09:23, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚазАқпарат-Анонс: ақпанның 3-і мен 8-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
None

ЕЛБАСЫАқпанның 3-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Берлинде Қазақстанның Германиядағы жылы ашылады. Бұл күні Берлиндегі Үлкен концерт залында Елбасының қатысуымен Қазақстанның Германиядағы жылы салтанатты түрде ашылып, еліміздің өнер шеберлерінің концерті өтеді.МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ
Ақпанның 2-сі мен 6-сы аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Құрама Штаттарға сапар жасайды. Вашингтонда Қ.Саудабаев АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің өкілдерімен, жетекші парламентшілермен, оның ішінде сенатор Ричард Лугармен және АҚШ-тың Хельсинки комиссиясының төрағасы Элси Хастингспен, сондай-ақ американдық сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр.ҮКІМЕТАқпанның 3-інде Білім және ғылым министрлігінде ЮНЕСКО-ның әлемдегі білім саласының жағдайына қатысты 7-ші баяндамасына арналған брифинг өтеді. ПАРЛАМЕНТ
Ақпанның 3-інде Парламент Мәжілісінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің отырысы өтеді. Ақпанның 3-інде Парламент Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің кеңейтілген мәжілісі өтеді. Ақпанның 3-інде Парламент Сенатының пленарлық отырысы өтеді.Ақпанның 3-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссиясының төрағасы Сағынбек Тұрсынов Нидерланды Корольдігінің Адам құқықтары жөніндегі елшісі Арьян Хамбургермен кездеседі. Кездесуде сұхбаттасушылар адам құқықтары, көші-қон мәселелері туралы ойларын ортаға салады, аталған мәселелерді заңмен реттеу жөніндегі пікірлер айтылады деп күтілуде.Ақпанның 4-і мен 5-і аралығында Қазақстанға Ауғанстан Ислам Республикасының Индустрия және сауда министрінің міндетін атқарушы Вахидулла Шахрани бастаған делегация сапармен келеді.ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
Ақпанның 3-інде Берлинде өтетін Қазақстан-герман бизнес-форумына Жетекші отандық компаниялар мен ұйымдар қатысады. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ГФР-ға жасайтын ресми сапары және Қазақстанның Германиядағы жылының салтанатты ашылуы аясында жоспарланған. Бұған дейін хабарланғанындай, Мемлекет басшысының сапары ақпанның 2-сі мен 5-і аралығында өтеді.Ақпанның 4-інде Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы, сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді.ҚОҒАМ2009 жылғы ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағы өткізіледі. 2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне енді. СПОРТ
Ақпанның 1-8-і күндері Қостанайда бокстан Қазақстан чемпионаты өтуде.
Оған ұлттық құраманың барлық үздіктері қатысады. Қазақстан чемпионатында үздік шыққандар маусым айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына және тамыздың аяғында Италияда болатын Әлем чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік алады. Жалпы жыл сайын әр қалада өтіп келе жатқан дәстүрлі бұл байрақты бәсеке былтыр Таразда ұйымдастырылған болатын.АСТАНА
Ақпанның 3-і «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде Астана жастарының «Жас Отан» жастар қанатының активімен кездесуі өтеді. Ақпанның 3-інде Астана Ішкі істер департаментінде апталық брифинг өтеді. Ақпанның 3-інде Жас полиция инспекторлары мектебінің ашылу рәсімі болады. Ақпанның 3-інде «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде брифинг өтеді. Ақпанның 3-інде Үндістан Елшісі «Риксос» отелінде Үндістанның Республика күнінің 60 жылдығына орай қабылдау өткізеді.
