класында) оқыды.

1930 жылы қазіргі Қазақ академиялық драма театрына шақырылады. Мұнда Николай Гогольдің «Үйлену» комедиясындағы Фекла Ивановна рөлін сомдады. 1933 жылы қазіргі Қазақ академиялық опера және балет театрына ауысады. Қазақ, шетел композиторларының операларында Теңге (Иван Коцыктың «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында), ана, Дүрия, Қаламқас, Ақжүніс (Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғынында», күтуші әйел (Петр Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Кармен (Жорж Бизенің осы аттас операсында) секілді сан қырлы толыққанды музыкалық образдар жасады. Ол эстрадалық әнші ретінде қазақтың халық әндерін кеңінен насихаттады, өзбек, түрікмен, татар, орыс, украин әндерін де орындады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Украин майданындағы жауынгерлерге концерттер берді.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

55 жыл бұрын (1956) Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары РАХМАНБЕРДИЕВ Рахматілдә Сегізбайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Луговой жылқы зауытының аға экономисі, Комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің лекторлық тобының меңгерушісі, бөлім меңгерушісі. 1987-1991 жылдары - Жамбыл облыстық партия комитетінің лекторы, консультанты. 1994-1997 жылдары - «Жамбыл-импекс» қауымдастығының, «Арнабол» ЖШС-ның бас директоры. 1997-1998 жылдары - Луговой аудандық экономика басқармасының бастығы. 1998-2006 жылдары - Тұрар Рысқұлов атындағы аудан әкімінің орынбасары. 2006-2010 жылдары - Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары - ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі. 2010-2011 жылдары - Жамбыл облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бастап істейді.

55 жыл бұрын (1956) ғалым-агроном, Халықаралық экология, адам қауіпсіздігі және табиғат ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрметті профессоры НӘБИЕВ Марат Әскенұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1984-1991 жылдары - Целиноград облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, жауапты ұйымдастырушысы. 1991-1996 жылдары - Целиноград мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитетінің бөлім бастығы, «Есіл» АҚ-ының президенті, «Есіл» банкі Директорлар кеңесінің төрағасы. 1996-1999 жылдары - «Лисаков кен байыту комбинаты» АҚ-ының президенті. 2000 жылдан бастап «Ақмола вагон жөндеу зауыты» ААҚ-ының бас директоры, 2002 жылдан - президенті, ал кейін «Он-Олжа» ЖШС-інің президенті болған. Қазіргі уақытта Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті бітірушілер клубының құрылтайшысы.

Медальмен марапатталған.

45 жыл бұрын (1966) «ҚазТрагГаз-Алматы» АҚ басқарма төрағасы, экономика ғылымының кандидаты САПАРОВ Ақылбай Есболұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1933-2002 жылдары - Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары. 2002-2004 жылдары - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Активтерді басқару департаментінің директоры. 2004-2005 жылдары - «Теңіз Сервис» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары. 2005-2006 жылдары - «ҚазТрансГазДистрибьюшн» АҚ бас директорының даму жөніндегі орынбасары. 2006 жылдың мамырынан «Алматыгаз» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

ТАМЫЗДЫҢ 7-СІ, ЖЕКСЕНБІ

Көлік және байланыс қызметкерлері күні. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003-інші жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

Кот-д'Ивуар Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Кот-д'Ивуар -Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Мали, Буркина-Фасомен, шығысында Ганамен, батысында Либерия, Гвинеямен шектеседі. Оңтүстігін Гвинея шығанағы алып жатыр. Ел аумағы әкімшілік жағынан 16 аймаққа, ал аймақтар 50 департаментке бөлінеді. Астанасы - Ямусукро қаласы. Ресми тілі - француз тілі, сонымен қатар акан, кру, вольтек тілдері қолданылады. Ақша бірлігі - Батыс Африка франкі.

