ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 16-сы мен 19-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ
Қыркүйектің 15-16-сы күндері Ыстамбұлда Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы мерейтойлық саммиті өтеді. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.
ҮКІМЕТ
Қыркүйектің 15-16-сы күндері ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында белгіленген бұқаралық спортты дамыту басымдығын іске асыру мақсатында «Ауыл спорты: бүгіні мен ертеңі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізеді.
ЕҚЫҰ саммиті мен 7-ші қысқы Азиада ойындары өтетін нысандарда қыркүйектің 16-сында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің тактикалық-арнайы жаттығулары өтеді.
Жаттығу Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың жалпы жетекшілігімен және Құтқару бөлімдерінің «Казқұтқару-2010» 15-ші халықаралық жиын-семинарының аясында бейсенбі күні Астана, Алматы қалаларында және Алматы облыстарында өтеді.
Қыркүйектің 16-сында «RIXOS» қонақ үйінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қатысуымен «Педиатрия және балалар хирургиясының өзекті мәселелері» Түркі Әлемі Педиатрларының X Халықаралық Конгресінің ашылуы өтеді.
Қыркүйектің 16-сында Әділет министрлігінде «Сот-криминалистік зертханалардың құзырлығына қойылатын талаптар» стандарттарына сәйкес зертханаларды аккредитациялау» тақырыбына арналған конференция өтеді.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев қыркүйектің 29-ында Ереван қаласында өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесінің X сессиясының жұмысына қатысады.
ПАРЛАМЕНТ
Қыркүйектің 16-сында Парламент Мәжілісінде Тұрғын үй қатынастары мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымы болады.
СЫРТҚЫ САЯСАТ
Қыркүйектің 9-ы мен 25-і аралығында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының «Бейбіт мақсат-2010» оқулары өтеді. Жетінші рет өткізілейін деп отырған оуларға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстанның 5 мыңнан астам әскери қызметкерлері қатысады.
Қыркүйектің 12-16-сы аралығында Қазақстан делегациясы Канаданың Монреаль қаласында өтетін ХХІ Дүниежүзілік энергетикалық конгреске қатысады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жоғары саяси деңгейде екіжақты консультациялар жүргізу үшін қыркүйектің 13-і мен 17-сі аралығында Вашингтонға сапар жасайды. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы жөніндегі келіссөз үдерісінде маңызды ілгерілеушіліктерге қол жеткізу мақсатында, аталмыш сапардың барысында Ақ үйде, Мемлекеттік департамент пен Конгресте, сондай-ақ АҚШ Сауда өкілі, елші Рон Керкпен кездесулер жоспарланған.
Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.
Қыркүйектің 16-17-сі күндері Венада «ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерде электронды дауыс беруді қолданудың қазіргі жағдайы мен перспективасы» деген тақырыпта семинар өтеді.
ҚОҒАМ
Қыркүйектің 12-16-сы аралығында Канаданың Монреаль қаласында өтетін ХХІ Дүниежүзілік энергетикалық конгреске Қазақстан делегациясы қатысады.
Қыркүйектің 16-сында Ыстамбұлда өтетін Түркі тілдес мемлекеттердің 10-ы саммитінде Мемлекет басшылары Нахчыван келісімін қабылдау мәселесін талқылайды.
Қазақстанның цирк әртістері қыркүйектің 16-сы мен 21-і аралығында Петерборда өтетін «Жаңа туындылар жәрмеңкесі» І Дүниежүзілік цирк режиссурасы фестиваліне қатысады.
Қыркүйектің 17-сінде өтетін ТМД Экономикалық кеңесінің кезекті мәжілісі өтеді.
Қазан айының 29-ы күні Петербордағы Таврия сарайында ТМД Парламентаралық ассамблеясының ұйытқы болуымен «Жолдардағы қауіпсіздік - өмір қауіпсіздігі» атты ІІІ халықаралық конгрес өтеді.
СПОРТ
Қыркүйектің 9-19-ы күндері Барбодостың Бриджтаун қаласында бокстан Әлем чемпионаты өтеді, оған еліміздің бокстан ұлттық құрамасы қатысады.