АЛМАТЫ Ақпанның 3-6-сы аралығында «Біз ? интернационалистерміз» атты халықаралық акция өтеді. Бұл ауқымды шара Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орайластырылып отыр. Халықаралық деңгейдегі басқосуға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкімет басшылары жанындағы Жауынгер-интернационалистер ісі жөніндегі комитет өкілдері, ТМД және Балтық елдерінің ардагер-интернационалистері, сондай-ақ қазақстандық Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері одақтарының мүшелері қатысады.Ақпанның 3-інде Армян үйінде «Қазақстан ? біздің отанымыз» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Ақпанның 3-інде Қазақстан баспасөз клубында «Дағдарыс жағдайындағы шағын бизнес» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Ақпанның 3-інде «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының кеңсесінде Үнді атом компаниясымен жасалған келісімшартқа арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Ақпанның 4-і күні «Су ресурстарын ықпалдаса басқару мәселелерін Қазақстан мен Орталық Азия университеттерінің оқыту бағдарламаларына енгізу» деген тақырыпта семинар өтеді. Семинар «Су ресурстарын ықпалдаса басқару бойынша бастапқы оқу бағдарламалары мен оқу материалдарын жоғарғы оқу орындары үшін факультативті сабақ ретінде әзірлеу» жобасының аясында өтеді. Жоба ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының техникалық қолдауымен жүзеге асуда. Оның мақсаты ? қажетті мамандарды дайындауға жәрдем жасау.АЙМАҚТАРАЛМАТЫ ОБЛЫСЫӘкімдердің жыл сайынғы есеп беру науқаны биыл қаңтардың 28-інде басталып, ақпанның 11-інде аяқталады. Осы екі аптаның ішінде 16 аудан әкімі мен үш қала әкімі былтырғы жыл бойына атқарылған жұмыстары бойынша халық алдында есеп береді. Ал облыс әкімі Серік Үмбетовтың қорытынды есебі ақпанның 11-іне жоспарланып отыр.БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫАудан әкімдерінің есебі қаңтардың 19-ында басталды. Қала әкімінің қорытынды кездесуі қаңтардың 30-ына белгіленсе, облыс басшысы ақпанның 12-сінде өңір тұрғындары алдында есеп береді. ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫҚалалар мен аудандардың басшылары қаңтардың 19-ы мен ақпанның 1-і аралығында халық алдында есеп беру кездесулерін өткізеді. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кездесуі ақпанның 6-сында халық өкілдерінің қатысуымен өтетін облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында өтеді.ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫОблыстың барлық өңірлерінде қаңтардың 12-сінен бастап барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиналыстары басталады. Бірінші кезекте жыл бойына атқарған жұмыстары бойынша селолық және кент округтерінің 255 әкімі есеп береді. Олар барлығы 680 кездесу өткізеді деп күтілуде. Аудандық маңыздағы алты қаланың әкімі өз өңірлерінің тұрғындарымен 22 кездесу өткізеді. Ал қалалар мен аудандардың 19 әкімі өз есеп беру науқандарын қаңтардың 16-сында бастайды.
--------------------------------------------------------------------------------------------------
АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАРАҚПАННЫҢ 3-І, СЕЙСЕНБІЖапониядағы шамдар мерекесі ? Мандоро. Бұл күні Касуга (Жапонияның бұрынғы астанасы Нара қаласы) храмында шамдар жағылады. Мереке көктемді қарсы алуға арналған. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР85 жыл бұрын (1924) «Тілші» газетінде қайраткер-журналшы Абдолла Розыбақиевтің «Облыстық партия конференциясына» атты мақаласы жарияланды. Онда Жетісу жері экономикасының көтерілуі өзара және орталықпен темір жол қатынасын орнатып, Қытаймен сауда байланысын жасауға, мал шаруашылығы мен диқаншылықты жолға қоюға байланысты екендігін ескертті.84 жыл бұрын (1925) «Жас қайрат» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда Орынборда, кейін Қызылордада шыққан басылымның таралымы 2000 дананы құраған. «Соңғы жетінің ішінде» айдарында шет елдердегі, Кеңес одағындағы жаңалықтармен таныстырса, «Қазақстан жастары» бөлімінде жергілікті ұйым өмірін, жеке жастардың талап-тілектерін жариялап тұрған. «Тәні саудың ? жаны сау» айдарымен дәрігерлік кеңестер, спорт жөніндегі материалдар беріп отырған. Қаржы тапшылығына байланысты басылым 1926 жылы қазанның 30-ында 57-ші саны жарық көргеннен кейін тоқтаған.17 жыл бұрын (1992) Алматы қаласында АҚШ елшілігі ашылды.55 жыл бұрын (1954) Австралия бірнеше ғасырлар бойы Британияның отары болғанымен, тұманды Альбион монархы королева II Елизавета алғаш рет Австралия жеріне ат басын тіреді. 