ҚазАқпарат-Анонс: 2011 жылғы 6-8 мамыр аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ЕЛБАСЫ

6 мамырда Ақордада Елбасы Н.Назарбаев Отан қорғаушы күніне орай әскери қызметкерлерге мемлекеттік наградалар мен әскери шендер табыс етеді

6 мамырда Бейбітшілік және Келісім сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

ҮКІМЕТ

6 мамырда Алматы әкімдігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің қатысуымен кеңес өтеді.

ҚОҒАМ

26 сәуір мен 25 мамыр аралығында Ішкі істер министрлігі республикалық «Назар аударыңыз - бағдаршам!» айлығын өткізеді. Бұл акцияның мақсаты - балалар жол-көлік жарақатының алдын алу және жүргізушілердің назарын кәмелетке толмаған жаяу жүргіншілерге аудару.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров 5-6 мамыр күндері жұмыс сапармен Куба Республикасында болып қайтады.

6 мамырдан бастап, «Дегдар» гуманитарлық қоры, «JTI» компаниясының қолдауымен еліміздің бес қаласында - Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Қарағанды қалаларында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне классикалық музыкадан қайырымдылық концерттер өткізеді

СПОРТ

Қытайда 5-9 мамыр күндері әйелдер боксынан Азия кубогы сарапқа салынады

АСТАНА

9 сәуірден 15 маусымға дейін Астананың Жеңіс және Иманов көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

5-6 мамырда сағат 19.00 К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Август Бурнонвильдің «Сильфида» романтикалық балетінің премьералық қойылымы өтеді. Музыкасын жазған Херман Левенсхольд.

6 мамыр күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рокас Бернотас «ЕО және ЕҰУ достастық көпірі» жобасы аясында "Литваның Еуропаға жолы» атты тақырыпта ЕҰУ студенттері алдында дәріс оқиды

6 мамырда Конгресс-Холда Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған «Ленинградтық өрендерім!» атты қайырымдылық концерті өтеді.

6 мамырда «Өркен» бизнес-орталығында Л.Ахметованың кітабының тұсаукесер рәсіміне арналған баспасөз мәслихаты болады.

6 мамырда «Нұр Отанның» кеңсесінде «Журналистердің әлеуметтік мәртебесі және құқығы» деген тақырыпта Журналистер клубының отырысы өтеді.

6 мамырда «Жастар» сарайында Ғарыш саласына арналған көрме ашылады.

АЛМАТЫ

5-6 мамыр күндері Алматыда «Талантты ұстаз - дарынды балаларға» атты VI республикалық педагогикалық олимпиада өтеді .

6 мамырда Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде SIFE-2011 Ұлттық жарыстарының аясындағы Студенттердің әлеуметтік маңызды бизнес-жобалары фестивалінің финалы өтеді.

6 мамырда Алматы әкімдігінде қалалық мәслихаттың кешектен тыс сессиясы өтеді.

6 мамырда Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтында «Қазақстанның 2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді.

6 мамырда Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінде жаңадан келген қызметкерлердің ант беру салтанаты өтеді.

6 мамырда Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде Нобельдік сыйлықтың лауреаттары Финн Кидландпен және Роджер Корнбергпен кездесу болады

АЙМАҚ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

7 мамыр күні Ақмола облысы, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында «Күш атасы Қажымұқан» - атты Қажымұқан Мұнайтпасұлының туғанына 140 жыл толуына арналған ерекше маңызды мәдени-спорттық шара өткізіледі.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

5-7 мамыр аралығында Батыс Қазақстан облысының су тасқынынан зиян шеккен аудандарын ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бастаған республикалық этномәдени бірлестіктердің басшыларынан тұратын Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы аралайды

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР.

МАМЫРДЫҢ 6-Ы, ЖҰМА

Мацзу Аспан Патшайымының мерекесі. Тянь-хоу Мацзу (Мацзу Аспан патшайымы) - ежелгі қытай мифологиясындағы теңіз құдайы. Оның мәдениеті Х-ХІ ғғ. дүниеге келді. Тянь-хоудың толқында, бұлтта немесе тақта отырғаны бейнеленген. Оның екі көмекшісі бар: біріншісінің қолы құлағына, ал екіншісінің қолы көзіне қойылған. Аңызда айтылғандай Мацзу 960 жылдары өмір сүрген, Линь деген балықшылар ауылының қызы болған, тоқымамен теңіз арқылы жүзе білген және бұлттармен аралдарды кесіп өтетін болған. Бүгінгі таңда Мацзу елдегі және шетелдегі қытайлықтарды байланыстырады. Орта есеппен алғанда, құдай анаға әлемнің түпкір-түпкірінен 200 миллионнан астам адамдар сыйынады.

ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

18 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Республикалық кино үйінде 1991-1993 жылдары жасалған фильмдердің байқауы өтті. Гран-при жүлдесі режиссер Ардақ Әмірқұловтің «Отырардың күйреуі» және режиссер Дамир Манабаевтың «Сұржекей» фильмдеріне берілді.

16 жыл бұрын (1995) 6-8 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондонда, Парижде және Мәскеуде өткен Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50-жылдық мерейтойына арналған салтанатты рәсімдерге қатысты.

Елбасы мерекелік шараларға қатысу барысында Эдинбург және Уэльсский ханзадаларымен, Ұлыбританияның Премьер-министрі Дж.Мейджормен, Францияның Президенті Ж.Ширакпен, Германияның Федеральды канцлері Г.Кольмен, АҚШ-тың Вице-президенті А.Гормен, Иордания Королі Хусейнмен және басқа да мемлекеттердің басшыларымен кездесулер өткізді.

16 жыл бұрын (1995) бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға тең адамдарға жеңілдік пен әлеуметтік көмек көрсету туралы» Жарлығы жарияланды.

13 жыл бұрын (1998) Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласының атауы Астана қаласы болып өзгеріп, «Сарыарқа» және «Алматы» аудандары құрылды.

5 жыл бұрын (2006) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Моңғолияны операциялар елі ретінде қабылдау мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкін құру туралы Келісімге түзетуді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

5 жыл бұрын (2006) Елбасы Қазақстандағы аудит және аудиторлық қызмет жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

3 жыл бұрын (2008) «Байқоңыр» ғарыш айлағында Мәскеу және барша Рус Патриархының хоругвь-жалаушасын табыс ету рәсімі болды.

Рәсім ресей жауынгерлігінің қамқоршысы - Георгий Победоносец храмында өтті. «Байқоңыр» айлағының басшысы генерал-майор Олег Майдановичке әскери айбын мен даңқ белгісі - хоругвь-жалаушасын Мәскеу және барша Рус Патриархы Алексий ІІ-нің атынан Байқоңырдағы Әулие Георий Победоносец храмының бастығы протоиерей Сергий табыс етті. О. Майданович патриарх Алексий ІІ-ге алғысын білдіріп, ғарыш айлағы әскерилерінің Отаны алдындағы борышын лайықты атқара беретіндігіне сендірді.

3 жыл бұрын (2008) Алматыда 1942-1945 жылдары Ленинград майданында қазақ тілінде шығарылған «Отанды қорғауда» газетінің тігінділері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына сыйға тартылды.

Ленинград қорғаушыларының жауынгерлік ерлігі туралы мол материалдар жинақталған майдандық бұл газет басылымының ұйымдастырушысы және тілшісі Түймебай Әшімбайұлының жеке мұрағатында сақталып келген болатын. Оны Т. Әшімбаевтың мұрагерлері өзара кеңесіп, оқырманның игілігіне ұсыну үшін Қазақстан Респу Ұлттық кітапханасына сыйға тартып отыр. Түймебай Әшімбайұлы 1918 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, 1941-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан болатын. КСРО-ның 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендері мен көптеген медалдардың иегері, соғыстан кейін де ерен еңбегімен көзге түсті. Қазақстан экономикасы туралы бірнеше монография жазып, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі болды.

3 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған «Салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

3 жыл бұрын (2008) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына сәйкес, Астана қаласының 10 жылдығы құрметіне орай, еліміздің және елорданың дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан республика азаматтары мен шетел азаматтары «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталатын болатын. Ережеге сәйкес, мерекелік медальға алғашқылардың қатарында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектері ие болды.

2 жыл бұрын (2009) Алматыда «Спира-Берга» ЖШС-ның жаңа полиэтилен тұрбалар зауыты іске қосылды.

«Спира-Берга» зауыты - қазіргі заманғы сумен жабдықтау, канализация және кабелді қорғайтын жүйелерге арналған полиэтилен тұрбаларының жоғары сапалы өндiрiсін оңтайлатқан Қазақстан аумағындағы алғашқы кәсiпорындардың бiрi.

Өнiм Cincinnati, Corma және Jweel дүниежүзілік өндiрушiлердің жабдығында шығарылады.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері, рейхстагқа ту тіккен, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев тұрған Достық даңғылының бойындағы үйде батырдың құрметіне мемориалды тақта ашылды.

«Бұл тақтаның ашылуы - шындықтың салтанат құруы. Бұл күн әкеме 60 жылдан кейін болса да «Халық Қаһарманы» атағының берілуімен айтулы күн. Тақта бұған дейін Жамбыл көшесі жағында ілініп тұрды. Ол жерде кафе ашылғандықтан алып тасталған болатын. Алматы әкімдігі Ұлы Жеңістің 65 жылдығы алдында бізге үлкен қуаныш сыйлағандығына ризамыз», деді ардагердің қызы Әлия Рахымжанова.