Үндістанның Калькутта қаласында қыркүйектің 17-20-сы күндері волейболдан Орталық аймақ елдерінің ІІІ Азия чемпионаты өтеді.
Қыркүйектің 17-19-ы күндері Астанада Қазақстан мен Швейцария теннис командаларының арасына «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңінің ойыны өтеді.
Қазақстандық боксшы Михаил Криницын қыркүйектің 18-і күні Ташкентте Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) Азиялық бокс кеңесінің бос тұрған чемпиондық атағы үшін ресейлік Максим Власовпен 12 раундтық жекпе-жек өткізеді.
Қыркүйектің 19-ы мен 25-і аралығында Қытайдың Тайсанг қаласында әйелдер командалары арасында II Азия кубогы үшін жарыс өтеді.
АСТАНА
Қыркүйектің 16-сы күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайының алаңында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың қатысуымен ЕҚЫҰ саммиті мен 2011 жылғы Азиадаға дайындық бойынша арнайы тактикалық оқу-жаттығулар басталады.
Қыркүйектің 16-сында Қазақ гуманитарлық-заң университетінде Қазақстанда алғаш рет басылып шыққан «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколы» оқулығын таныстыру рәсімі өткізіледі. Оқулық авторы Бауыржан Байбек, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары Қауымдастығы Кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті Протоколының бұрынғы бастығы еліміздің Мемлекеттік Протоколының қалыптасуы мен даму тарихы жайлы баяндап береді.
Қыркүйектің 16-сында Ішкі істер департаментінде нашақорларды ерте анықтау жөніндегі әдістемелік жұмыстарды жетілдіру мақсатында мектеп инспекторларына арналған тренинг өтеді.
Қыркүйектің 16-сында «Думан» қонақүйінде «Терапияда жаңа технологиялардың қолданылу тәжірибесі» деген тақырыпта алғашқы корей-қазақстан ғылыми семинары өтеді.
Қыркүйектің 17-19-ы күндері Астанада Қазақстан мен Швейцария теннис командаларының арасына «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңінің ойыны өтеді.
АЛМАТЫ
Қыркүйектің 14-16 күндері Алматыда «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» атты VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді .
Қыркүйектің 16-17-сі күндері Алматыда «Орталық Азиядағы жеңіл және атыс қаруының заңсыз айналымымен күрес» тақырыбында семинар өтеді. Шараны ҚР Қорғаныс министрлігі ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшемі міндеттерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығымен бірлесіп өткізгелі отыр.
Алматыда қыркүйектің 16-17 күндері «Мұнайгаз кешенінің ғылыми-техникалық дамуы» атты VІІІ халықаралық Нәдір Нәдіров ғылыми оқулары өтеді.
Алматыда қыркүйектің 16-сы күні Орталық көрме залында "Крупения шеберханасы" қолданбалы дизайн балалар мектебінің мерейтойлық көрмесі өтеді
Қыркүйектің 18-інде Астанада Қазақстан футбол клубтарының дәрігерлеріне арналған семинар болады. Оны әлемге танымал неміс маманы, доктор Томас Пфайфер өткізеді. Шараны Қазақстан футбол федерациясы мен «Локомотив» футбол клубы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Семинардың басты мақсаты - отандық спорт саласындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру.
Алматыда қыркүйектің 21-25-і күндеріаралығында өтетін VI-шы Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында Француз киносының бірінші фестивалі өтеді.
Қарашаның 20-сы күні Алматыда ІІ қайырымдылық балы өтеді.
АЙМАҚ
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Қыркүйектің 18-інде Оралда дәстүрлі қала күні аталып өтіледі.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 16-Ы, БЕЙСЕНБІ
Халықаралық озон қабатын қорғау күні.
Жыл сайынғы Халықаралық озон қабатын қорғау күнін БҰҰ Бас ассамблеясы 1994 жылғы №A/RES/49/114 арнайы қарарымен жариялаған.