35 жыл бұрын (1969) әскерилендірілген Фатах ұйымының негізін қалаушы әрі басшысы Ясир Арафат Палестинаны азат ету ұйымының көшбасшысы болып сайланды.ЕСІМДЕР75 жыл бұрын (1934-2004) экономика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Жамбыл облысының құрметті азаматы ТҰРЫСОВ Қаратай Тұрысұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу геология-барлау институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 1974-1978 жылдары ? Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы. 1980-1981 жылдары ? Қазақ КСР Өнеркәсіпте жұмыс істеудің қауіпсіздігін бақылау мен кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1981-1984 жылдары ? Қазақ КСР Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы. 1984-1986 жылдары ? Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары ? Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы, Қазақ КСР Премьер-Министрінің орынбасары. 1991-1993 жылдары ? Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі. 1993-1994 жылдары ? Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. 1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы болған. Экономика мәселелеріне арналған бірнеше кітаптың авторы.
2-ші дәрежелі «Барыс» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.55 жыл бұрын (1954) эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі ЕСҚАЛИЕВА Нағима Қабылқызы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын, Алматы музыкалық училищесін бітірген. 1977-1985 жылдары «Қазақконцерт» жанындағы музыкалық ансамбльдер бірлестігінің, «Гүлдер» ансамблінің әншісі болған. 1985 жылдан Алматы облыстық филармониясы эстрадалық труппасының жетекшісі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқытушылықпен айналысады. Гастрольдік сапармен ТМД елдерінің көптеген қалаларында, шет елдерде Германия, Моңғолия, Дания, т.б. болды. Ол Халықаралық эстрада әншілерінің «Алтын Орфей» байқауының, Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты атанған.50 жыл бұрын (1959) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты СӘТТІБАЙҰЛЫ Көсемәлі дүниеге келді.
Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қаламгердің «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар», «Шаншу, көк шелек, мен және Асқар ақын», «Шеткері үйдің жарығы», «Елгезек Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде» және «Тараздан тәбәрік» атты кітаптары жарық көрген. «Бастау», «Қазақ палуандары» атты ұжымдық жинақтарға хикаялары мен эсселері енген.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 4-І, СӘРСЕНБІ Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының (бұрынғы Цейлон) Ұлттық мерекесі ? Тәуелсіздік күні. Ел 1948 жылы доминион құқында Ұлыбританиядан тәуелсіздік алды. Мемлекет Оңтүстік Азияда орналасқан. Әкімшілік астанасы ? Джаяварданапура қаласы, нақты астанасы ? Коломбо қаласы. Мемлекеттік тілі ? сингаль, тамиль тілдері.
Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 15-інде орнатылды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР155 жыл бұрын (1854) Верный бекінісінің негізі қаланды. 1867 жылы бекініс қала мәртебесін иеленді. 1921 жылы қаланың аты Алматы деп өзгертілді. 1929 жылдан бастап бұл қала Қазақстанның астанасы болды. Верныйда 1897 жылы алғаш жүргізілген халық санағы бойынша 22,7 мың адам тұратын болса, 1978 жылы 910 мыңға жеткен. Ал 1982 жылы Алматы қаласы КСРО бойынша тұрғындар саны 1 миллионға жеткен 22-ші қала ретінде тіркелді. 37 жыл бұрын (1972) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Жарлығымен Арқалық қаласында Торғай облыстық тарихи-аймақтық мұражайы ашылды. Мұражайда 40 мыңнан бастам экспонат бар.17 жыл бұрын (1992) Францияның Тур қаласында өткен халықаралық кинофестивальда режиссер Ермек Шынарбаевтың «Кек» фильмі бірінші орынға иеленсе, Сергей Әзімовтің «Өлі теңіз хроникасы» атты фильмі екінші жүлдеге ие болды.17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттама қабылданды.16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Мальта Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.ЕСІМДЕР110 жыл бұрын (1899-1950) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЦЕЛИЩЕВ Аркадий Андреевич дүниеге келді.