Бұған дейін белгілі болғандай, Ресейдің әскери тарих институты қазақстандық 150-ші атқыштар дивизияның, 1-ші Беларус майданының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылы сәуірдің 30-ы күні Рейхстагқа ту тіккендердің бірі болды деп мақұлдаған болатын.

«Бұл деректі білген адамдар болса да, ол дәйек мойындалмай келді. Бір өкініштісі, шындық орнағанда әкемнің өмірде болмағандығы», деп атап өтті батырдың қызы.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Отан соғысында ерлігі үшін полк басшылығы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынса да, ол Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.

Батыр дүниеден өткеннен кейін, 1999 жылы мамырдың 7-де Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Бүгінде Ақмола облысының Косшы ауылындағы орта мектеп Рақымжан Қошқарбаев есімімен аталады. Сондай-ақ, Астана қаласында батырдың есімімен аталатын көше бар.

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы дүниеден озды.

1 жыл бұрын (2010) Орал қаласында соғыс және еңбек ардагері Есім Сәрсенов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Жаңақала ауданында 1910 жылы дүниеге келген Есім Сәрсенов еңбек жолын Орда ауданының Азғыр бастауыш мектебінде мұғалім болып бастап кейін мектеп директоры, басқа да лауазымдық қызметтер атқарады. Соның ішінде Жәнібек ауданын басқарып, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталған ол кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.

1 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында Ұлы Отан соғысы және прокуратура органдарының ардагерлеріне арналған мұражай ашылды. Мұражайдың ашылу салтанаты Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған.

Мұражайда, Кеңес Одағы тұсындағы прокуратура органдарының қызметімен байланысты құжаттар мен сол уақытта прокуратура саласында қызмет еткен белгілі тұлғалардың суреттері, мүсіндері мен олар жөніндегі өмірдеректер сақталған. Сонымен қатар онда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында прокуратураны басқарған және осы саланың дамуына үлес қосқан азаматтар жөнінде де көптеген деректер бар. «Қорыта айтқанда, мұражайдың жәдігерлері кешегі мен бүгінгіні үндестіріп тұр. Бұл экспозицияларға біз «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» деген айдар тағып отырмыз», дейді мұражайды ұйымдастырушылар.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Еремей Эстриннің сценарийі бойынша түсірілген «Батырлар әні» атты деректі фильмнің таныстырылымы өтті.

Деректі фильмнің кейіпкерлері қазіргі кезде арамызда өмір сүріп жатқан қарапайым майдангерлер. Деректі фильмде олар соғыс туралы, ондағы достық, адамгершілік туралы өз пікірлерін, өмірлерін ортаға салады.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1936) композитор, өнер зерттеушісі, жазушы, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты ЖАҚАНОВ Ілия дүниеге келді.

Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1959-1963 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімі меңгерушісі. 1963-1984 жылдары - Қазақстан теледидар және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1984 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысады.

Алғаш рет оқырмандарына «Қайта оралған ән», «Хош бол, вальс» кітаптары арқылы танылған. Қазақтың ұлы күйші, қобызшысы Ықылас туралы романы «Кертологоо» деген атпен алғаш рет қырғыз тілінде, кейін «Ықылас» деген атпен қазақ тілінде жарық көрді. Оның қазақ өнері қайраткерлерінің өмірін зерттеу негізінде «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі жинақтары, содай-ақ «Қарабура» тарихи-танымдық шығармалары, «Әселім-әнім», «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық», т.б. халық арасына кеңінен танылған әндері бар. Қырғыз жазушысы Төлеген Қасымбековтың «Сынған қылыш» дилогиясын қазақ тіліне аударған. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», т.б. сал-серілер ғұмырнамалары, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндердің шығармашылық портреттерін жасады. «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдері бар.

60 жыл бұрын (1951) палуан, грек-рим күресінен олимпиада ойындарының жеңімпазы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері, Тараз қаласының құрметті азаматы ҮШКЕМПІРОВ Жақсылық дүниеге келді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген.

Бапкерлері - Р.Ильматов, В.Псарев, В.Угренинов. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. КСРО чемпионатының алтын (1975, Алматы), күміс (1974, Мәскеу, 1978, Запорожье), және қола жүлдегері (1973, Таллин). КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1975, Алматы). Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980), әлем чемпионы (1981, Осло, Норвегия) және кубогының иегері (1982). Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1980, Мәскеу). 1974-1984 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары - республикалық кәсіподақтардың Ерікті дене шынықтыру спорт одағы спорт мектебінің директоры қызметтерін атқарған. 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры. Спорттағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, және көптеген грамоталармен марапатталған.