Бұл күн Озон қабатын бұзушы заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына қол қойылуын есте қалдыру үшін белгіленген.
Планетамызды күн радиациясының жойғыш әсерлерінен қорғайтын Жер атмосферасындағы стратосфералық қабаттың төмендей түскеніне тұңғыш рет ғалымдар ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдарының соңында көңіл аударды.
80-жылдары ғалымдар жаңалық ашты: Антарктида аумағында озонның жалпы көлемі 2 есе азайып кеткен. Нақ сол кезде «озон жырығы» атауы пайда болды.
Озонның жұқаруына хлор тотығы әсер етеді. Ал бұл - заводтардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауаға жайылатын қоқыстары. Озон жырықтарының алдын алуға біздің күшіміз жетпейді. Алайда, озонды ең болмаса тұрмыстық деңгейде сақтауға адам күші жетеді-ақ.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Атырауда Мысыр билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 775 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті. Конференцияға араб елдерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар қазақ тіліне аударылған «Әз-Захир Бейбарыс өмірбаяны» атты кітаптың тұсаукесері болып, Атырау облыстық қазақ драма театры жазушы Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» атты пьесасын сахналады. Шежіре бойынша Бейбарыстың атамекені - Каспий теңізінің маңы, бір деректерде - Еділ-Жайық бойы. Кіші жүздегі Байұлының Беріш руынан деген мәлімет бар
5 жыл бұрын (2005) Түркияның Измир қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Измир провинциясының губернаторы Оғыз Қаған Көксал, осы қаладағы құрметті консулдықтардың басшылары, іскер топ өкілдері, қазақ диаспорасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы, академик Ерік Асанбаевтың (1936-2004) тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Ерік Асанбаев 1936 жылдың 10 наурызында Торғай (Қостанай) облысының Байғабыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін және аспирантурасын бітірген. 1958 жылдан бастап Қазақ КСР-нің Қаржы министрлігінде экономист, Жобалау комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған. Көптеген ордендермен және медальдармен марапатталған.
5 жыл бұрын (2005) Алматыдағы Орталық ғылыми кітапханада ақын, жыршы, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы Көсембек Байғұттыұлының (1884-1951) «Заман» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Рәсім аясында автордың жеке мұрағат материалдары қойылған көрме ашылды. «Үш қиян» баспасынан жақында ғана ақын немересі Бақыт Хамзақызының құрастыруымен шыққан туындыға К.Байғұттыұлының заман, өмір ағысы жайлы жырлаған өлеңдері, айтыстары, қоғамның келеңсіз жақтарын сынап жазған мысалдары және шығыстық үлгіде жазылған «Бес сері» дастаны енген.
Халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын ел аузынан жинап насихаттауда көп еңбек сіңірген К.Байғұттыұлының шығармалары қазір Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде сақтаулы. «Қазақтың қарт ақыны Көсембекпін, Сөзге бай, тілге жүйрік, шешен бекпін» деп жырлаған ақын ХХ ғасырдағы қуғын-сүргіннің құрбаны болған.
5 жыл бұрын (2005) Өскеменде қазақстанда құрастырылған «SKODA» автокөлік маркасы сатыла басталды.
5 жыл бұрын (2005) Ақтөбедегі Мұғалімдер үйінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80-жылдық мерейтойына арналған екі томдық фотоальбомның таныстырылымы болды.
2 мың дананы құрайтын екі томдық баспа 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығарылған. Бірінші томда бүгінгі күнге дейін жинақталған мұрағаттан алынған, Молдағұлованың туған-туыстарының, майдандас жолдастарының сөздерінен жиналған барлық материалдар 304 беттік кітапта көрсетілген. Екiншi кiтап Батыр қызға арналған өлеңдер, әндер, дастандар, әңгiмелерден тұратын көркем шығармалардың жинағы болып табылады. Фотоальбомда Әлияның барлық суреттері, туған жері Қобда ауданының және жерленген Псков облысында түсірілген фотосуреттері жинақталған.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Венада Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестікке қосылды.