Сібір мал дәрігерлік институтын, Омбы және Ленинградтағы мал дәрігерлері білімін жетілдіру институтын бітірген. Қазақ КСР Егіншілік халкомында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында қызмет еткен. Ол Қазақстан гемоспоридиоздарын зерттеп, олардан арылу және қарапайым жәндіктерді тасымалдайтын кенелерді жою шараларын ұсынды.100 жыл бұрын (1909-1998) ақын, драматург, әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ТӘЖІБАЕВ Әбділда дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1932-1948 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», республикалық «Жас алаш» газеттерінде редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, төрағасы, Қазақстан ҒА Тіл және әдебиет институты Жамбыл бөлімінің меңгерушісі болды. 1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысты. 1959-1984 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ә.Тәжібаевтың «Жүректілер» пьесалар жинағы, «Халқым туралы аңыз», «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез» атты драмалық дастандары, «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен жігіт», «Монологтар» атты драмалық шығармалары жарық көрген. «Дубай Шубаевич», «Той боларда» атты комедиялары бар. Ол әдебиеттану саласында да өнімді еңбек етті. Оның «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты зерттеуінде қазақ драматургиясының күрделі мәселелері жан-жақты қарастырылған. Ақынның «Жылдар, ойлар», «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» деген сын, эссе, проза кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты жайлар жөнінде толымды пікірлер айтылады. 1954 жылы Ә.Тәжібаевтың сценарийі бойынша «Жамбыл» фильмі түсірілді.
«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.80 жыл бұрын (1929) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының құрметті директоры, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖҰБАНОВ Болат Ахметұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. Мәскеу химия-технология институтын және аспирантурасын бітірген. КСРО ҒА Элементорганикалық қосылыстар институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақстан ҒА Химия ғылымдары институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, директоры, Қазақстан ҒА Химия-технология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақ мемлекеттік университеті жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының ұйымдастырушысы және меңгерушісі әрі профессоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері макромолекула түзілу процесін зерттеуге, жаңа мономерлерді, жылуға және отқа төзімді, медицинада қолданылатын полимерлерді, композициялық материалдарды алуға арналған. Поликонденсациялық процестердің теориясы мен практикасын дамытуға үлкен үлес қосты. «Ассоциативті поликонденсация» деп аталатын полимер түзілудің жаңа процесінің негізгі принциптерін жасады. Бұл принциптер көп функционалды мономерлерді қолдану арқылы полимерлерді синтездеудің жаңа әдісін жасауға мүмкіндік туғызды. Б.Жұбанов полимерлер алуға мүмкіндік беретін поликонденсациялық процестер катализінің ғылыми негіздерін жасады. Жаңа дәрілік препараттар - анальгетиктер, анестетиктер, туберкулез бен қатерлі ісікке қарсы және кардиотропты заттар алды. Ғалымның 700-ден астам ғылыми мақаласы, 7 монографиясы, 120-дан астам авторлық куәлігі мен патенті бар.