Жақсылық Үшкемпіров 2011 жылғы 30-шы қаңтар күні «Астана-Арена» стадионында өткен 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі барысында Азиаданың бас алауын тұтатқандардың бірі болды.

40 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы ТҰРЛЫБЕК Арман Алашұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақстан-Ресей университетін бітірген. 1993-1999 жылдары бірқатар коммерциялық құрылымдарды басқарды, 1999-2000 жылдары - Сәтбаев қалалық мәслихаттың хатшысы, 2000-2007 жылдары - Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, 2007-2008 жылдары - Қарағанды облысының Энергетика және коммунальдық шаруашылық департаментінің директоры, 2008-2010 жылдары - Сәтбаев қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсанынан бастап істейді.

МАМЫРДЫҢ 7-І, СЕНБІ

Отан қорғаушы күні. 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Нақ осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштері бас штабтары бекітіліп, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қайта құрылды. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери - Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.

Дәстүр бойынша Отан қорғаушы күні Қазақстан Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсырады.

ОҚИҒАЛАР

36 жыл бұрын (1975) Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің жағасында Ұлы Отан соғысы жылдарында мерт болған шығысқазақстандық азаматтарға ескерткіш орнатылды.

26 жыл бұрын (1985) Петропавлдағы Жеңiстiң жаңа саябағында 1941-1945 жж. соғыстағы Ұлы Жеңiстiң 40-жылдығына арналған обелиск ашылды.

Биiктiгi 14 метр, темiр-бетоннан жасалған, мәрмәр тақтайшамен қапталған, Жеңiстiң бiр метрлiк орденiмен аяқталған. Обелискiнiң төменгi бөлiгiнiң екi жағында жауынгерлердiң стильденген мүсiндерiнiң рельефтiк суретi бар. Басқа екi жақта ту және Қызыл ту орденiнiң суретi орын алған.

Ұлы Отан соғысы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 314-ші атқыштар дивизиясы және тағы басқа да әскери бөлімшелер ұйымдастырылған.

19 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

12 жыл бұрын (1999) Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа (марқұм) - «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

3 жыл бұрын (2008) Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткеновке (1913-1944 жж.) Павлодар облысының Ақтоғай ауданында ескерткіш ашылды.

Қаһарман жауынгердің кеуде мүсіні қазір Батырдың атымен аталатын ауылда биік тұғырға орнатылды. С. Мүткенов Черкас облысының (Украина) Ризино деревнясының түбінде қаза тапты. Ақтық шайқастағы ерлігі үшін ол жоғары жауынгерлік награда Алтын Жұлдызбен - Кеңес Одағының Батыры атағымен марапатталды. Оның есімі ауылға және мектепке берілді. Мектеп жанынан ұйымдастырылған мұражай С. Мүткеновтың өмірі мен ерлігі туралы сыр шертеді. Жеңіс мерекесі күндері патриоттық экспедицияға қатысушы бір топ павлодарлықтар Украинада болып, жерлестерінің зиратына тәу етеді.

2 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Ақсу қаласында жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткiш орнатылды.

Жаяу әскердiң жауынгерлiк машинасы Баянауыл тастарынан қаланған биiк тұғырда орнатылған. Мемориал тақтада Ауғанстан соғысында апатқа ұшыраған жерлестердiң есімдері жазылған.

1 жыл бұрын (2010) Алматыда, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова соңғы жылдары тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды.

1922 жылдың мамыр айының 15-інде Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы.

Хиуаз Отанын шын сүйген сол кездегі албырт жастардың бірі болатын. Кеңес заманындағы авиацияның жетістіктері мен ұшқыштардың сан түрлі ерлік істері жөніндегі үгіт-насихат қазақ қызының да осы салаға деген ынтызарлығын оятқан. Осындай ой-қиялдың тұңғиығында жүрген қағілез де пысық қыз ақыры дегеніне жетіп, 1940 жылы мектепті үздік деген бағамен бітірген. Ол тек мектепті ғана тәмәмдап қоймай, запастағы ұшқыш деген куәлігін қоса ала шығады. Енді өзінің ұшқыш болатындығына сенімі нығая түскен, оқудан соң тура Мәскеуге жол тартып, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болған оның алғашқы қадамы сәтсіз болады. Бұған налыған Хиуаз ба? Ол бірден Мәскеудің бірінші медициналық институтына түседі.