Оның барысында Қазақстан Қағидалар хаттамасына қол қойды және осынау үдеріске толыққанды мүше атанды.
Жиналғандардың алдында сөйлеген МАГАТЭ Бас директоры Мохаммед Әл-Барадэй, атом энергетикасы дамуының болжануына байланысты осынау бастаманың өзектілігін атап өтті.
Біздің еліміз Атомдық энергетика саласындағы Жаһандық серіктестіктің негізгі қағидаларын бөліседі және өз атомдық энергетикалық технологиясын дамытуды сезімтал технологиялар әзірлемеу міндеттемесін алған мемлекеттерге ядролық отынға кепілдікті және әділ қолжетімділік беру қажеттілігін атап көрсетеді. АҚШ Президенті Дж.Буш 2006 жылы ұсынған Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестік бастамасы әлемдік энергия тұтынымының өсуіне байланысты таза, қауіпсіз және қолжетімді ядролық энергияның келешектегі арту ықтималдығына байланысты халықаралық мәмілеге талдап жасауға бағытталған. Бүгінде Серіктестікке 16 мемлекет, оның ішінде атом энергетикасындағы өз жетістіктерімен көзге түскен және алдыңғы қатарлы технологияларға ие Қытай, Ресей, АҚШ, Франция елдері мүше.
1 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысы мен Чех Республикасының сауда-өнеркәсіптік палаталарының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды.
Қол қойылған келісімшартта Чех Республикасы мен Ақтөбе облысының арасындағы сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту және дамыту, ақпараттық-консультациялық, маркетингілік іс-шараларды дамыту, сондай-ақ оқу ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылып отыр.
ЕСІМДЕР
70 жыл бұрын (1940) қоғам және мемлекет қайраткері ЖҮЙРІКТАЕВА Мәрия Бесбайқызы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1976-1980 және 1989-1991 жылдары - Қаскелең педагогикалық училищесінің директоры. 1980-1981 жылдары - Жамбыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі. 1981-1983 жылдары - Қазақ КСР Кәсіби-техникалық білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1983-1987 жылдары - Қаскелең аудандық партия комитетінің хатшысы. 1987-1989 жылдары - Алматы облысы Мәдениет басқармасының бастығы. 1991-1995 жылдары Қаскелең аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық әкімшілік бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
1995-1999 және 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі болды.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) «Алматықұрылыс» Ұлттық холдингтік компаниясы» ААҚ-тың бірінші вице-президенті, «Алматықұрылыс» Ұлттық холдингтік компаниясы» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі УТИН Мекеш Жұмабекұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы) ауданында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1978-1980 жылдары - «Алматықұрылыс» тресінің экономисі, аға экономисі. 1980-1981 жылдары - «Алматытұрғынүйқұрылыс» тресінің аға экономисі. 1981-1982 жылдары - «Алматыоргтехқұрылыс» тресі жоспарлау бөлімінің бастығы. 1982-1985 жылдары - Қазақ КСР Ауыр индустрия өнеркәсібі құрылысы министрлігінің бөлім бастығы, экономикалық жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары. 1985-1987 жылдары - «Алматыкультбытстрой» тресі басқарушысының орынбасары. 1987-1990 жылдары - «Басалматықұрылыс» бастығының орынбасары. 1991-1993 жылдары - «Алматықұрылыс» концернінің вице-президенті. 1993-2000 жылдары «Алматықұрылыс» ХК-нің вице-президенті қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - «Алматықұрылыс» Ұлттық холдингтік компаниясы» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
«Экономическая эффективность в строительстве и экология: противоречия и поиски решений», «Рынок жилья», «Основные направления развития строительной базы» атты кітаптардың авторы.
«За вклад в развитие качества в Казахстане» алтын медалімен марапатталған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 17-І, ЖҰМА
Америка Құрама Штаттарының Конституция және Азаматығы күні.
2001 жылы АҚШ Президентінің бұйрығымен 17 қыркүйек АҚШ-тың Конституция және Азаматығы күні болып жарияланды.
Украинада құтқарушылар күні.