Орыс ақыны және драматургы, орыс символизмінің жарқын өкілдерінің бірі Александр Блокты (1880-1921) еске алу күні.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

16 жыл бұрын (1995) Алматы Кино үйінде «Абай» атты фильмнің тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы бойынша түсірілген эпикалық драма қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына арналған. Абай рөлінде Ғабиден Тұрықбаев, Құнанбай рөлінде Тұңғышбай әл-Тарази және т.б. актерлер ойнады. Сценариін Ләйлә Ақынжанова, Александр Баранов және Серік Апрымов жазған.

13 жыл бұрын (1998) Анкарада Абай паркінің ашылу салтанаты болды.

12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Беларус Республикасының Үкіметі арасында тауар (жұмыс) экспорттау және импорттау кезінде қосымша салық салудың қағидаттарын бекіту туралы», Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (көлік жолдары саласын қайта жаңарту жобасы), Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (денсаулық сақтау саласының жобасы), Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Даму банкі арасындағы «Қарыз туралы келісімді бекіту туралы» (құқық реформасы жобасы) Заңдары жарияланды.

6 жыл бұрын (2005) Алматыда, Республика сарайында, Райымбек батырдың 300-жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыс өнерінің байқауы болып өтті.

Шараны ұйымдастырған «Жарылқап батыр» қоғамдық қоры, «Айсел Қазақстан» корпорациясы, Алматы қалалық мәдениет департаменті және Республика сарайының әкімшілігі.

Аталмыш шараға Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларының суырып-салма ақындары қатысты. Ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Семейден келген Сара Тоқтамысова қанжығасына байлады. Бірінші орынды Талдықорғаннан келген Айтақын Бұлғақов жеңіп алды. Екінші орынды қарағандылық Аманжол Әлтаев, елордалық айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы және семейлік Ринат Зайытов бөлісті.

5 жыл бұрын (2006) Қырғызстан елордасында кемік майын трансплантациялау жөніндегі қырғыз-түрік орталығы ашылды. Түрік жағының қолдауымен Қырғыздың гемотологиялық ғылыми орталығында ашылған аталмыш орталық Орталық Азия аймағындағы әзірге жалғыз нысан және оның қызметін осы аймақтан келген қан ауруына немесе онкологиялық ауруларға шалдыққан сырқаттар пайдалана алады. Бұл орталық арнайы медициналық жабдықтар жеткізген және кемік майын трансплантациялау әдісін енгізуге қаражат бөлген түріктің ынтымақтастық және даму жөніндегі басқармасының арқасында ашылып отыр. Қырғыздың гемотология ғылыми орталығы мен Анкарадағы кемік майын трансплантациялау орталығы арасындағы келісімшартқа сәйкес 6 қырғыз маманы Түркияда білім алып, дайындықтан өтіп келді.

5 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы Қырықоба қорғандарының бірінен жыл санауға дейінгі VI-V ғасырға жататын көне жәдігерліктер табылды. Мұнда екі жылдан бері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясына қарасты Әлкей Марғұлан атындағы Археология және этнография институтының ғалымдары Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті оқытушы-студенттерімен бірлесе отырып қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қырықобадан басы жоқ жылқы сүйектерінің табылуы бұл жерлерде түркі тілдес халықтардың арғы тегі мекендегенін дәлелдейді. Алтын жалатылған әшекей бұйымдар, сақ дәуірінің куәсі боларлық қылыштар, ат құрал-әбзелдері, айна, тарақ секілді жәдігерлер зерттеуге жіберілді. Аталмыш институт қызметкері Мейрам Сейіткереевтің айтуынша, бұлардың арасында уыстай ғана сүйектен жасалған, ойсылқараға ұқсас бойтұмар ерекше құнды. Жануардың үстіндегі жазбалар мен шағын бейнелер қарапайым көзге де анық байқалады. Жалпы нобайы он шақырымдай жерді алып жатқан Қырықобаның қазірге дейін 15 обасы ғана аршылған.

4 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы стратегиялық маңызға ие нысандарға мемлекеттік бақылаудың тиімді тетіктерін құруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің экономика саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2 жыл бұрын (2009) Павлодарда «Бибі-Ана» қоғамдық бірлестігі павлодарлық бөлімшесі мүшелерінің өз қолдарымен жасаған бұйымдарының көрмесі ашылды.