1941 жылдың қыркүйек айы. Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылының басталып жатқан кезі. Ал жастардың көпшілігі Отанды жаудан қорғау үшін майданға аттанып жатқан шақ. Бұл кезде Хиуаз да майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенінде ол әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естиді. Бұл Хиуаз сияқты нағыз өршіл жас үшін өзінің кім екендігін көрсетіп қалатын жақсы мүмкіндік еді. Бұны Хиуаздың өзі де жақсы түсінеді. Көктен сұрағаны жерден табылған қайсар қыз ойланбастан, бірден аталған полк басшысына келеді. Қазақ қызына полк басшылығы алғашында сенімсіздікпен қараса да жауынгерлер құрамына қабылдайды. Сөйтіп, жауынгер қыз Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтаған жас қыз 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.

Қыз-келіншектерден жасақталған және Хиуаз қызмет еткен авиаполк үкіметтің көптеген жоғары наградаларын алған. Алдымен оған «Гвардиялық» деген атақ беріліп, артынан «Тамань», Қызыл Ту, Суворов ордендері беріледі.

Авиаполк қызметкерлерінің жазып қалдырған деректері бойынша, соғыс кезінде алған қатты жарақаттың салдарынан Хиуазды алғашында қаруластары өлді деп санайды. Алайда оның шалажансар күйде жатқандығын біреулер байқап қалады. Сөйтіп ол аман қалып, тек 6 айдан кейін ғана айығып шығады.

Соғыстағы ерліктері үшін батыр қыз «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын иеленіп, әскери атағы аға лейтенант шеніне дейін өседі.

Кеңес әскері 1945 жылы Берлинді азат еткен соң Мемлекеттік Қорғаныс комитеті қыз-келіншектер авиаполкін бірінші болып таратады. Ал бұл кезде екінші топтағы мүгедек Хиуаз медицина институтына келіп оқуын жалғастырмақ болады. Алайда ол сол кездері өзінің ерлік істерімен, іскерлігімен Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салинннің көзіне түседі. Содан Хиуаз өзі туған облыстағы обкомның нұсқаушысы болады. Кейіннен Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жіберіледі. Сол уақыттан бастап, оның ел басқару ісіндегі қырына жол ашылады. Сөйтіп, ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы сияқты көптеген лауазымды қызметтерді атқарады.

Ел басына күн туған шақта сұрапыл соғысқа араласып, бейбіт заманда еліне талмай еңбек еткен «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова 2008 жылдың мамыр айының 20-сы күні өмірден өтті.

1 жыл бұрын (2010) Қостанайда Ұлы Отан соғысына атсалысқан қостанайлық ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне арналған обелиск ашылды.

Обелисктің ашылу рәсіміне соңыс ардагерлері, қоғам өкілдері және студенттер қатысты. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин өз сөзінде: «Жауынгерлердің майдан даласындағы ерліктерін ғана емес, тылда еңбек етіп, Жеңіске өз үлестерін қосқан адамдардың да ерліктерін ұмытпауымыз керек. Олар тәулігіне 16-18 сағаттан еңбек етіп, нормалар мен жоспарларды асыра орындады, Жеңіске жету жолында жан аямай еңбек етті. Обелиск Отан қорғаушы күні кездейсоқ ашылып отырған жоқ. Осынау қасиетті борыштарын кезінде орындаған және қазір де атқарып жатқан адамдарға біз барлығымыз рахмет айтуымыз, оларды ешқашан ұмытпауымыз керек», деп атап көрсетті.

Ескерткішті тұрғызуға 10 миллион теңге жұмсалды. Бұл соманың жартысын - облыс бюджеті аударса, тағы 5 миллион теңге қалалық және аудандық Ардагерлер кеңестерінен түсті.

1 жыл бұрын (2010) Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің ғимараты жанында Ұлы Отан соғысының милиционер-ардагерлеріне қойылған Даңқ мемориалының ашылу салтанаты болды.

Биіктігі 3 метр қара гранит тақтаға солтүстікқазақстандық 755 милиционер-ардагердің аты-жөндері жазылған. Полиция қызметкерлері мемориал жанына ағаштар аллеясын отырғызды.

Даңқ мемориалының ашылу салтанатына Ішкі істер департаментінің басшылары мен қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, қоғам өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Ақтөбеде, Әлия Молдағұлова атындағы даңғылда Кеңес Одағы Батырлары аллеясы құрылысының іргетасын қалау рәсімі болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары 35 ақтөбелік жауынгер ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 9 жауынгер - Даңқ орденінің толық иегері атанған.

Салтанатты шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Кеңес Одағы батырлары мен Даңқ ордені иегерлерінің ұрпақтары, Ақтөбе қаласының құрметті азаматтары, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары, студенттер мен оқушылар қатысты.