Украина Президентінің 2008 жылғы 12 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген, жыл сайын қыркүйек айының екінші сенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
290 жыл бұрын (1720) Павлодар қаласының негізі қаланды.
1720 жылы қала кішігірім Коряковский негізінен бастау алады. Қазіргі атауын 1861 жылы ІІ Александрдың жаңа туған ұлының құрметіне алған, сол кезде оған Коряковтың ірі татар, орыс және қазақ кәсіпкерлері кірген көпестер қауымының сұрауы бойынша берілген.
Павлодар қаласы Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, Ертіс өзенінің бойында, Павлодар облысының әкімшілік орталығы. Қаланың құрамына Ленинск кенті, Мойылды, Павлодарлық ауылдары және Кенжекөл ауылдық округы кіреді. Қаланың жалпы ауданы 637,8 мың шаршы метрді құрайды. Қала тұрғындарының саны - 331700 тұрғын (2009).
Павлодарда мұнай өндеуші, химия, алюминь, электролиз, металлургиялық, картон-рубероид, машина жасау және трактор зауыттары жұмыс істейді.
80 жыл бұрын (1930) аудандық газет ретінде «Колхоз жолы» деген атаумен қазіргі «Көкшетау» қалалық газеті шыға бастады. Газет облыстың экономикалық, әлеуметтік саладағы жетістіктерін насихаттағаны үшін үш мәрте Бүкілодақтық шығармашылық байқаудың лауреаты атанған. 1980 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылдың қаңтар айынан бастап «Көкшетау» деген атпен шыға бастады.
6 жыл бұрын (2004) Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джон Ордвэй сенім грамотасын тапсырды.
6 жыл бұрын (2004) Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абдел Маугуд Ахмед Махмуд әл-Хабаши сенім грамотасын тапсырды.
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы «Каспий, «Тобыл» және «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын құру және олардың қызметтерін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
ЕСІМДЕР
130 жыл бұрын (1880-1919) ақын САБАЛҰЛЫ Ақылбек дүниеге келді.
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында туған. Ахмет Риза мектебінде оқып, парсы, араб, түрік тілдерін жетік білген.
Ақындық өнерде Абайды ұстаз тұтқан. Шығыс әдебиетінің қисса-хикаяларын аударып, қазақ жазба әдебиетінің тақырып көлемін кеңейткен, оқиғалы поэма-дастандар жазып байытқан. «Таһир - Зуһра», «Бозжігіт», «Ибраһим», «Хикмет Ниғмет», «Қырық уәзір», «Алтын балық», «Дандан ғашық» қиссалардың, «Мағшұқнаме» - жастық-махаббат жайындағы өлеңдер, «Назым», «Сұм заман», «Ғибратнама», «Сәтбек батыр» атты шығармалардың авторы. Өз қолынан жазған еңбектерінен үш қолжазбасы бар.
Өлең-жырларының негізгі тақырыбы адамгершілік, адалдық, әділеттік, өнер-ғылым мәселелері. Оның кітаптары Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан қалаларының үлкен кітапханаларында сақталған. Бейіті Жалқайың баурайындағы Сарыой деген жерде.
125 жыл бұрын (1885-1948) әзірбайжан композиторы, музыка зерттеушісі, КСРО халық әртісі, Әзірбайжан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, әзірбайжан кәсіби музыкасының негізін салушылардың бірі ГАДЖИБЕКОВ Узеир Абдул Гусейн оғлы дүниеге келді.
Әзірбайжан мемлекеттік консерваториясының профессоры әрі оның директоры болған. 1945 жылдан Әзірбайжан Ғылым Академиясының Өнер институтын басқарған.
Ол тұңғыш әзірбайжан операсындағы «Ләйлі мен Мәжнүннің», «Рүстем мен Зухраб», «Асли мен Керем», «Көроғлы» операларының, «Ері мен зайыбы», «Аршин мал алан» сияқты музыкалық комедиялардың авторы. Композитор өзінің кантаталары, увертюралары арқылы әзірбайжанның симфония музыкасына үлкен үлес қосып, әзірбайжан халық аспаптар оркестрі үшін шығармалар, хорлар, әндер жазды. Сонымен қатар ол әзірбайжан халық әндері жинағының құрастырушысы.