Онда әдемі ұлттық киімдер, тоқыма көйлектер мен жакеттер, құрақ көрпешелер мен шеберлердің қолынан шыққан басқа да бірегей бұйымдар қойылған.

Павлодарлық «Бибі-Ана» қоғамдық бірлестігін 1999 жылы мүгедек-әйелдер құрған болатын. «Бибі-Ана» мүшелерінің қолдарынан шыққан ұлттық киімдер халықтың үлкен сұранысына ие.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1921-1952) ақын ҚАЛАУОВА Зияш дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітіріп, Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ақсу орта мектебінде мұғалім болған.

Алғашқы өлеңдер жинағы 1941 жылы «Шолпан» деген атпен жарыққа шыққан. Сондай-ақ өлеңдері мен поэмаларының үш жинағы жарық көрген. Ақын 1950 жылы бейбітшілікті жақтаушылардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық II конференциясына Қазақстаннан делегат болып қатысқан.

«Кавказ шыңында», «Бейбітшілікті сүйеміз» өлеңдер жинағының авторы.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Шәуілдір орта мектебіне ақынның есімі берілген.

65 жыл бұрын (1946) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кино әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанда пантомимо өнерін қалыптастырушы ӨТЕПБЕРГЕНОВ Меңтай Смағұлұлы дүниеге келді.

Мәскеу цирк училищесін, Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1974 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етеді.

Актер 60-тан аса фильмге түсіп, қытай, чукча, бурят, якут, түрік, өзбек секілді 16 ұлт өкілінің бейнесін сомдаған. «Біз - ересектер», «Жаушы», «Ақ шаман», «Жеңімпаз», «Интердевочка», «Шанхай», тағы да басқа фильмдерде ойнаған.

40 жылдан аса уақыт бойы әр елдің түрлі маркаларын жинаумен шұғылданады. Ерланген (Германия) қаласындағы кинофилателистер клубының мүшесі болып табылады. «Маркалардағы әлем киносының тарихы» атты кітаптың авторы. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Канн қаласындағы 51-ші Халықаралық кинофестивалінде өтті.

55 жыл бұрын (1956) Ақтөбе облысы Алға спорт мектебінің директоры, палуан, КСРО спорт шебері САУАНАЕВ Құсман Мұсағалиұлы дүниеге келді.

Алматы дене тәрбиесі институтын бітірген. Ақтөбе балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Алматы спорт училищесінің жаттықтырушысы, Талдықорған қаласындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы болған. 1998 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы «Жарылқасын» спорт клубының аға жаттықтырушысы қызметін атқаруда. 1973-1974 жылдары «Спартак» спорт қоғамының құрамында республикалық жарыстың жеңімпазы атанып, Павлодарда өткен жарыста республика чемпионы атанса, 1977 жылы Қазақстан кубогының күміс жүлдесін иеленген. 1980 жылы Өскемен қаласында өткен Қазақстан біріншілігінің чемпионы атағын ұтып алып, еркін күрестен ұлттық құрама сапына алынған. 1981 жылдан бастап бірнеше мәрте Азия кубогының жеңімпазы, 1994 жылы Қазақстанның 13 мәрте чемпионы атанған. Ол жаттықтырған спортшылардың алтауы республика чемпионы болған. Сондай-ақ 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарына қатысушы спортшыларды жаттықтырған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдан бастап істейді.

45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Қазастан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, доцент ТІЛЕУХАН Бекболат Қанайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын және аспирантурасын бітірген. 1992-2001 жылдары - Алматы консерваториясының оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі. 1996-1997 жылдары - Республикалық гвардия жанындағы Президент оркестрі фольклорлық ансамблінің жетекшісі. 1997-2001 жылдары - Президент оркестрінің көркемдік жетекшісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және қоғамдық келісім вице-министрі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі. 2004-2007 жылдары - «НұрОтан» халықтық демократиялық партиясы тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2007 жылың тамызынан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 4-шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.

«Парасат» орденімен марапатталған.