1 жыл бұрын (2010) Атырау қаласындағы саябақтардың бірінде аңызға айналған қазақтың жауынгер-әйел ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың қоладан жасалған мүсіні салтанатты түрде ашылды.

1 жыл бұрын (2010) Петропавлда Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында жаңартылған Жеңіс саябағының салтанатты түрде ашылуы болды. Салтанатты шараға соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қаланың құрметті тұрғындары, Петропавл әскери горнизонының, еңбек ұжымдарының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Салтанаты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының орындалуынан басталды, содан кейін шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдары қаза болған солтүстік қазақстандық жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

1 жыл бұрын (2010) Оралда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңімпаздар» кітап-альбомы жарық көрді.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Жайық Пресс» ЖШС дайындаған.

Қатты мұқабамен, түрлі-түсті суреттермен әдемі безендірілген кітапта Ұлы Отан соғысына қатысқан батысқазақстандықтар, Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің иегерлері, сондай-ақ тыл еңбеккерлері туралы барынша мол мағлұмат берілген. Сондай-ақ Жұбан Молдағалиев бастаған батысқазақстандық ақындардың Жеңіс пен соғыс тақырыбына арналған жырлары да енгізілген.

1 жыл бұрын (2010) Павлодар қаласындағы Даңқ аллеясында соңғы жылдары өмірден озған сегіз Кеңес Одағы Батырына орнатылған ескерткіштің ашылуы болды. Олар - Степан Токарев, Иван Скляров, Александр Квитков, Максим Милевский, Спартак Маковский, Иван Кудин, Құдайберген Сұрағанов, Константин Шувалов. Олар соғыста қаза тапқан Алтын Жұлдыз және Даңқ ордендерінің толық иегерлері болған жерлестерінің қатарынан орын алды.

Ескерткіштің ашылуына арналған Жеңіс саябағындағы митингіге ардагерлер, Батырлардың туыстары, қалалықтар, кадеттер мен мектеп оқушылары жиналды. Батырлар мүсіндерінің авторлары - павлодардық суретшілер.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1941) ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ЕГЕУБАЕВ Арғынғазы Әбутәліпұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қостанай ауданында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы техникумын, Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. 106 ғылыми жарияланымның, оның ішінде 2 монографияның, 2 оқулықтың, 3 оқу құралының, 8 ұсыныстың, 14 оқу-әдістемелік нұсқаулықтың және 1 өнертабыстың авторы. Сонымен қатар 3 ауыл шаруашылығы ғылымы кандидатын және 1 докторын дариярлаған. 1968-1996 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының аспиранты, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры. 1996-2003 жылдары - Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы малдарын азықтандыру және азық өндірісі кафедрасының меңгерушісі. 2003 жылдан бастап Қазақ ұлттық аграрлық университеті мал тұқымын асылдандыру және мал шаруашылығы кафедрасының профессоры қызметін атқарған.

Медальдармен, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының Омск қаласындағы консулы, техника ғылымының кандидаты, «Экология» халық академиясының академигі, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атындағы университетінің құрметті профессоры ҚОНАЕВ Эльдар Асқарұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1978-1979 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Ядролық физика институтының инженері. 1979-1983 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және байыту институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары - Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1987-1988 жылдары - Қазақстан кәсіподақтары республикалық кеңесінің нұсқаушысы. 1988-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының ғылыми қызметкері. 1989-1992 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Металлургия және байыту институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, «Заман» шағын өндірісінің директоры. 1992 жылдан Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, президенті. 1998-2001 жылдары - Алматы облыстық Жоғары экономикалық кеңесінің бөлім бастығы. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігі Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының орынбасары. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар аймағын мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап істейді.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан темір жолының 100 жылдығы» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

МАМЫРДЫҢ 8-І, ЖЕКСЕНБІ

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған Зерде және бітістіру күндері. 2004-інші жылғы қарашаның 22-інде Бас Ассамблея мамырдың 8-і мен 9-ын зерде және бітістіру күндері деп жариялап, мүше-мемлекеттердің әрқайсысы өз жеңіс күні, азат етілген күні және мереке күнін белгілей алатынын мойындай отырып, барлық мүше-мемлекеттерге, БҰҰ жүйесіндегі үкіметтік емес ұйымдарға және жеке тұлғаларға жыл сайын осы екі күннің біреуін немесе екеуін де Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары құрметіне атап өтуге шақырды.

Дүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест күні. 1953 жылдан бастап, «Қызыл Крест» халықаралық қоғамының негізін қалаушы, швейцар гуманисі, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Ал қозғалыстың өзі 1863 жылы Жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болып, алғашында соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсететін болған. 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ фондағы Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі қауымдастық та Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан Халықаралық комитетке бағынышты. Әскери уақытта Комитет соғысушы елдермен және Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай аумақтық бөлімшелері арасында делдалық қызмет атқарады. Бұл ұйымның өкілдері тұтқындар мен босқындар лагерлері аймағына бөгетсіз өту құқықтары бар. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған екі қозғалыс әлемнің 180 еліндегі 400 миллионнан астам адамды біріктіреді. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсан айында Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары Халықаралық федерациясына қабылданды.

ОҚИҒАЛАР

46 жыл бұрын (1965) Байқоңыр ғарыш айлағы Ленин орденімен марапатталды.

18 жыл бұрын (1993) Алматының Республика алаңында тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең алғашқы әскери шеруі болып өтті.

4 жыл бұрын (2007) Семейде Жоғарғы Ертiс өзені пароход шаруашылығының қызметi туралы және барлық тарихи айғақтар мен мәлiметтер жиналған ерекше басылым жарық көрді. Кітаптың авторы - Ұлы Отан Соғысының ардагері, пароход шаруашылығының қария қызметкері Николай Верещагин.

Мұндағы 1930-1990 жылдардағы пароход шаруашылығының құрылуынан бастап және оның қызметінің тоқталуына дейінгі қамтылған барлық деректер мұрағаттан алынған құжаттар мен суреттерге негізделген.

Кітап шығысқазақстандық су жолдары кәсіпорнының қолдауымен жарық көрді.

3 жыл бұрын (2008) Өскемен әкімдігі мен ЮНИСЕФ ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

350-ден астам адам, атап айтқанда педагогтар, психологтар, тәрбиешілер, балалар үйлері мен жасөспірімдер клубтарының жетекшілері қатысқан кеңес өтті.

Келісімде балалардың өмір сүруіне, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға жақсы жағдай қалыптастыру және олардың мүддесін қорғау мақсатында көптеген бірлескен іс-шаралардың тізбесі қарастырылған.

2 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында Памирдегі 1995 жылғы 7 сәуірдегі оқиға туралы әңгімелейтін «Қазбат» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы» 1992 жылғы 15 мамырдағы мемлекетаралық шартқа сәйкес ел басшылығы Қалайқұм қаласы аумағындағы тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын нығайту үшін Қазақстан Республикасының қосынды батальонының құрамында ІІМ Ішкі әскерлерінің қосынды ротасын жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Ауысымды кесте бойынша осы кезең ішінде Ішкі әскерлер жедел құрамының бөлімшелерінен 20 қосынды рота жасақталды. 1995 жылғы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында Ішкі әскерлер моджахедтермен ұрыста 17 жауынгерінен айырылды. Боздақтар Отанның және ТМД елдерінің мүддесін қорғау жолында опат болды.

Деректі фильмнің авторы қоюшы режиссер Рустам Одинаев. «Қазбат» фильмі ұрысқа тікелей қатысқан жауынгерлердің және әр жылдары тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен әскери қызметшілердің естеліктері бойынша шынайы оқиғалардың негізінде жасалған.

Фильмнің таныстырылымы Жеңіс күні қарсаңында өтті, оның негізгі мақсаты - жастарға отансүйгіштік тәрбие беру. Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

2 жыл бұрын (2009) елордадағы Көктал тұрғын кентіндегі саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылуы болды. Ескі ескерткішке қашап жазылған С.М.Киров кеңшарынан майданға аттанып, қаза тапқан 74 жауынгердің есімі жаңа тақтаға толығымен көшірілді.

2 жыл бұрын (2009) «Жазушы» баспасынан Қазақстанның алғашқы мұнайшысы, мұнай-газ өндірісі реформаторының 100-жылдық мерейтойына арналған «Сафи Өтебаев» атты кітабы жарық көрді. Авторы - танымал журналист Нұрлыбек Сафин, Бақытжан Жұмалиева орыс тіліне тәржімалаған.

Сафи Өтебаев (1909-2007) - Қазақ ССР-нің ғылым мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ақтау, Атырау қалаларының және Атырау облысындағы Жылысой ауданының құрметті азаматы. Елімізде Кеңқияқ, Күлсары, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да маңызды мұнай орындарының ашылуы және оның өндірісі Сафи Өтебаевтың атымен тығыз байланысты. Ленин, «Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Отан», 2-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медалдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Сафи Өтебаев» кітабы «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясынан басып шығарылған.

2 жыл бұрын (2009) Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Жарлығымен еліміздің М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Толоконников Достық орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының азаматы, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Алексеевич Толоконниковтің театр және кинематография өнерін дамытуға, Қазақстан Республикасында орыс мәдениеті мен орыс тілін таратуға қосқан зор үлесі атап көрсетілген.