Бірнеше ордендермен марапатталған. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1975 жылы Баку қаласында Гаджибековтің мұражай-үйі ашылды.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 18-І, СЕНБІ
Әзірбайжанның ұлттық музыка күні.
Әзірбайжандағы ұлттық музыка күні жыл сайын 18 қыркүйекте, Әзірбайжанның кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы Узеир Абдул Гусейн оғлы Гаджибековтің туған күнінде атап өтіледі.
Арменияда астрономдардың күні.
Арменияның Халық батыры, армян ғалымы, астрофизика саласының негізін салушы Виктор Амбарцумянның туған күнінде жыл сайын аталып өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) «Қазақстан Петролеум» қауымдастығы «Мұнай және газ геологиясы туралы ағылшын, қазақ, орыс тілдеріндегі» терминологиялық сөздігін шығарды.
Сөздікті құрастыруға республикаға белгілі, мұнай және газ өндіру саласына қатысты сарапшылар қатысқан. 3 мың данада шыққан терминологиялық сөздік барлық мұнай компаниясының қызметкерлеріне тегін таратылып берілген.
5 жыл бұрын (2005) Астанада АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (ЮСАИД), «ЭксонМобил» компаниясының және Қазақстандық несиелендіру орталығының қолдауымен Кәсіпкерлікті дамыту орталығы ашылды.
ЮСАИД-тың кәсіпкерлікті дамыту жобасының шеңберінде Орталық стратегиялық консалтинг бойынша қызмет көрсетеді, Астана қаласының кәсіпкерлері арасында нарық заңдарына негізделген қағидаларды жақсартуға бағытталған қаржы менеджменті, маркетинг және кадрларды басқару бойынша тренингтер өткізіледі.
3 жыл бұрын (2007) Ақмола облысы Бұланды ауданының әкімшілік орталығы Макинск қаласында республикамызда тұңғыш рет минералды мақта жылытқышы бар қабырға материалдарын шығаратын орталық iске қосылды.
Аталмыш материалдар үлкен сұранысқа ие, олар әсіресе ірі құрылыс нышандарына қажет материалдарды «NOVA KSi» ЖШС өндіреді. Шикізат Теміртау қаласындағы «Миттал Стил» корпорациясынан әкелінеді.
1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды.
Заң денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жүйелендіруге, оны халықаралық норма мен стандарттарға үйлестіруге, ұлттық медицинаның мәртебесін, азаматтарға сапалы медициналық көмек және медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға, сапалы дәрігерлік құралдармен, медициналық бұйымдармен және медициналық техникамен қамтамасыз етуге бағытталған.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Өркениеттің болашағы және өркениеттік серіктестіктің стратегиясы» атты ІІІ Өркениет форумында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Стратегия радикального обновления глобального сообщества и партнерство цивилизаций» атты кітабының таныстырылымы өтті.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1945) Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы, жазушы РАХМАТУЛЛА Жақсылық дүниеге келді.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.
1979 жылдан бастап Қызылорда облысында Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы», облыстық «Ленин жолы», Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, 1998-2008 жылдары Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.
Әдеби дүниелері 1984 жылдан бастап республикалық баспасөздерде жарияланып келеді. Оның «Қолшатыр», «Шырағың сөнбесін», тағы басқа кітаптары жарық көрді. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1955) ғалым, өнертанушы, этнограф, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі ҚОҢЫРАТБАЙ Тынысбек Әуелбекұлы дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Қызылорда педагогикалық институтын (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті), Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, «Өнер» баспасының редакторы, «Кітап жаршысы» газетінің редакторы, Қазақ педагогикалық институты қазақ музыкасы кафедрасының меңгерушісі, «Музыка әлемінде», «Қазақ және әлем әдебиеті» журналдарының бас редакторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры.