«Қазан төңкерісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 5-І, БЕЙСЕНБІМексиканың мемлекеттік мерекесі ? Конституция күні. Мексика Құрама Штаттары Солтүстік Американың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде АҚШ-пен, оңтүстік-шығысында Гватемала және Белизбен шектеседі. Батысы мен оңтүстігі Тынық мұхитының, шығысы Атлант мұхитының жағалауларын алып жатыр. Астанасы ? Мехико қаласы. Ресми тілі ? испан тілі. Ақша бірлігі ? песо. 1917 жылғы ақпанның 5-інде қабылданған Конституция бойынша мемлекет басшысы ? президент. Президентті халық 6 жыл мерзімге сайлайды. Жоғары заң шығарушы органы Сенат (6 жыл мерзімге сайланады) пен Депутаттар палатасынан (3 жыл мерзімге сайланады) құралатын Ұлттық конгресс. Жоғары атқарушы органы ? Министрлер Кабинеті. Мексика әкімшілігі жағынан 31 штат пен федералдық астаналық округке бөлінеді.
Қазақстан Республикасы мен Мексика Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 13-інде орнатылды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР13 жыл бұрын (1996) Қазақстан телекоммуникациялар консорциумы (КАТЕЛКО) құрылды.8 жыл бұрын (2001) Алматыда «Сөзтаным» журналы жарық көрді.7 жыл бұрын (2002) Pepsi компаниясы Бритни Спирстың қатысуымен құны 9 млн. долларлық әлемдегі ең қымбат жарнама ролигін түсірді.3 жыл бұрын (2006) Ұлыбританияның Мюррейфилд регби клубы стадионында өткен Шотландия мен Франция арасындағы Регби бойынша алты ұлт кубогы ойынында 13525 көрермен Шотландияның ұлттық туын жасады. Аталмыш көріністен қуат алған шотландықтар француздарды 20:16 есебімен ұтып кетті.ЕСІМДЕР60 жыл бұрын (1949) «Алматыкітап» акционерлік қоғамының президенті БАТАЛОВА Элеонора Нығметқызы дүниеге келді.
Қытайдың Құлжа қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1986-1992 жылдары ? «Кітап - поштамен» дүкенінің директоры. 1992-1993 жылдары ? «Алматыкітап» қалалық кеңсесінің бас директоры. 1997-1999 жылдары ? Қазақстан баспагерлері мен кітаптаратушылары қауымдастығының президенті. 1999-2001 жылдары ТМД елдері баспагерлері мен кітаптаратушылары қауымдастығының вице-президенті, ал 2001 жылдан президенті. Қазіргі қызметінде 1993 жылдан бастап істейді.
Медальмен марапатталған.55 жыл бұрын (1954) әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі СӘМЕДИНОВА Бағдат дүниеге келді.
Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Алматыдағы эстрада студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Әнші республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Бішкек қаласында өткен А.Малдыбаев атындағы халықаралық өнер жарысының жеңімпазы атанған. «Сазген» ансамблінің құрамында Италияда өткен фольклорлық фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алған. Сәмединова концерттік бағдарламамен әлемнің көптеген елдерінде болды.
Медальдармен, «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.
АҚПАННЫҢ 6-Ы, ЖҰМАХалықаралық саамдар күні. 1917 жылы Норвегияның Тронхейм қаласында осы күні саамдардың жиналысы өтті. Оның мақсаты барлық солтүстік елдердегі осы халық өкілдерінің басын біріктіру болды.Жаңа Зеландияның Ұлттық мейрамы ? Вайтанга күні. 1840 жылы Вайтанга өзенінде маорий басшысы ел егемендігінің барлық құқықтары мен өкілеттігін ағылшын королевасына беру туралы келісімге қол қойып, Жаңа Зеландия Англияның колониясына айналды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР75 жыл бұрын (1934) Қарағанды қаласының іргесі Қарағанды көмір алабының орталығындағы шахтерлер кенттерінің негізінде қаланды. Тұрғындар санының тез өсуіне байланысты 1934 жылы қалаға, 1936 жылы облыс орталығына айналды. Жерінде қараған бұтасы көп өсетіндіктен қала Қарағанды деп аталған. 1833 жылы Аппақ Байжанов осы жерден тас көмір тауып, Қарағанды өңірін орыстың кен кәсіпкері Н.Ушаковқа 250 сомға сатып жіберді. Бүгінгі таңда Қарағанды ғылым, білім, мәдениет орталығы. Қалада ҚР ҰҒА-ның Орталық Қазақстан бөлімшесі орналасқан. Сондай-ақ бірнеше жоғары оқу орындары, кәсіптік-техникалық мектептер, ауруханалар, кітапханалар, мұражайлар, театрлар, филармония, цирк, стадион және екі саябақ бар.6 жыл бұрын (2003) Лондонда Қазақстан кинематографиясына арналған фестиваль ашылды.ЕСІМДЕР105 жыл бұрын (1904-1983) актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі ОРЕЛ Евгений Ефимович дүниеге келді.
Тбилиси қаласында туған. Тбилиси қаласындағы актриса Е.Сатина жетекшілік еткен театр студиясында оқыған. 40-шы жылдары Қазақстанға келіп, 1942-1955 жылдары Семей орыс драма театрында, Ақмола (қазіргі Астана) облыстық орыс драма театрында бас режиссер қызметін атқарды. Орел негізінен орыс драматургиясының туындыларын, сонымен қатар қазақ жазушысы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын да сахналады. Ол облыстық радио мен телевизия жұмысына белсене ат салысып, бірқатар қызғылықты радиоқойылымдар мен телевизиялық спектакльдер қойды.
АҚПАННЫҢ 7-І, СЕНБІГренада мемлекетінің Ұлттық мерекесі ? Тәуелсіздік күні (1974). Гренада Кіші Антиль аралдар тобына жататын аралдар мен Гренада аралдар тобының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Астанасы ? Сент-Джорджес. Ресми тілі ? ағылшын тілі. Ақша бірлігі ? кариб доллары. 1984 жылы қабылданған конституциясы бойынша Ұлыбритания Королевасы мемлекет басшысы болып саналады. Елді генерал-губернатор басқарады. Заң шығарушы органы ? екі палаталы (сенат және өкілдер) парламент. Атқару билігі Премьер-министр басқарған үкімет қолында.Солтүстік аумақтар күні. Жапониядағы атаулы күндер қатарында бұл күн ерекше орын алады. Өйткені, бұл ел ресейлік Кунашир, Итуруп, Шикотан аралдарын өзіне қайтару туралы мәселені күн тәртібінен түсірген емес.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР18 жыл бұрын (1991) Қазақстанда әйелдерге арналған «Ақ босаға» атты тұңғыш газет жарық көрді. Шығарушысы және редакторы ? Шолпан Ұғыбаева.17 жыл бұрын (1992) Алматыдағы №139 қазақ орта мектебіне мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.3 жыл бұрын (2006) Алматыдағы Ғалымдар үйінде Қазақстан журналистикасы академиясының ұйымдастыруымен «Жұлдыздың жарығы. Отандық журналистиканың таңдаулылары» атты кітаптың таныстырылымы болды. Seimar Social Fund қайырымдылық қорының демеушілігімен жарыққа шыққан бұл анықтамалық жинаққа аталған академияның академик-мүшелерінің, қоғам қайраткерлерінің, белгілі журналистердің қызметі туралы көркем-публицистикалық шығармалар мен жалпы ТМД аумағында әлі пайда бола қоймаған «Алтын Жұлдыз» және «Алтын Самұрық» секілді ең жоғарғы жалпыұлттық журналистика сыйлығының шығу тарихы мен оны жүлдегерлерге тағайындау тәртібі жайында мағлұматтар енгізілген.95 жыл бұрын (1914) АҚШ-та Kid Auto Races in Venice фильмі экранға шықты. Онда алғаш рет Чарли Чаплин бәріміздің сүйікті кейіпкерімізге айналған шолақ мұртты, қалталанған шалбар киіп, таяқ ұстаған қайыршы кейпінде ойнады.45 жыл бұрын (1964) Beatles тобы Американың теледидарынан тұңғыш рет шықты. 728 орындық студияда өтетін хабарға қатысу үшін 50 мың көрермен тілек білдірген. Студиядан тікелей берілген концертті 73,7 миллион адам тамашалаған. 25 жыл бұрын (1984) «Челенджер» ғарыш кемесінің ғарышкері Брюс Маккендлес ашық ғарыш кеңістігіне қауіпсіздік арқанынсыз шықты. ЕСІМДЕР60 жыл бұрын (1949) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері ҚАЗАҚБАЕВА Гүлжамал Мұқажанқызы дүниеге келді.
Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Өнер жолын Шымкент облыстық қазақ драма театрынан бастады. 1978 жылдан Қазақ жастар мен балалар театрында актриса болды. Ол осы театр сахнасында Баян, Ақтоқты (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері ? Ақтоқты»), Алуа, Құртқа, Қарагөз (М.Әуезов «Алуа», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қаралы сұлу»), Алма (Т.Ахтанов «Күшік күйеу»), Офелия, Елена (У.Шекспир «Гамлет», «Дуалы түнгі думан»), Балым, Түйметай (Ш.Мұртаза «Бесеудің хаты», «Сталинге хат»), Кейуана (Иран-Ғайып «Қанына тартқан қыңырлар»), Салиха ана (О.Сүлейменов, Б.Мұқай «Замана қыры»), т.б. рөлдерді орындады.
АҚПАННЫҢ 8-І, ЖЕКСЕНБІРесей ғылымының күні. Ресей Федерациясы Президентінің 1999 жылғы маусымның 7-індегі жарлығымен белгіленген. 284 жыл бұрын (1724) Петр I жобасымен және Сенат Жарлығымен Санкт-Петерборда Ғылым академиясының негізі қаланды. Ол Ресейдің алғашқы мемлекеттік ғылыми мекемесі болды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР85 жыл бұрын (1924) «Еңбекшіл қазақ» газетінің төртінші бетінде аптасына бір рет шығатын жастар беті ашылды. «Лениншіл жас» деп аталатын осы беттің редакторы Е.Алдоңғаров болды. 1925 жылдан бастап «Жас қайрат» атты дербес газет болып шықты.3 жыл бұрын (2006) Қазақстанда «Құрметті машина жасаушы» белгісі белгіленіп, ол Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің атынан берілетін болды.85 жыл бұрын (1924) АҚШ-та алғаш рет өлім жазасына кесілген қылмыскерді газ камерасы арқылы жазалау қолға алынды.ЕСІМДЕР175 жыл бұрын (1834-1907) ұлы орыс химигі, Петербург Ғылым академиясының корреспондент мүшесі МЕНДЕЛЕЕВ Дмитрий Иванович дүниеге келді.
Ресейдің Тобыл қаласында туған. Оның ғылыми-зерттеулерінің негізгі бағыты жалпы химия, химиялық технология, физика, экономика, ауыл шаруашылығы, метрология, т.б. салаларға арналған. Ол 1854-1856 жылдары изомерия құбылысын зерттеп, 1859 жылы сұйықтықтың тығыздығын анықтайтын құрал ? ареометр құрастырды. 1861 жылы «Органикалық химия» атты алғаш орыс тіліндегі оқулықты шығарды. 1860 жылы сұйықтардың қайнауының абсолюттік температурасын, 1865-1887 жылдары гидраттық теорияны, 1869 жылы жаратылыстың негізгі заңдарының бірі ? периодтық заңды ашты. Сонымен қатар молекуланың массасын табудың Клапейрон ? Менделеев теңдеулерін шығарды. 1877 жылы мұнайдың ауыр металдар карбидтерінен түзілу гипотезасын, 1880 жылы көмірді жер астында газға айналдыру идеясын ұсынды. Таразылардың физикалық теориясын жасап, дәл шешудің әдістерін ұсынды. Жасанды жолмен алынған радиоактивті химиялық элемент «менделевий» Менделеевтің құрметіне аталды.