1 жыл бұрын (2010) Атырауда Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловқа ескерткіш орнатылды.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі Қайырғали Смағұлов атындағы бульварда өтті. Қ.Смағұлов соғысқа бастан аяқ қатысқан, Алтын жұлдыздан басқа көптеген наградалар мен медальдарға ие болған. Соғыстан кейін көп жылдар білім беру саласында қызмет еткен. Оның есімі Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» кітабынан кейін кеңінен танылды, ол жерде Қайырғали Смағұлов бас кейіпкер болып бейнеленген.

Кеңес Одағының Батыры атағына атыраулық 9 ардагер ие болған, оның төртеуі Даңқ орденінің толық иегерлері.

1 жыл бұрын (2010) Атырауда Жеңіс күні қарсаңында «1945-2010...тарихтағы есімдер» атты кітап жарық көрді.

Кітапты Атырау облыстық мұрағатының қызметкерлері дайындаған. Кітап мұрағат қорында сақталған деректерден тұрады. Кітапта майдангерлер туралы естеліктер мен олардың әңгімелері, аурухана жұмыстары туралы тарихи құжаттар, майданнан келген жауынгерлер хаттарының көшірмелері басылған.

«1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысының маңызды даталары» атты бөлімінде көптеген ақпараттық материалдар басылған.

125 жыл бұрын (1886) тегі Атланталық дәрігер Пемпертон мыс тегенеге тәтті әрі қою және кәдімгі шәрбатқа ұқсамайтын жаңа өнім қайнатқан еді. Бұл қазіргі «Кока-кола» сусынының рецепті болатын. Ол өзі өндірген осы ғажайып эликсир бас ауруына және де басқа да сырқат түрлеріне дәру болады деп ойлаған. Кейінірек осы жаңа өнімге газдалған су қосқан. 2000 жылы неміс Удо Поллмер мен Сюзанна Вармут, бүгінгі таңда дүниежүзіне танымал болған осы сусынның рецептін тапты. Шырынның 99,5 пайызын көмір қышқылды газды су, ал қалған 0,5 пайызын кола жапырағы, ваниль, кофеин және какао концентраты, шамалы лимон шырыны, мандарин қабығының тұнбасы, тропикалық май тамшысы мен мимоза ағашы тамырының сіріндісі (экстракт) құрайды.

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1916-1973) Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері КӨБІКОВ Хамит Қожабергенұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында (қазіргі Жаркент қаласы) туған. Педагогикалық курс бітіргеннен кейін Панфилов ауданы ұжымшарында ұстаздық еткен. 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол 1945 жылы қаңтардың 23-і күні Одер өзенін кесіп өтіп, жаудың минометтік батареясын, БТР-ін және бір взвод солдатының көзін жойып, атқыштар бөлімшесінің өзеннен еркін өтуіне жол ашқан. 1946 жылы әскер қатарынан босанып, Қазақстан КП ОК-і жанындағы партия мектебін бітірген. Өмірінің соңына дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған.

Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Қазақстан Еңбек конфедерациясының президенті ӘБДІРАХМАНОВ Серік дүниеге келді.

Алматы облысының Кеген ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1973-1981 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алматы қалалық және облыстық комитеттерінде түрлі қызметтер атқарған. 1981-1987 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-інің бірінші хатшысы. 1987-1990 жылдары - Алматы үй құрылысы комбинатының бас құрылысшысы. 1990-1991 жылдары - Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1992-1994 және 1995-1999 жылдары - «Елім-Ай» халықаралық экологиялық қорының президенті, «Қазақстан халықтық бірлігі одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Экономикалық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, «Парасат» депутаттық тобының жетекшісі. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі, «Парасат» депутаттық тобының жетекшісі. 2007-2011 жылдары - «За правовой Казахстан» республикалық азаматтық қозғалысы төрағасының орынбасары, «Әділет» демократиялық партия төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір шығармашылық жұмыспен айналысады.

«Парасат», Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1971) Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары СКЛЯР Роман Васильевич дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Мәскеу қаласының заманауи бизнес институтын және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. 1989-1990 жылдары - «Экибастузуглеавтоматика» құрастыру-баптау басқармасында «Казпромтехмонтаж» өндірістік-құрастыру басқармасы слесарь-құрастырушы болып, Екібастұз кеніш құрылысы басқармасының құрастырушысы болып еңбек етті. 1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі Комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасы бөлімінің бастығы. 2003-2005 жылдары - Павлодар қаласының мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы, Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы. 2005-2006 жылдары - әкім аппаратының басшысы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары - Астана қаласы әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту меңгерушісі. 2007-2008 жылдары - Астана қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары - Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қазанынан бастап істейді.

Соңғы жаңалықтар