Қазақ музыкасының ежелгі дәуірін тұңғыш зерттеушілердің бірі. Еңбектерінде қазақ эпосы мен этнографиялық тарихын ұштастыра қарастырады.
«Қорқыт ата» атты симфониялық поэма, «Дала суреттері», т.б. соната, музыкалық пьеса, әндер жазған. Қазақ ауыз әдебиеті, әдебиет тарихының мәселелері мен күйшілік, әншілік дәстүрге арналған бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектердің, көптеген ғылыми мақалалардың авторы.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 19-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Қазақстан Республикасы халқы тілдерінің күні.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.
Қазақстанда жүзден аса ұлт және ұлыс өкілдері тұрады. Әр тілдің өзіндік тарихы, басқа да тілдердің тағдырымен байланысты өз тағдыры бар. Тіл арқылы адамдар бір-бірін тауып, рухани мәдениетті, салт-дәстүрді түсінуге үйренеді.
«Смайлдың» туған күні.
1982 жылы 19 қыркүйекте Карнеги - Меллон университетінің профессоры Скотт Фальман (Scott E. Fahlman) компьютерде терілетін мәтінге «күлімсіреп тұрған бет-әлпетті» көрсету үш қос нүкте, дефис және жабылатын жақшадан тұратын қатар келген үш символды пайдалануды ұсынды.
Алғаш рет смайликті пайдаланған хабарлама 2002 жылы пленкада сақталған хабарландырулар тақтасының мұрағатынан табылды.
25 жыл ішінде смайлик электрондық қарым-қатынастың айнымас белгісі болып қалды. Ол чат немесе электрондық поштамен қарым-қатынас жасауда дауыс интонациясы мен ым-ишараның жетіспей тұрғанын түсінді. Смайликтер әңгімелесушіні дұрыс түсінуге, оның көңіл-күйін байқауға көмектеседі, олар өте қызық және жағымды эмоция тудырады.
ОҚИҒАЛАР
55 жыл бұрын (1955) Оралда «Уралагрореммаш» зауытының негізі қаланды.
Зауыт орманды қорғау станциясының орына салынды. Кәсіпорын тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде іске қосылып, ауыл шаруашылық техникасын жөндеу саласында мамандандырылды. Сол жылдары кәсіпорын өзінің саласы бойынша республикамыздағы және Одақтағы зауыттар арасында алдыңғы қатарларға шықты. Кәсіпорын Қазақстандағы зауыттар арасында бірінші болып Ленин және Қазан көтерілісі ордендерімен марапатталды. Қазіргі уақытта «Уралагрореммаш» АҚ ауыл шаруашылық және өртке қарсы техникаларын шығарады, соның ішінде ЖВП-9 жаток маркасы мен зиянды жәндіктерді жою жұмыстарына арналған бүріккіштер бар. Кәсіпорның қуаттылығы жылдан-жылға өсіп келе жатыр, біздің республикамызда және шетелде сұраныстағы жаңа өнімдердің түрлері шығарылып жатыр. Кәсіпорында металл және темірбетон құрастырмаларын тоттан қорғайтын ыстық мырыш желісі іске қосылған. Осындай өңдеуден өткен металдар өзінің алғашқы кейпін жағымсыз экологиялық ортада 20 жылдан 60 жылға дейін сақтайды. Акционерлік қоғамның жанынан шығарылған өнімдерге қызмет көрсету мақсатымен «Казагросервис-Урал» МТС құрылған. Сонымен қатар, кішігірім трансформаторлық станцияларын құрастыратын «Казэлектрощит» ЖШС-ы «Уралагрореммаш» АҚ-ы құрылтайшысы болып табылады. Осы акционерлік қоғамның және ресейлік «Ростсельмаш» АҚ-ның негізінде «Нива-Эффект» комбайн маркаларын құрастыратын Біріккен кәсіпорын құрылған және сол техникаға қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді.
15 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шекарасында кедендік бақылауды жою туралы» Жарлығы шықты.
9 жыл бұрын (2001) Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ларри Нэппермен кездесті. Елші Елбасына сенім грамотасын табыс етіп, Н.Ә.Назарбаевқа, Қазақстан халқына және Үкіметіне өз елдерінде орын алған қайғылы күндерде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Осы күні, Н.Ә.Назарбаевқа ГФР-дің Қазақстандағы елшісі Андреас Кертинг сенім грамотасын табыс етті. Кездесу барысында қазан айына жоспарланған Елбасының ГФР-ға ресми сапары, еліміздің экономикасына неміс инвестициясын тарту және экономикалық-сауда қарым-қатынасын бекіту мәселелері талқыланды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда жаңа ақпараттық-консультациялық «Жасыл телефон» қызметі жұмыс істей бастады.
Ұйымдастырушысы және бастаушысы - ЭкоФорум ресурстық орталығы.
«Жасыл телефон» алматылықтарды табиғатты әр түрлі ластануларда және зиян келтірілген жағдайларда көмектеседі, әсіресе ағаштарды шабу, көзделмеген жердегі қоқыстар пайда болған кезде. Алматы қаласының әрбір тұрғынының таза қоршаған ортада өмір сүру құқығы бұзылған жағдайда орталыққа хабарласып тегін кеңес алады. «Жасыл телефон» операторларына түскен қоңыраулардың негізінде экологиялық тәртіпті қамтамасыз ететін қызметтерге ресми сұраныстар жіберіледі және хабарласқан азаматтарға пайда болған жағдайда қандай шара қолданылғаны туралы ақпарат беріледі.
«Жасыл телефон» орталығы Қазақстанның бес аймағында жұмыс істейді, ол аймақтың экологиялық жағдайын қадағалап жүйелі негізде нақты мәлімет жинайды және жергілікті басқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғауға қолданылып жатқан шаралары туралы азаматтарға ақпарат таратады.
5 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңа жол ауылында қазақтың халық батыры, дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш орнатылды.
Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген.
Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн-туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры» атағы берілген.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының интернеттегі сайтының таныстырылымы болды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамы 1989 жылы құрылған. Сайтқа www.kaztil.kz адресі бойынша шығуға болады.
Интернеттегі сайты «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі жасап шыққан, онда «Алаш мұрасы», «Сөз төркіні», «Іс қағаздары», «Тілдік ахуал» мен «Сөздіктер» деп аталатын айдарлар бар.
3 жыл бұрын (2007) Социалистік Еңбек Ері Қарасай Сариевтің (1907-1982) 100 жылдығына орай Оралдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Бөкей Ордасы ауданы Бисен ауылында дүниеге келген Қарасай Сариев 1927 жылы Астрахан қаласында балық дайындау мекемесінде жұмыс жасады. Содан кейін елге оралып, ауыл шаруашылығы артелінде, Бисен ауылдық кеңесінде, «Алғашық» ұжымшарында еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы шаруашылық басқарған Қ.Сариевке 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1905-1983) ақын ТОҚМАҒАМБЕТОВ Асқар дүниеге келді.
Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент политехникумында, Мәскеу Баспа институтын бітірген.
«Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған.
1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары сан рет жеке кітап болып басылып шықты. Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті. «Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан революциясының қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар-көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды.
Октябрь Революциясы, 1-дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
50 жыл бұрын (1960) «БТА Банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты САЙДЕНОВ Әнуар Ғалимоллаұлы дүниеге келді.
Мәскеу қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, аспирантурасын және Лондон университетін бітірген.
1994-1996 жылдары - Еуропалық қайта құру және даму банкінің консультанты, банкирі. 1996-1998 жылдары - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары - ҚР Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитетінің атқарушы директоры, ҚР Инвестиция жөніндегі агенттігінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - ҚР қаржы вице-президенті. 2000-2001 жылдары - «Қазақстан Эксимбанкі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2000-2004 жылдары - «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы. «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ Директорлар кеңесі төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы, 2004-2009 жылдары ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. 2009 жылдан «БТА Банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі, 17 ақпаннан «БТА Банк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы болып тағайындалған.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталаған.